Күн сайын ЖИ бізді таңғалдырумен келеді. Енді 10 жылдан кейін инфаркт болуы мүмкін адамды да жаңа жасанды интеллект көмегімен анықтауға болады.
Жасанды интеллект 10 жылдан кейін инфаркт болатын адамды біледі
ЖИ-мен жұмыс істейтін жаңа инфаркт сканерлеу дәл нәтижелер береді, адамның өмірін сақтауға көмектеседі. Фото roskomsvoboda.org сайтынан алынды
1,633
оқылды

Денсаулық сақтау жүйесінде ЖИ-ді қолдануға байланысты bgr.com сайты қызықты мақала жариялады. Осы мақалаға сілтеме жасаған Aikyn.kz жаңа жүйенің техникалық сипаттары мен мүмкіндіктерімен таныстырады.

Ғалымдар 10 жылдан кейін инфаркт болуы мүмкін адамды анықтайтын ЖИ-ге негізделген инфаркт сканерін әзірледі. Фото bgr.com сайтынан алынды. Авторлығы: Adobe / sudok1 

Оксфорд университетінің ғалымдар тобы 10 жылдан кейін инфаркт болуы мүмкін адамды анықтауға мүмкіндік беретін жаңа жасанды интеллект инфаркт сканерін әзірледі. Жаңа жүйе жақын арада Ұлыбританияда қолданыла бастайды деп күтілуде. Жаңалық авторларының айтуынша, бұл технология жылына мыңдаған адамның өмірін сақтап қалады. Британдық Ұлттық денсаулық сақтау және күтім көрсету институты (NICE) және Ұлттық денсаулық сақтау қызметі (NHS) жыл соңына дейін технологияны бағалау туралы шешім қабылдамақшы.

Жыл сайын 300 000-нан астам адам кеуде қуысында қатты ауырсыну болғанымен шағымданады. Оларға жүрек ақаулары бар-жоғын анықтау үшін КТ (компьютерлік томография) жасайды.

Сканерлеуден өткендердің 20%-ында жүрек ақаулары бар екені анықталады. Қалған 80%-ы пайызын «ешқандай ауытқулар жоқ» деп  үйлеріне жібереді. Енді жаңа ЖИ-мен жұмыс істейтін инфаркт сканерлеудің көмегімен дәрігерлер нәтижелерді мұқият әрі терең зерттей алады және пациенттерге дәл жауаптар береді.

ЖИ «жасырын» ақпаратты тауып, инфаркт қаупі бар пациенттерге дұрыс нұсқаулар береді. Фото endomedis.ru сайтынан алынды

Жаңа технология КТ-да анықтала бермейтін тамырлардың қабынуынан туындаған зақымдарды зерттеуге негізделген. Егер ЖИ бұл «жасырын» ақпаратты сенімді таба алса, онда ол жүрек соғысы қаупі төнуі мүмкін пациенттер үшін дұрыс нұсқаулар береді. 

Жасанды интеллект көмегімен инфаркты сканерлеу сияқты медициналық ЖИ қаншалықты тиімді болатыны белгісіз. Бірақ сканерлік зерттеулерден кейін дәрігерлер бұрынғы қойылған диагноздарының 45%-ын өзгерткен. Бұл деректер жаңа технологияны қолданып жүргізген зерттеулердің нәтижесінен алынған.

Бұған дейін Google компаниясы медициналық ЖИ нақты дәрігерлерден асып түсетіні туралы мәлімдеме жасағаны белгілі. Барлық жаңа технологиялар мен әдістер сияқты жаңа жүйенің де тексерулері дәрігердің шешімімен ғана бекітіледі. Осылайша, білікті дәрігер ЖИ-дің қорытындысын мұқият бағалау арқылы жүрегінде ақауы бар адамдардың өмірін сақтап қалады.

Жүрегім ауырмасын десеңіз күлкі терапиясын ұмытпаңыз. Мына видео бүгінгі көңіл күйіңізді көтереді:

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.