Жаз басталып, сабақтың аяқталуы балалардың оқуды уақытша тоқтатуы деген сөз емес. Биыл мектеп оқушыларын жазғы демалыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Жаздың көркі енеді демалыспен…
642
оқылды

Осы орайда Астана қаласында 200 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамтуға 97 мектеп жанындағы лагерь, 75 бейіндік және 20 этнолагерь жұмысын бастап кетті. Түрлі бағыттағы жазғы сауықтыру орындары балалардың шығармашылығын шыңдап, белгілі бір өнерге, кәсіпке ебін қалыптастырады. Биылғы ұйымдастырылып жатқан жазғы лагерьлердің ерекшелігі де осында. Қазір алғашқы маусымы мәреге жеткен лагерьлер жұмысы жаңа маусымын бастауға да сақадай сай тұр.

Дәстүрмен ұштасқан демалыс

Елордадағы Смағұл Сәдуақасов атын­дағы №78 мектеп-гимназияның жаз­ғы лагері ерекше өтіп жатыр. Жа­қында мектеп жанынан ашылған лагерь жұ­мысымен танысып, этно сипаттағы бағдарламаларды тамашалап қайттық. ЭтноАрт «Мирас» лагерінің ұйымдас­тырушысы – аталған мектеп-гимна­зияның көркем еңбек пәні мұғалімі Ләз­­зат Атыбай. Оның айтуынша, этно­лагерьде ұлттық құндылықтар дәріп­теледі. Қыздар киіз басып, ұршық иіруді үйренсе, ұлдар қамшы өріп, ат әбзелдерін жасауды меңгереді. Этно стиліндегі дема­лыс орны болғандықтан, қазақ ауылының «вайбы» жасалған. Оқу орны­ның ау­ласында орнатылған үлкен ақ киіз үй айрықша өң беріп тұр. Киіз үйдің жанына алтыбақан тұрғызылып, жер ошақ та орнатылыпты. Аула ортасындағы киіз үй күн сайын мектеп мұғалімдері мұқият жоспарлап, ұйымдастырған түрлі іс-шараға толы. Дәстүрмен ұштасқан лагерь үш ай бойы жалғасын табады. Бір маусым екі аптаға созылып, осы уақыт ішінде үздік нәтиже көрсеткен балаларға ма­рапаттар да ұсынылады екен. Лагерьдің алғашқы күнінде-ақ балалар жаңа дағды­ларды үйреніп, жаңа қырынан көрініп үлгерген.

«Этнолагерь жұмысын бастамас бұ­рын, алдымен оның сыртқы көрінісін ерекше безендіруді жоспарладық. Ауыл көрінісіне келтірілген аулада балалар өздері қызыққан іспен айналыса алады. Кішкентай демалушыларымыз ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап қана қой­май, қазақтың әндерін, «Менің атым Қожа» киносындағы «Туған жер» әнін, өзіміздің лагерь әнін жаттап, таңертең­гілік жаттығуларды буын-буыны қозға­латын «Қара жорға» биімен бастайды. Осы­лайша, әр бала өзі қызыққан бөлім­дерге бөліне бастайды. Қазір басқа мек­теп­терден келген балалар да бар. Барлы­ғының бірдей қызығушылығын арттыру үшін өткенде бір күн табиғат аясына шығып, бауырсақ пісіруді, сірне, қуырдақ қалай жасалу керегін үйреттік. Мектепте өріп үйренген қамшы мен ат-әбзелдерін қалай, қай жерде қолданатынын да көр­сеттік. «Жастайынан үйретсең тасқа ой­ған таңбадай, қартай­ғанда үйрет­сең суға құйған ақ сүттей» деген сөз бар ғой. Сондықтан бастауыш сынып оқу­шы­ларынан бастап қолөнермізді дә­­ріптеп жатсақ – еңбегіміздің зая кетпе­гені», – дейді мұғалім. 

Біз әңгіме етіп отырған этнолагерьдегі бармағынан бал тамған шебердің бар­лығы – осы мектеп мұғалімдері. Сазбал­шықтан құмыра жасау, қамшы өру, жүн сабап, тоқыма тоқуды және ұлттық ойын­дарды үйретуге әртүрлі пән мұғалімі атсалысып жатыр. Осындай ерекше жұ­мысқа кіріспес бұрын тарихшылар олар­дың пайда болу тарихымен таныс­тырып өтеді. Кейін қолөнер бұйымдарын жасап, бояулармен сурет салып, түрлі аппли­кациядағы бейнелерді қиып желімдейді. Мұндай танымдық жұмыс кезінде оқу­шылар шапшаң сөйлеуді үйренеді, оқу жылдамдығын дамытады, қатарлас­тарымен бірге топтық жұмыс істеуге де бейімделеді. Баланы еңбекке баулу және өз ұлтының дәстүрімен, тарихымен су­сындатып шығаруды шамшырақ етіп алға қарай беттеген мектеп ұжымының еңбегі ұшан-теңіз. Екі аптаға созылған бірінші маусымда 75 бала қатысты. Бұл – үш топқа бөлінген бала саны. Ұйымдас­тырушының айтуынша, алдағы уақытта демалушы балалар саны артса, топтар саны да қосылуы мүмкін. 

«Қамшы өрімінің бірнеше түрі бар. Қазір үйренем деген баланың саны көп. Сондықтан кейде қайыс жетпей қалады, сол кезде оның орнына пайдаланатын жіптер болады. Сол арқылы қамшыны төрт таспамен өруге болады. Сегіз тас­памен өрілген төрт қырлы қамшы күрде­лірек болса да, оқушылар лезде үйреніп алып жатыр. Мектептің көркем еңбек оқулығында қамшыны өру тақырыбы жоқ. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған лагерьдің мүм­кіндіктерін пайдалана отырып, өзім білетін өнеріммен бөлісіп отырмын. Қазір көп мектептте, әсіресе елордалық білім ошақтарында ат-әбзелдерін жасау, қамшы өру сияқты қолөнер сабақтары мүлде өтпейді. Ал бұл ер жігіттің бәрі бі­луі керек болған өнер деп санаймын», – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақжол Жалынышұлы.

Осылайша, мектеп кез келген тал­ғамға сай көптеген іс-шара арқылы бала­ларды қызықтырып, жазғы демалысын тиімді өткізудің таптырмас мекеніне айналған.

Шынықсаң шымыр боласың

Балалардың ұлттық дүниетанымға деген көзқарасын қалыптастырудан бө­лек, денсаулыққа да көңіл бөлу керегін ескерген. Спорттың әртүрінен осындай жазғы сауықтыру орындарының бірі – №32 мектеп-гимназиясы жанынан ашылғ­ан Dostyk camp спорт бағытындағы лагері. Лагерьде спорттың барлық түрі қамтылған: футбол, шағын футбол, волей­бол, баскетбол, үстел тенисі, ұлт­тық ойындар атап айтсақ асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, еркін күрес, дзюдо және каратэ бар. Лагерьде 12-15 жас аралығындағы 78 бала қам­тылған. 

«Спорттық лагерь 3 маусымда бас­талған. Спорттық секция жетекшілері оқу­шылармен жаттықтыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Спорттық сек­циялар жеткшілерінің негізгі мақсаты – оқушылардың денсаулықтарын нығайту, таңдап алған спорт түрлерінен қабілет­терін дамыту, халықаралық аренада спорт түрлерінен халқының намысын корғай­тын мықты ұл-қыздар өсіру, мек­тепке көпшілік спорт бағытында көмек беру, спортты насихаттау. Лагерь­дің бі­рінші кезеңі шығармашылық және кә­сіби бағытта өтті. Ал екінші кезеңді ар­найы спорт бағытында ұйымдастырып отыр­мыз. Осындай спорт лагерьлерінің арқасында оқушыларымыз асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ ойындарынан қала­ішілік жарыста 3-орын иеленді», – деді № 32 мектеп-гимназиясы дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ша­лахаев Бекайдар. Оның айтуынша, са­бақтан тыс шұғылдану күнделікті өтетін сабақ түріне қарағанда балаларды тәр­тіптілікке, бастамашылдықты алдын ала ойластыруға, мәдениетті демалысқа үйре­теді. Бұл елеулі дәрежеде шұғыл­дану­шылардың бейімділігі мен көңіл-күйіне тәуелді. 

Ал әрбір баланың ішкі әлеуетін іске асыру үшін №91 мектеп-гимназиясының жазғы лагері үш бағытта ұйымдас­ты­рылған. Бірінші бағыты «Жазғы-camp» деп аталады. Мектеп жанындағы бұл лагерь сауықтыру және физикалық даму тұжырымдамасына негізделген. Мұнда балалар танымдық интеллек­туалды ойын­­­дарға, эстафеталарға, пикниктерге, тақы­рыптық сапарларға және тағы басқа қызықты танымдық іс-шараларға қаты­сады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Ораққызының ай­туынша, лагерьдің медициналық қыз­меткерлері әр баланың денсаулығын ба­қылай отырып, үнемі тексерулер жүр­гізіп отырады. Бүлдіршіндер ұстаздары­мен бірге «қазақша күрес», «арқан тарту», «садақ ату», «тоғыз құмалақ» сияқты бір­қатар ұлттық спорт түрін үйренеді, ту­ризм және өлкетану бойынша білім­дерін тереңдете түседі әрі эколо­гиял­ық мәде­ниет қалыптастырады.

Білімпаз бағдарламалары

Балалардың денсаулығын сауықтыру және білім беруді мақсат еткен жазғы демалыс бағдарламасында «Этно-camp» киіз үй лагері мен «Бақыт-camp» бейіндік лагері бар. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар бақытты балалық шақтың дәмін татып, рухани дүниесін кеңейте түсуге зор мүмкіндік алады. Мысалы, «Этно-camp» киіз үй лагері мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын зерделеуге, «Ақ кимешек – бабалар аманаты» қоғамдық ұйымымен бірлесіп ұлттық құндылық­тарды сіңіруге бағытталған. 

Аталған тартымды да қызықты шара­лар балалардың ана тілге деген құрметін арттырып, ұлттық тарихқа, мәдениетке, салт-дәстүрге, деген мақта­нышын кү­шейте түсетін кешенді шара болып та­былады. «ЭTNO-camp» лагері тек де­малыс орны ғана емес, балаларға өз Ота­­нын, тілі мен тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін жақсы білуге, сүюге баули­тын маңызды білім беру жобасының жұмысын атқарып отыр. Сонымен қатар бейіндік оқытудың да әртүрлі бағыты ұсынылған. Бұл бағыт бойынша балалар жан-жақты дамып, білім көкжиегін тағы да кеңейте түсері сөзсіз.

«Лагерьде ең кішкентай балалар үшін қазақ тілінде оқытатын ОQU-Camp отря­ды, орыс тілінде оқитын бастауыш сы­ныптар үшін «Smart-Бала», жас зерттеу­шілер үшін «Лингва-Sience» отрядтары ұйымдастырылды. Онда оқушылар эксперименттер жүргізіп, қызықты жо­ба­ларға қатыса алады. Ал шығарма­шылық бағыты басым балалар өздерін «Көркем-арт» отрядының көркемсурет студия­ларынан тапса, болашақ инже­нерлер – STEM-зертханада модельдер жасау үшін заманауи құралдармен жаб­дықталған техникалық зертханаларға жайғасады. Математикаға бейімі бар оқу­шылар да назардан тыс қалмаған. Олар Math-Camp, «Интеллектум» отряд­тары, спорт­шылар үшін – Sport drive, жас аспаз­дарға – «JAS кондитер» отрядтары ұйым­дас­тырылды. Аталған бағдарламада оқушылар үш тілде жобалар жасайды», – дейді Г.Ораққызы. Мұнда балалар зерттеу жұмысымен айналысады. Зерттеу ба­рысында өсімдік тұқымының өнуінен бас­тап компост дайындауға дейінгі кезеңдерді көзбен көріп, мектеп ауласына көшет отыр­ғ­ызады.

Бұдан бөлек, мектеп жанындағы жаз­ғы лагерьде түрлі бағыттағы фес­тиваль өтуде. Әр маусымның он күні белгілі бір тақырыпқа байланысты аталып өтеді. Мысалы, «Патриот» күні барлық балалар Мемлекеттік туды әспеттейтін көк және сары түсті киім киіп, Әнұран шырқап, Мемлекеттік рәміздер насихатталады. «Мемлекеттік тіл» күні де балалардың бо­йындағы патриоттық сезімді оятуға ерекше әсер ететінін айта кеткен жөн. Сауықтыру лагерінің тағы бір ерекшелігі балалар мен жетекшілері қызықтайтын өздері жасаған баскиімдерін киетін «Телпектер күні». Мектеп лагеріне жауап­ты тұлға­лардың айтуынша, жоғары сынып оқу­шылары өз бастамасымен жазғы де­малыс кезінде ерікті болып жұмыс істеп, мұғалімдерге сабақтар мен кон­курстар өткізуге көмектеседі.

Білім беру ошақтары баланың жан-жақты дамуына, жазғы демалысының дұрыс ұйымдастырылуына және өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиеттерге баулитын орталық екенін көрсетеді. Осындай ғажап көңіл-күй сыйлаған ла­герьлер баланың танымын арттырып қана қоймай, ұстаз бен оқушы арасын­дағы қарым-қатынасты бекемдей түсіп, адам мен табиғат арасындағы байланысты да жақсартатыны анық.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ