Qazagstan dauiri халықаралық, қоғамдық саяси газетінің ұйымдастыруымен «Ауыл – ел бесігі» дәстүрлі экспедициясының «Ауыл аманаты – ел аманаты» атты қорытынды жиыны өтті.
Ауылда шешімін күткен мәселе көп
699
оқылды

Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, «АMANAT» партиясы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және республикалық Ардагерлер кеңесі, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайты, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының және Қостанай облысы, Жанкелді, Аманкелді ауданының, Алматы облысы Кемертоған ауылының өкілдері қатысты.

Qazaqstan dauiri ЖШС-ның бас директоры Сәуле Мешітбайқызының қолдауымен ұйымдастырылып келе жатқан экспедицияның мақсаты – газет ұжымы жергілікті әкімшіліктің ауыл шаруашылығы, білім басқармаларының қызметкерлерімен, сондай-ақ облыстық, аудандық «АMANAT» партиясының өкілдерімен бірлесіп, шалғайдағы ауыл­дарды аралап, ондағы қордаланған мә­селелерді зерттеп, халықтың талап-тілегін газет бетінде жариялап, тиісті құзырлы мекемелердің назарына ұсыну және аймақтардың дамуын ақпараттық қолдау.

Сәуле Мешітбайқызының айтуынша, 2023 жылы газет ұжымы Ауыл шаруашы­лығы министрлігі, Оқу-ағарту министр­лігі, республикалық Ардагерлер кеңесі, «Елана» қоғамдық, әлеуметтік-таным­дық сайты, республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналымен бірлесіп, республиканың түкпір-түкпірін аралап шықты. 

– Біздің ұжым, газет осылайша халық пен биліктің ортасында алтын көпір болып отыр. Жыл сайын екі мәрте өтетін дәстүрлі экспедиция барысында, ауыл­дық жерлердегі инфрақұрылым, білім беру мекемелерінің жағдайы, жергілікті орындағы кәсіпкерліктің дамуы, денсау­лық сақтау саласындағы проблемалардан бөлек, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық құнды­лықтар төңірегінде көп­теген материал дайындалып, басылым бетінде жария­ланып келеді. Бұл науқандық шара емес. Шалғайдағы елді мекендердегі халықпен бетпе-бет кездесіп, тұрмыс-тіршілігімен, әл-ауқатымен танысып, тиісті құзырлы мекемелермен бірлесіп, қордаланған мәсе­лелердің шешілуін қадағалап оты­рамыз, – деді Сәуле Мешітбайқызы.

Ал газеттің бас редакторы Ертай Айға­лиұлы «Ұлтымыздың қаймағы мен аймағы орналасқан Алтын бесік ауылы­мыздың жағдайын күйттейік, жөндейік, соған қал-қадарымызша үлес қосайық» дейді. Жиын барысында Ертай Айға­лиұлы ауыл шаруашылығы саласындағы «Бармақ басты, көз қысты» жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлықтан бастап, алыс аймақтардағы газет ұжымы және өзі тікелей барып, көзімен көрген бірқатар мәселені атап-атап айтып берді. Жалпы алғанда еліміз ауылдарының негізгі ортақ мәселесі – жол қатынасы, ауызсу, интернет және жайылым тап­шылығы, қазақы қой тұқымының кемуі, малдың жемшөбінің қымбаттығы, суб­сидияның берілу механизмі секілді жиі айтылып келе жатса да әлі шешімін тап­пай отырған қордалы мәселелер.

– Рас, қордаланған проблемалар, көкейтесті мәселелер шаш етектен. Әл­бетте, «Бәрі құрып бітті» деп ауызды құр­­ғап шөппен сүртуге болмас. «Мемле­кеттік тараптан ауылға, ауыл шаруашы­лығына қолдаулар ұшан-теңіз. Өркендеп өз қолдары өз ауыздарына жетіп, қаға­нағы қарқ, сағанағы сарқ болып аста-төк өмір сүрмесе де жақсы тұрмыс кешіп, әлеуметтік жағдайларын түзеп алған ауыл­дар баршылық. Бірақ ондай ауылдар аз», – деді газет басшысы.

Газет ұжымы «Бабалар рухына тағ­зым», «Табиғатыңды аяла», «ХХІ ғасыр­дың аулы қандай болмақ?» деген нақты тақырыптар төңірегінде жұмыс жүргі­зіпті. Ауылдардағы білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және энергетика саласындағы қиындықтар да күрделі күйінде қалып отыр. Торғай өңірінен кел­ген өкілдер биылғы апаттан кейінгі елдің жағдайын, мал-жанның, иен қа­лып жатқан Торғай даласының құлазыған ауылдарының тағдыры жайлы нақты мәселелерді ортаға салды.

Экспедиция назарына көптен бері шешімі табылмай келе жатқан Алматы облысындағы Кемертоған ауылының мәселелері де ілінген. Онда білім беру, инфрақұрылым және энергетика сала­сындағы қиындықтар ушыққан. Қоры­тынды жиында Данияр Қасқарауов, Парламент Мәжілісінің депутаты: 

– Облыс, аудан, ауыл әкімдерінен ешқандай нәтиже көрмей отырмыз. Нақты жауап бере алмайды. Ешқандай шешім шығара алмайды. Бұл мәселе былай айтқанда күйіп тұр қазіргі уақытта. Сол себептен енді бұл қашан шешімін табады, қалай шешіледі, әзірге хаттан, сауалдың жауабын әлі алған жоқпыз. Енді каникулға да аз уақыт қалды. Бар­ған­нан кейін оны әрі қарай да қарайтын боламыз, – деді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ