Күрес түрлерінен Қазақстан құрамасы Париж Олим­пиа­дасына 7 жолдама жеңіп алды. Жазғы ойындарда ер­кін күрес шеберлері үш, грек-рим күресінің өкілдері төрт салмақта белдеседі.
Иең қайда, боз кілем?!
1,506
оқылды

Ал әйелдер күресінің өкіл­дері тарихта алғаш рет төртжылдық додасынан тыс қалып отыр. Қайрат Сағадиев жаттықтыратын бұрымды балуандар Олимпиадаға жолдама беретін үш лицензиялық жарыста да сәтсіздікке ұшырады. Күрес түрлері қанымызға жақын болғанымен, соңғы нәтижелерге қарап балуан ел емесімізді байқауға болады. Алдағы Париж кілемінен не күтеміз?

Қашанғы тарихпен мақтанамыз?

Қазақ балуандары күрестен әлем чемпионаттары мен Олим­­­­­пиада ойындарында ал­тын­ға сусап жүр. Күрестің қай түрін ал­саңыз да, әлемдік додаларда оза шабатын спортшыларымыз көп емес. 

Мәселен, грек-рим күре­сі­нен қазақтан шыққан жал­­ғыз Олимпиада чемпионы – Жақсылық Үшкемпіров. Балуанның 1980 жылғы Мәс­кеу Олимпиадасындағы ер­лігінен соң қазақ жігіттері олимп шыңын бағын­дыра ал­­­мады. 

Кейін, 1996 жылы Юрий Ме­ль­ни­ченко Атланта Олим­пиа­дасында топ жарды. Қазір құра­ма­ның тізгінін ұстаған ол Қырғыз­стан­нан келген легионер болатын. Ме­льниченко біздің елге баяғыда сіңіп кет­се де, оның өмірбаянын өзгерте ал­масымыз анық. 

Классикалық күрестен тәуелсіз Қа­зақстан тарихындағы соңғы әрі жалғыз әлем чемпионы  – Бақтияр Байсейітов. Ол 1998 жылғы әлем чемпионатында топ жарған. Содан бері біздің балуан­дары­мыз (оның ішінде легионерлер де бар) әлемдік жарыстарда бір алтын ме­даль алмаған!

Еркін күрестегі жағдай да осылай-тұ­ғын. Қуанышқа қарай, былтыр Ри­за­бек Айтмұхан әлем чемпионы ата­нып, 24 жыл күткен алтынды қоржынға салды. Бұған дейін еркін күрестен қан­­ша легионер, тіпті құраманы жат­тық­тыруға бес дүркін әлем чемпионы Хад­жимұрат Гацалов келсе де, нәтиже өзгермеген еді. 

Ал Олимпиада ойындарында жер­гілікті спортшылардан Мәулен Ма­мы­ров (1996) мен Ақжүрек Таңатаров (2012) қана жүлде алған. Қалған жүл­де­герлердің барлығы –  Ресейден кел­ген легионерлер. 

Осындай нәтижеге қарап, қазақ­стандық балуандар Парижде алысқа шабады деу қиын. Оның үстіне, Рио Олимпиадасында Туымызды кө­тер­ген қыздар құрамасынан бірде-бір спортшымыз жарысқа қатыспайды. 

«Біз күресуді басқалардан үйрендік»

Әйелдер күресінен Қазақстан ко­ман­дасының Олимпиадаға бірде-бір жол­да­ма алмауының себебі – шетелде өтетін жат­тығу жиындарының аздығы мен бап­керлер біліктілігінің төмендігі. 2016 жыл­ғы әлем чемпионатының қола жүл­де­гері, Азия біріншілігінде алты рет жүл­де алған Айым Әбділдина осындай пікірде. 

«Менің күрестен кеткеніме көп бол­­ды. Қазір мемлекеттік жаттық­тыру­шы  болып қайта оралдым. Қыздары­мыз­дың Париж Олимпиа­дасына қа­тыс­пайтыны жанымызға батады. Бірақ амал жоқ. Қазіргі деңгей – осын­дай. Меніңше, ең бірінші кезек­ті бапкерлердің біліктілігін арттыру керек. Бәрі ескі әдіс-тәсілдермен жұ­­мыс істейді. Бізге жаңашылдық ке­рек деп ойлаймын. 

Екіншіден, тәжірибелі балуандар ко­мандадан кеткен соң жаңа буыннан жарқырап ешкім шыққан жоқ. Жәмила Бақ­бергенова ғана жетістігімен қуант­ты. Қалған жас спортшылар өз әлеуетін көрсете алмады. Яғни, бізде резерв мә­се­лесі әуелден бар.

Үшіншіден, әйелдер күресі бізде ай­тарлықтай жақсы дамымаған. Біз күре­сіп бастағанда да жағдай осындай еді. Бірақ біздің буынның өкілдері шет­елде, тіпті мына Ресей мен Беларусьта өте­тін жат­ты­ғу жиындарына көп қа­тыс­ты. Со­лар­мен төбелесіп жүріп, кү­ре­­суді үйреніп алғанбыз. Бұлай айтсам, бап­кер­лер ренжитін шығар. Алайда бұл – шын­дық. 

Ал қазіргі құраманың қыздарын шет­елдегі жарыстар мен жаттығу жиын­дарына апармайды. Нәтиженің тө­мендеуіне осы да үлкен себеп. Қаражат бөлініп жа­тыр, соны ретімен игеру керек», – дейді мемле­кет­тік жаттықтырушы, әйел­дер күресінен ұлттық құ­ра­маның бұрынғы мүше­сі Айым Әбділдина. 

Әйелдер күресінен Қазақстан коман­да­сы­ның өкілдері Ханчжоудағы жаз­ғы Азия ойын­дарына, Бішкектегі және Ыстан­бұл­дағы лицензиялық турнирлерге қа­тысып, жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. Бұл әйелдер құрамасының ең на­шар нәтижесі саналады. Бір қызығы, ли­цензия жоқтығына қарамастан ко­манда басшылығында еш өзгеріс жоқ. 

«Классиктер» көңіл көншітпейді

Грек-рим күресінің өкілдері жеті сал­мақтың үшеуінде жолдама алды. Десе де, олардың арасынан Олим­пиада медаліне үмітті балуанды көру қиын.

60 келідегі Айдос Сұлтанғали екі әлем чемпионатында қола медаль алып, 2021 жылғы Азия біріншілігінде топ жарған. Бірақ соңғы нәтижелері ай­­тарлықтай ауқымды емес. Азия ойын­­дарында (2023) қолаға күресіп, жеңі­ліс тапты. Бішкектегі  лицензиялық турнирде де тәжікстандық балуанды бір ұпай айырмасымен жеңгені жан­күйер­ді біраз әбігерге салған. Ал жа­қында Венгрияда өткен рейтингілік тур­нирде Айдос бірінші айналымнан ас­пай, Оңтүстік Корея балуанынан жеңі­­ліп қалды. Айдостың Олимпиада қар­саңында мұрттай ұшқаны оның тұрақ­сыз күресетінінен хабар береді. Сұл­танғалидің салмағында Жоламан Шәр­шенбиев (Қырғызстан) бастаған мық­тылар бар. Мұндай күреспен мық­тыларды ұту мүмкін емес. 

77 келідегі Демеу Жадыраев та олим­­пиадалық салмаққа ауысқалы ауыз толтырарлық жеңіспен қуантпады. Ол Париж Олимпиадасына да әупірім­деп жүріп жолдама иеленгенін айта кету керек. Бішкектегі шешуші белде­су­де Оңтүстік Кореяның ортаңқол балуа­нын соңғы секундтарда ғана ұтты. Демеу Токио Олимпиадасында да алыс­­қа бармаған. Жалпы, бұл балуан 72 келіден олимпиадалық салмақ сана­латын 77 келіге ауысқалы бері ірі ресми жарыстардан жүлде алмады. 

87 келіде Қазақстан командасының бір ғана балуаны бар. Ол – он жылдан аса уақыт бойы тізгінді ешкімге бермей келе жатқан Нұрсұлтан Тұрсынов. Тұр­сынов өзінің жалындаған шағы – 2015 жылы әлем чемпионатынан 5-орын алып, 2014 жылы Азия чемпионы атан­ған. Былтырғы әлем чемпионатында жар­тылай финалға жеткенімен, жүл­де­ге қол жеткізе алмай, жұбаныш белде­суін­де ғана жолдама алды. Будапештте өткен рейтингілік турнир Тұрсыновтың деңгейін тағы анықтап бергендей. Ол екі кездесуде қарсыластарына жалпы есебі 0:16 есебімен жол берді. 

Бір қызығы, Сербияда өт­кен 2023 жыл­ғы әлем чемпионатында грек-рим күре­сінен Нұр­сұлтан Тұрсы­нов қана жолдама алды. Тұтас ко­ман­да ішінен бір ғана спорт­шы­ның лицензия­ға қол созуы қуа­натын жайт емес. 

130 келідегі Әлімхан Сыз­ды­қов өзі 12 жыл күткен Олим­пиадасына биыл аттанады. Бірақ Әлімханның әлемдік деңгейде күресуге физикалық бітімі 

де, техникасы да жетпейді. Біріншіден, оның  азулы қарсыластарына қарағанда салмағы мен дене-бітімі әлдеқайда жеңіл. Екіншіден, Сыздықов­тың фи­зи­калық дайындығы әлсіз. Мұны Бішкектегі ли­цен­зиялық тур­нирде байқа­дық. Әлімханның шаршағаны сонша, белдесу соңына қарай кі­лем­нен тұрмай қалған болатын. Ал мұндай әлсіз  балуанды ауыр салмақтағы алыптар оңай жеңеді. 

Ұлттық құрама­ның  бұ­рынғы мү­ше­сі, әлем чем­пио­на­ты­ның кү­міс жүл­де­гері Хор­лан Жа­қан­­шаның ай­туын­­ша, қазіргі кү­рес бір орын­да тұрып қалған. 

«Қанша жыл бол­ды, біздің кү­­рес бір орын­да тұр. Көтеріл­мейді мүл­де. Мен бұл жерде тек ересектер ко­ман­дасын айтып отырмын. Париж Олим­­пиадасында Де­меу­ден ғана үміт күте­мін, қал­ған­дары – әлсіз. Міне, Венгрияда өткен рей­тин­гілік  турнирді қараңыз. Сұл­танғали  мен Сыздықов бір айна­лымнан аса алмады. Тұрсынов та ірі есеп­пен ұтыл­­ды. Енді жігіттер барын салып жа­­тыр ғой. Барлық нәрсе – жүйе­нің дұ­рыс емесі. Қазір қандай екенін біл­меймін, бірақ мен күрескен кез­де ұлт­тық құрамадағы жаттығу әдісі ескірген еді. Ме­дицина жайлы, тіпті айт­па­сам бо­лады. Ескі әдіс­пен, әлсіз ме­ди­цинамен бал­уан­­­дарымыз ұзаққа бармайды», – дейді Жақанша. 

Еркін күрес: Бас­­ты үмітіміз Олим­­пиада қар­саңын­да ұтылды

Париж Олимпиадасында еркін күрестен үш спортшымыз ғана бел­деседі. Команда тек 2012 жылғы Лон­дон Олимпиадасына  толық құрам­мен барған. Содан бері еркін күрес шеберлерінің Олимпиададағы нәти­же­сі төмендеп барады. Риода ешбір балуа­нымыз жүлдеге ілікпесе, Токиода ре­сей­лік легионер Нұрислам Санаев қана ме­даль алды. 

Парижге кімдер барады? Азамат Дәулетбеков (86 келі), Әлішер Ерғали (97 келі) және Юсуп Батырмұрзаев (125 келі). 

Соңғы екі жылда Азамат Дәулет­беков әлем үздіктерінің көшіне ілескен еді. Үш дүркін Азия чемпионы атанып, әлем біріншілігінде қатарынан екі қола алған болатын. Бірақ Азаматтың Олим­пиада алдындағы аяқ алысы жан­күйер­лерді тағы ойлантып қойды. Венг­рия­дағы рейтингілік турнирдің жартылай финалында Дәулетбеков даңқты Хасан Язданиден 0:10 есебімен ұтылды. Жа­рай­ды, Яздани мен Тейлорға ешкімнің де тісі батпаған. Бірақ қола медаль үшін өткен күресте жапондық жігіт, әлемдік жа­рыстарда айтарлықтай жүлде алма­ған Хайато Ишигурадан ұтылғанын еш ақтай алмаймыз.  Басты үмітіміздің тас-талқан ұтылғаны расында қын­жыл­тады...

Ризабек Айтмұхан 97 келіге ауы­сып үлгергенімен, бұл сал­мақта жолдаманы Әлішер Ерғали жеңіп алды. Әлішер тәжірибелі балуан, рейтингілік турнирде де топ жарды. Бірақ бүгінге дейін ол не әлем чемпионатынан, не Олим­пиада ойындарынан жүлде ал­маған және ол басты фавориттер қа­та­рына жатпайды. 

125 келідегі Юсуп Батырмұрзаев физикалық күші бір кезеңге жететін балуан. Оның ұлттық құрама бас бап­ке­рі де мойындаған. Ресейден келген ле­гионер осымен екінші Олимпиада­сы­на аттанады. Ақтөбе облысының аты­нан шығатын спортшыға жергілікті кә­сіп­керлер лицензия алғаны үшін кө­лік пен үй әперді. Лицензияның өзі­не қыруар сыйлық алған балуанның әуселесін енді Парижде байқаймыз. 

Әзірге, Қазақстандағы күрес не­гізінен легионер спорт­шы­лардың медалімен толығуда. Рио ойындарынан басқа Олим­пиадаларда шетелден келген балуандар абы­ройы­мызды жауып келген. 2004 жылы Геннадий Лалиев пен Георгий Цурцумия, 2008 жы­лы Таймураз Тигиев пен Ма­рид Муталимов, 2012 жы­лы  Даниял Гаджиев, 2021 жылы Нұрислам Санаевтар күрестен Олим­пиада жүлдесін алып берді. Бү­гінде олардың бірде-бірі Қазақ­стан­да тұрмайды. Ал Қазақстанда туып-өскен балуандар Олим­пиада алтынының деңгейіне әлі жете алар емес. 

Арда КЕМЕЛ