Футбол жанкүйерлері асыға күткен Еуропа чемпионатының финалдық ойындарына да хакерлер шабуыл жасай бастады. Олар тікелей эфирдегі ойындарға шабуылдап, көрсетілімін үзіп тастайды.
Хакерлер Еуро-2024 матчының трансляциясын тоқтатып тастады
Австрия құрамасының шабуылы. Фото championat.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Dan Mullan
2,301
оқылды

Reuters агенттігі Еуро-2024 матчының онлайн трансляциясының үзілгенін хабарлады. Кибер-қылмыстың артында кімдер тұрғанын осы хабарламаға сүйенген  Aikyn.kz талдайды.

Польша Аустриядан 1:3 есебімен жеңіліп, Еуро-2024-тен шығып қалды. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Ronny Hartmann / AFP 

14 маусымда Германияның 10 қаласында басталған футболдан Еуропа чемпионаты енді қыза бастағанда қаскөйлер тобы тікелей трансляцияларға кедергі келтіруге көшкен. Жұма күні (21 маусым) чемпионаттың D тобындағы Польша – Аустрия құрамалары арасындағы Берлин Олимпиада стадионында өтіп жатқан ойынның тікелей эфирдегі көрсетілімі үзіліп қалды. Бұл туралы онлайн трансляцияны жүргізген мемлекеттік телеарна хабарлаған. 

Шабуыл осы чемпионатта Польша футбол командасына жасалған екінші қаскөйлік әрекет.

 

Футболдан Еуропа чемпионаты – 2024. D тобы: Польша – Аустрия ойыны. Берлин Олимпиада стадионы (Берлин, Германия). 2024 жыл 21 маусым, матчтың басталуы. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Fabian Bimmer

Бастапқы тексерулер хакерлер серверлерді трафиктің үлкен DDoS көлемімен шабуылдап, оларға шамадан тыс жүктеме түсірген. Осылайша, жанкүйерлерге D тобындағы жекпе-жек трансляциясын көруге кедергі келтірген. Дәл осындай шабуыл жексенбі күні (16 маусым) Польшаның Нидерландыға қарсы ойынының онлайн трансляциясында да тіркелген.

«Польша – Аустрия матчын онлайн көрсетуге байланысты техникалық ақаулар үшін кешірім сұраймыз», – делінген TVP телеарнасының хабарламасында. TVP жанкүйерлерге ойынды үзіліссіз көру үшін балама веб-сайтты іске қосқанын айтқан.

Жексенбі күнгі шабуыл Польшада орналасқан IP мекенжайларынан жасалғаны анықталды. Жұма күнгі хакерлік шабуылдың қайдан жасалғаны туралы ақпарат әлі белгісіз.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.