Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың 80 пайызы мемлекеттік сатып алумен байланысты.
Мәулен Әшімбаев мемлекеттік сатып алу жүйесін сынады
498
оқылды

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтың 80 пайызы мемлекеттік сатып алумен байланысты. Мұндай бұзушылықтарды азайту үшін оқиға болғаннан кейін емес, алдын ала жұмыс істейтін бақылау жүйесі қажет. Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев палата отырысында осындай пікір білдірді.

«Мониторинг жүйесінің отандық өндірушілерді, мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық үлесті қолдауға ықпал етуі өте маңызды. Президентіміз мемлекеттік сатып алулардағы елішілік құндылығымыздың үлесін 60 пайызға дейін жеткізуді міндет етіп қойды. Қазір сіз 50 пайызы қамтамасыз етілген деп айтып отырсыз. Біз кәсіпкерлермен кездесулерде осы мәселеге баса назар аударып келеміз. Сол кезде олар кейбір жеткізушілер өнімді басқа елдерден жеткізіп, оған «Қазақстанда жасалған» логотипін жапсырып қоятынын айтады. Осылайша, олар тендерлерге қатысып, демпинг пен төмен баға есебінен ұтып алу мүмкіндігіне ие. Егер осы заңды депутаттар қолдаса және оған Мемлекет басшысы қол қойса, мониторинг жүргізетін жүйенің құрылуына ықпал етеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ мемлекеттік органдар өз өнімдерін өндіретін, жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін, салық төлейтін нақты қазақстандық өндірушілерді қолдауына жол ашылады деп сенеміз», – деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында сенаторлар бірқатар заңды қарады. Оның ішінде «Мемлекеттiк сатып алу туралы» заң және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар да бар.

Палата Спикері заңнамалық түзетулердің маңызына назар аударып, Мемлекет басшысы Жолдауда сатып алудың жаңа сапалы жүйесін енгізуді тапсырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол заңның негізгі нормаларына тоқталып өтті.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.