Еуропа чемпионатының алғашқы аптасы аяқталды. Осы уақыт аралығында Англия құрамасын көргенде бас шайқап, Испанияның ойынына қол соқтық.
Еуродода: кіл жүйрікте кім жүйрік?!
1,175
оқылды

Турнир алдында Бельгия мен Украина осындай күй кешеді десе сенбейтін едіңіз, білем. Әр топта ойын өрнегі де, құрама тағдыры да әртүрлі өріліп жатыр. Газеттің өткен санында тосынсыйы көп турнир деп бекер жазбаппыз. Басталмай жатып, түрлі жағдайды бастан кештік.

Айтары көп айналым

Еуро-2024 додасының бірінші айналымын спорт журналистері Шамкен Байырбек және Фархат Қаналымен бірге талқыладық. Тур­­нир­ден күткеніміз бен нәтижеге талдау жа­сап, бірінші айналымды қорытындыладық. Қос сарапшы да аурасы бөлек чемпионат екенін алға тартты. 

Сонымен, турнирдің беташар ойыны Гер­мания мен Шотландия арасында өтті. Фархат Қаналының айтуынша, Германия өзінің мықты команда екенін тағы бір рет дәлел­­деді. Бірінші айналымдағы ең ірі есеп (5:1) аталған ойында тіркелді. Спорт са­­рап­шысы Португалия мен Чехия құрамасы арасындағы ойын да ерекше есте қалғанын атап өтті. Иә, Роналду бастаған жігіттер 1:0 есе­бімен ұтылып жатып, есепті теңестіріп, ақыр соңында жеңіс­ті жұлып алды. Ал Шамкен Байырбек болса, Испания мен Хорватия кездесуінен ерекше әсер алғанын айтты. Оның айтуынша, жыл­­­дамдық жағынан, қауіпті сәттері мен ин­трига тұрғысынан екі құрамның мүмкіндігі бірдей. Ал нәтижеге келгенде, Испанияның жауапсыз үш гол соғуы – ше­берлік. 

Қазір кей топта екінші айналым аяқталды. Германия мен Испания ұпайдан шашау шы­ғармай, плейофф кезеңіне өтті. Екеуінде де ал­ты ұпайдан бар. Қатарластары сияқты алты ұпай жинауға Нидерланд, Франция, Румыния, Словакия, Түркия мен Португалияның да мүмкіндігі бар. Қызығы, қажет ұпай үшін Нидерланды мен Франция, Түркия мен Пор­ту­галия таласады. Қай жеңгені «1/8 қайда­­сың­ға» салып, қалған екі ойында «жеңіл­дің үсті­мен» жүреді. Ал Румыния Бельгияның кү­шін байқап көрсе, Словакия Украинамен кез­деседі. 

«Меніңше, екінші айналымдағы қызықты топ ретінде Е тобын айтар едім. Румыния, Словакия, Бельгия, Украина командаларының арасында қызу тартыс күтіп тұр. Білесіздер, бірінші ойында Бельгия ұтылып, Словакия жеңіп кетті. Енді өзара сында Бельгия мен Украина ес жимаса, нағыз сенсация болайын деп тұр. Сонымен қатар Англия, Дания, Сло­вения, Сербия топтасқан С тобының аяқалысы қалай болатыны қызық. Әлі қай команданың плейоффқа шығары белгісіз. Үш команда келесі айналымға өтуі мүмкін. Өйт­кені барлы­ғында ұпай бар. Англияның еншісінде бір жеңіс, бір тең ойын (4 ұпай). Дания мен Словенияда екі ұпайдан бар. Ал Сербия әзірге бір ұпайды қанағат тұтады. Сондықтан бәрі алда», – дейді Фархат Қаналы. 

Иә, А, С, Е тобының жайын айттық. В тобында Испания ұпайын түгендеп алса, Хор­ватияның жағдайы қиын. Төртінші орын­мен кестенің соңында тұр. Бірінші айналымда Испаниядан жеңілсе, екінші айналымда Албаниямен тең ойнады. Албания соңғы сәтте есепті теңестіріп кетті. Сондағы Мод­­ричтің жүзін көрсеңіз, бәрін түсінесіз. Он­­­сыз да «өлім тобына» түскен Хорватия үшін Ал­ба­ниямен тең ойнау – биіктен парашютсіз секі­румен тең еді. Себебі үшінші турда хор­ва­т­­­тарды Италия құрамасы күтіп тұр. Ал Ал­ба­ния испандармен кездеседі. Яғни, мұнда Мод­ричке келесі кезеңде Албанияның сүрініп, Хор­ватияның қауқар көрсеткені керек. 

«Бірінші турдағы Түркия мен Грузия арасындағы матч есте қаларлықтай өтті. Гру­­зия турнирге алғаш рет қатысып тұрғанына қа­рамастан, Түркияға тегеурінді қарсылық көрсетті. Түркия өзінің алғашқы айналымдағы сәтсіз сериясын аяқтады. Осыған дейін бес рет Еурододаның бірінші ойынында жеңілген еді. Түркияның топтан шығатын мүмкіндігі едәуір жоғары. Плейоффта біраз жерге бара алады. Менің ойымша, сенсация болған матч –Украина мен Румыния арасындағы ойын. Румыния дәл осындай ірі есеппен жеңеді деп кім ойлаған? Украина құрамасы ештеңе істей алған жоқ. Таңғаларлығы, Бельгия дәл осын­­дай құраммен Словакиядан жеңілді. Дегенмен топтан шығуға әлі де мүмкіндік бар», – дейді Шамкен Байырбек. 

Айтқандай, сарапшылардың ойы бір жерден шығып тұр. Екеуі де турнир фавориті ретінде Германия құрамасын атап өтті. Есте­­­ріңізде болса, болжам жасайтын атақты ком­паниялар Еуродода фавориті ретінде Англия құрамасын нұсқаған. Алайда Гарет Саутгейт баптайтын командаға көз тиді ме, сөз тиді ме белгісіз, білгенінен жаңылып жүр. Бірінші айналымда Сербияны әупірімдеп жүріп жеңген, екінші айналымда Данияның құр­­сауында қалды. Дат шабуылшылары кей мүмкіндікті мүлт жібермегенде Англия сан соғып қалар еді. Осылайша, сарапшылар турнир фавориті ретінде Испания мен Гер­манияны меңзейді. Испанияның жас сайып­қырандары өз саптарынан шашау шығармай ойнап жүр. Тіпті, Италиямен өткенде кездесу­дегі ойын мәнеріне талайлар таңдай қақты. Қапталда ойнап жүр­ген 18 бен 16 жастағы футболшылар тәжі­рибелі «ағайларды» қапы қалдырды. Бір сөзбен айтқанда, Италия құ­рамасы испан­­дардың «аш­са алақанында, жұмса жұдыры­­ғында» болды. Ал Франция құрамасындағы Мбап­пенің жарақат алғаны белгілі. Оның үстіне, әлем чемпионатының финалистері ата­ғына сай өнер көрсетпей жүргені тағы бар. Осы тұста мамандар Пор­тугалия құрамасын фа­вориттер қатарынан сызбауды ұсынады. Олар­дың айтуынша, 2016 жылғы Еуропа чем­пиондары плейоффқа өткен соң «ашы­лады».

Расымен, қай команданың қандай так­тикамен жүрері 1/8 финал ойындары бас­талғанда білінеді. Демек, кімнің қандай «қару» қолданары белгісіз. Тіпті, қазір сылбыр ойын көрсетіп жүр дейтін құрама ойда жоқта «ота­лып» кетуі мүмкін. Бар жұлдыз ойыншыны жинап алған Англия плейоффтан кейін атына мінетін шығар, кім білсін? Әзірге таңдаған құрамаңызға соңына дейін сеніңіз, жанкүйер. 

Үлесі басым ойыншы

Осы орайда құрама тағдырына айтар­лықтай үлес қосып жүрген бірнеше ойыншыны атап өткім келеді. Соның бірі – Германия қата­­рындағы Жамал Мусиала мен Флориан Вирц. Спорт журналисі Шамкен Байырбектің ай­­­туынша, Мусиала «Баварияда» бірнеше жыл­дан бері тұрақты ойнап келе жатқан фут­­бол­шы. Өз елінде өткен турнирде одан ары ашы­ла түскендей. Бір сөзбен айтқанда, ко­мандадағы ықпалы бар, ойын тағдырын шеше алатынын дәлелдеді. Оған қоса, Вирц те жи­нақы ойнап, неміс мәшинесінің сыр бер­мейті­нін көр­­сеткендей әсер қалдырды. Әуелде сарап­шы­лардың Германия шабуы­­лында гәп бар дегеніне қос футболшы ойын өрнегімен жауап берді. 

Тағы бір атап өтер ойыншы – қайта түле­ген Түркия құрамасының үміті – Арда Гүлер. Оның Грузия қақпасына соққан голы команда тынысын ашып, ес жиюға кө­­мек­тесті. Осылайша, түріктер үшінші голды оңай соғып, үш ұпайын түгендеді. «Реал Мадрид» сапын­да ойнайтын Арда түріктер артқан сенім­ді арқалай алатынын көрсет­кендей. Се­німді қимылы, шабуылға араласуы, екпіні мұны айқындап тұр. Одан кейін Түркия құра­­масындағы Керем Ақ­түрікоғлының да ойыны жинақы. Яғни, Арда мен Керем түрік футбол­шыларын біраз жерге дейін «сүйреуі» бек мүмкін. 

Испания құрамасындағы жастар жайында «жарнаманы» сіз де күтіп отырған боларсыз. Иә, бұл құрамда бір топ жас ойнайды. Жас болғанда қандай, Хорватияға қол бұлғап, Ита­лияға кейін шегінуге «бұйырған» жігіттер. Қайсыбірін айтсаң да «сен тұр, мен атайын» деп тұр. Әсіресе, екі қапталдағы жас ша­буыл­­шылар 21 жастағы Нико Уильямс пен Ламин Ямалдың ойынын атап өтуге болады. Еуропа чемпио­натындағы Испанияның нәтижесіне көп үлес қосып жатыр. Бірі чем­пионат тари­хында гол соққан ең жас фут­болшы қатарына кірді. Екіншісі, атағы жер жаратын құрама­­ларға адым аштырмай жүр. Ойыны жандана түскен тағы бір ойыншы – Фабиян Руис. Бірінші турда да, екінші кезеңде де тамаша ой­нап жүр. Қарқы­нына қарқын қосқаны кө­­рініп-ақ тұр. Қазір расымен «мен жастарға се­­­не­мін» испандардың ұранына айналғандай.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ