Суға батқан адамдарды құт­қарған атыраулық қос поли­цей мамыр айында II дәрежелі «Айбын» орденімен ма­рапат­талған еді. Олар полиция аға лейтенанты Роман Серікұлы мен Жандос Шапхатұлы. Айбарлы о­рден оларға қыста жасаған ер­ліктері үшін берілген болатын.
Президенттен «Айбын» алған ауыл полицейі
1,526
оқылды

Полицейлер Атырау облысы Құрман­ғазы ауданы полиция бөлімінде қызмет етеді. Оқыс оқиға 2023 жылғы 25 жел­тоқсан күні сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданының Шарон өзенінде болған еді. 

Қыстың ызғары енді сезіле бастаған мезгіл. Орта жастағы әйел мұз үстімен өтуді жөн көреді. Алайда су қателікті кешірмеді...

Дәл сол уақытта аудандық полиция бөлімінің саптық жиынынан тарап келе жатқан полиция қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетуге бағыттама алады. 

Хабарламаны естіген Тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Серікұлы да уақыт өткізбей жеке авто­көлігімен оқиға орнына жеткен. Оқиға орнына бірінші жеткен ол автокөліктен арқан жіп алып, мұз үстіне шығады. Шы­ғар сәтте көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткенін көрген. Сол кезде патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері мен Жандос Ибатуллаев көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып, өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды аман алып қалған. 

Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы одан әрі үлкейген. Бірақ бар күш-жігері мен мол тәжірибесін салған полиция қызметкер­лері адам өміріне араша болар сәтте аязды күн мен мұз құрсауындағы суға қара­­мас­тан, 27 жастағы ер адам мен 64 жастағы әйел адамды жағаға аман-есен шығарды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен әскери және қызметтік борышын атқаруда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен Атырау облысының Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы Насихан Роман Серікұлы мен Жандос Ибатуллаев наградталды.

Біз полиция аға лейтенанты Роман Серікұлымен хабарласып, қызықты деректерді анықтадық. Құрманғазы ауданында еңбек етіп жүрген Р.Серік­ұлы полицейлер династиясының өкілі болып шықты. Оның әкесі Серік Мадиров саналы ғұмырын полиция саласына арнаған адам болып шықты. «Әкем ұзақ жыл Құрманғазы ауданында полиция саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан адам. Әкемнің екі ағасы да осы Ішкі істер органында жұмыс істеген. Үйде үш ұлмыз. Мен ортаншысымын. Бауырларымның арасында полиция саласын таңдаған жалғыз мен болдым», – дейді Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы Роман Серікұлы.

Тағы бір қызығы, Романның жұбайы Ақжан Меңдіғалиева да полиция саласында жұмыс істейді. «Бір қызым бар. Болашақта қызым полиция саласын таңдап жатса, қарсы болмаймын», – дейді Роман. 

Роман 2023 жылдың қысында болған оқиғаның өмірінде үлкен із қалдырғанын айтады. «Бастысы, адамдарды құтқарып қалдық. Аман-есен дәрігердің қолына тапсырдық. Полиция – халыққа қызмет ететін адам. Біз ант бердік. Мұндай жағдай тағы да қайталанатын болса, ойланып жатпастан, адамдардың өмірін құтқарар едім», – дейді ол.   

Ауыл полицейі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан награда алған сәті – өміріндегі ерекше ұмытылмайтын жарқын сәттердің бірі болғанын айтты. «Мен үшін мұндай дәрежедегі орденді алу – өмірімдегі ең үлкен награда болды, қобалжыдым. Бұл тарихи сәтті ұрпағыма да айтып отырамын боламын», – деді Бауыржан Момышұлы атындағы II дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің инспекторы Роман Серікұлы.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы