Қоғам қауіпсіздігін сақтау – әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілікті талап ететін басты міндет.
Темірдей тәртіптің темірқазығы
1,058
оқылды

Ел арасында осы міндетті мүлтіксіз орындап, халықтың алғысына бөленіп жүрген нағыз ержүрек жандар аз емес. Соның бірі – қоғам тыныштығын сақтауда аянбай еңбек етіп жүрген cырбойылық Пірімбетовтер әулеті.

Өңір жұртына полицейлер династиясы ретінде жақсы таныс бұл отбасы мүшелері темірдей тәртіпті сақтай отырып, өз елінің патриоты болуды өмірлік ұста­нымына айналдырған. Сол арқы­лы қызығы мен шыжығы мол са­­ла­да тынымсыз еңбек етіп, жемісін көріп жүр. 

Құқық қорғау саласының май­­­талман маманына айналған отбасының әрбір мүшесі  отанға қызмет істеу дәстүрін үздіксіз жалғастырып келеді. Осы арқылы өскелең ұрпақты тәлімді тәрбиеге баулып отыр.

«Біздің әулеттің мақсаты – қылмыстық істерді тергеу мен ашу, қылмыскерлерді құрықтау ғана емес, сонымен бірге ұрпақ бойына Отанға деген сүйіспен­шілік пен патриоттық рухты сіңіру. Негізінен, құқық саласын таңдауымыз да бекер емес. От­басымыздағы атадан балаға мирас болған темірдей тәртіп пен тә­лімді тәрбиенің негізінде қай­сарлыққа, шыншылдыққа баулып өстік. Соның негізінде әулеттің абыройын кірлетпей, өзгеге қамқор болуды өмірлік ұстаны­мызға айналдыра алдық», –  деп ойын жеткізді әулеттің абыройын арқалап жүрген тәртіп сақшысы Қуандық Түгелбай. 

Қазір ол Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Кри­мин­алдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты қызметін абыроймен атқарып жүр. Өз ісінің майталман маманы бұған дейін мінсіз қызметі үшін «Парасатты полицей» байқауына қатысып, мерейлі марапатқа ие болған. 

Әкесі де саналы өмірінде құ­қық қорғау саласында қажырлы еңбек еткен жан. Қуандық бала кезінен бастап әкесі Аралбекті полиция қызметкері формасында көріп өскендіктен болар, үлкен қызығу­шылық танытып өскенін айтады. Әрдайым әкесінің қыз­метін үлгі тұтып, елдің қор­ғаны болуды алдына мақсат етіп қой­ыпты.

«Мен әрқашан әкемді мақтан тұтамын. Оның мойнына жүкте­ген жауапкершілік жүгі қанша­лықты қиын екенін жастайымнан сезініп өстім. Өзім де құқық қор­ғау саласында қызмет етсем деп армандайтынмын. Негізінен, полиция – бұл өте қиын және күрделі мамандық. Өйткені осы саланы таңдаған адам әрдайым ел тыныштығын күзетіп, көп жағ­дайда өз басын қатерге тігіп тұрады. Бала кезімнен әкем әр­дай­ым жұмыста болатын. Тіпті, көп жағдайда оны отбасылық дастарқан басынан да жиі көре бермейтінбіз. Содан бұл саланың қаншалықты жауапкершілік жүктейтінін іштей сезініп жүре­тінмін», – деп ойымен бөліс­ті Қуандық.

Негізінен, әкесі Аралбек  Пірімбетов құқық қорғау саласында қажырлы еңбек етіп, полполковник шенін алған. Алғаш­ында қызмет жолын учаскелік полиция инспекторынан  бастап, кадр бөлімінде аға инспектор, кадр саясаты жөніндегі орынбасар, Қазалы ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары қызметтерін абыройлы атқарған. Ал 2014 жылдан бастап бүгінге дейін учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Өз қызметінде Аралбек Түгелбайұлы «Мінсіз қызметі үшін» медальдары, «Жылдың үздік сақшысы» номинациясы және де бір­қатар рес­публикалық, облыс­тық марапаттарды иемденген.

«Отбасымызбен татулықты сақтап,  өзгеге қамқор болуды басты мақсатымыз санаймыз. Қиын да қауіпті жұмыс біздің отбасымыздағы қарым-қатынас­ымызға теріс әсер етпейді. Керісінше, полиция бізді жақын­дас­тырады. Отбасымызбен тал­қы­лау үшін ортақ тақырыптар әрқашан бар», – деп әкесі ағынан жарылды.

Қуандықтың анасы Гүлмира Пірімбетова Қазалы ауданындағы мектеп-лицейінде кітапханашы болып жұмыс істейді. Құқық қорғау саласында қызмет жасамаса да, әрдайым балаларын шын­шыл­дыққа, ашықтыққа тәрбие­леп, өз елінің нағыз патриоты болуға жол сілтей білді. Ал үлкен әпкесі Абимада Пірімбетова әке жолын қуып, інісіне үлгі болды десек болады. Бүгінде Қызылорда стансасы Жергілікті полиция бөлімі тергеу бөлімшесінің тергеушісі, полиция капитаны қызмет­ін адал атқаруда.

«Мен өз отбасымды үлгі тұ­та­мын. Әкем мен анам бізге жақсы тәрбие берумен қатар, қызметте халықтың қауіпсіздігі үшін адал болуға үйретті. Осы са­ланы таңда­ғаныма өкінбеймін. Елге аз да бол­са пайдам тисе ма­ған одан асқан бақыт жоқ. Көптің алғысын алып, елге қамқор болуды басты бор­ы­шым санаймын», – дейді  әпкесі. 

Қызылордалық Пірімбетовтер әулеті үшін Қазақстан полициясы күні отбасылық мерекеге айнал­ған. Әр жылда әулет болып, дас­тар­қан басына жиналып, осы күн­ді кең көлемде атап өтуді жан­ұя­лық дәстүрге айналдырған. 

Біз де өз кезегінде полиция отбасын мерейлі мерекесімен құт­тықтап, игі тілегімізді арна­дық.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы