Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне орай «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады» тақырыбында мемлекеттік қызметте еңбегі сіңген ардагер жазушы қаламгерлермен кездесу өтті.
Мемлекеттік қызметте  еңбек сіңірген ардагерлермен кездесу өтті
1,139
оқылды

Кездесуге Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – аға буын және өскелең ұрпақтың арасындағы сабақтастықты жандандыру.  

Тәлім-тәрбиелік мәні ерекше осы шарада сөз алған  Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай «Қоғамды ізгілікке тәрбиелеуде, ұрпақтың сана-сезімін, ой-өрісін кеңейтуде әдебиеттің атқаратын рөлі ерекше» дей келе, кезінде әдебиет пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген, елдік мұраттарды насихаттап, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлес қосқан аға ұрпақтың қаламгерлік және қайраткерлік болмысына арнайы тоқталып, қонақтарға кездесуге арнайы қатысқаны үшін алғысын білдірді.

 

Агенттік төрағасы қаламгерлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» қағидатын ілгерілетуге, мемлекеттік аппарат өкілдерінің бойында әділдік, адалдық, мемлекетшілдік  секілді қасиеттерді орнықтыру ісіне атсалысуға шақырды. Осы орайда «Адал азамат» құндылықтарын бейнелейтін, мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін жаңа туындылар жазуға ұсыныс білдірді. Ондай шығармалардың тартымды болуы үшін, мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жетік білетін жазушылар қалам тартып жатса, туындының мазмұны шынайы да әсерлі шығатынын атап өтті. 

Уәлихан Қалижанұлы, Жабал Ерғалиұлы, Жолтай Әлмашұлы, Роза Мұқанова, Азат Әкім сияқты жазушы қаламгерлер өз тәжірибесімен бөлісіп, ойларын ортаға салды. Мемлекеттік қызметшілер мен Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларының қойған сауалдарына жауап беріп, пікір алмасты.

Іс-шара соңында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат  мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы» атты кітаптың тұсауы кесілді.  

Кітаптың мазмұнында ұлттық мүдде, мемлекеттік сана, әділдік, ашықтық, антқа адалдық секілді қағидаттар көрсетіліп, оларды өзекті ұстаным ретінде ұсыну арқылы мемлекеттік аппараттың дамуына жаңаша серпін беру көзделген.

Туынды авторы Дархан Жазықбай ұсынылып отырған еңбекте жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілерге тән басты ұстанымдар мен қағидаттар жайлы жазылғанын, олар мемлекеттік қызметшілердің саналы жаңғыруына, олардың бойында жаңа мәдениет пен жаңаша құндылықтар қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.