Кувейтте семсерлесуден Азия біріншілігі басталды. Париж Олимпиадасы қарсаңындағы маңызды жарыста Қазақстан қоржыны алғашқы жүлдемен толықты.
Ерлік ерлік жасады
1,205
оқылды

Шпагамен семсерлесуден Қазақстан командасының ең жас мүшесі Ерлік Сертай құрлық додасының қола жүлдегері атанды. Бұл – отандық семсерлесу спортындағы  тарихи көрсеткіштердің бірі.  Себебі бұған дейін қазақ балалары мұндай биікке шықпаған.

Ерлік Сертай – Париж Олимпиада­сына жолдама алған төрт шпага­шы­ның бірі. Ол командаластары  Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов және Ва­дим Шарлаимовпен бірге төрт­­­жыл­дық додасына лицензия жеңіп алды. Атал­ған төрттік әлем  ку­богі ке­зеңде­рі­нің қорытындысы бойынша жаз­ғы ойын­дарға қатысу мүм­кіндігін иеленді. 

Бүгінге дейін Ерліктің жүлделері ко­манданың ортақ жеңісімен есептелетін. Ал Кувейтте өтіп жатқан Азия чемпионатында ол алғаш рет ересектер арасындағы ірі жеңісіне қол жеткізді. Алматы­лық спортшы құрлық біріншілігінде үз­дік үштікке енген. 

«Бұған дейін ірі жарыстарда жекелей сын­да жүлде алып көргем жоқ. Сондық­тан бұл медальдың құны алтынмен пара-пар. Анығын айтар болсам, алған медалімнен гөрі осы біріншілікте қалай өнер көрсеткенім өзіме ұнады. Сенім­ді­лік пайда  болды. Семсерлесуде жарыс­тар бір күн бойы өтеді. Сондықтан бар кү­шіңді сарп етпей, үнемдеп жұмсау да аса маңызды.  Жарыс өте жоғары деңгейде өткендіктен, психологиялық және эмо­ционалдық жағынан да оңай болмады», – дейді спортшы. 

Жүлдеге барар жолда Сертай іріктеу кезеңіндегі бес кездесуде жеңіске жетіп, турнир кестесінде бесінші орыннан көрінді. 32 үздік спортшының қатарына ену үшін ол ирандық Бейк Бехнамды 15:8 есебімен жеңді. 1/16 финалда Ирак өкілі Аббас Мошинді 15:11, 1/8 финалда қытайлық Ванг Цидзені 15:12 есе­бімен жарыс жолынан шығарды. Ширек  финалда Сертай өзінің командаласы, тәжірибелі Эльмир Алимжанов­пен кездескен болатын. Ішкі бәсекелес­тіктің жоғарылығына қарамастан, Ерлік өзінің ең үздік нәтижесін көрсетіп, жар­­­тылай финалға өтті. Финал жолдамасына таласта біздің спортшымыз Гон­конг өкілі Хо Вай Хангтен 13:15 есе­бі­мен жеңі­ліп, жекелей сында қола медаль иеленді. 

Семсерлесуден Қазақстан команда­сы­ның өкілі, мемлекеттік жаттықтырушы Тимур Байтасовтың айтуынша, бұл чемпионатта ешкім де Ерліктен «ер­лік» күтпеген. 

«Жас спортшы болғандықтан, біз Ер­лік Сертайдан емес, басқа да тәжірибе­лі спортшыларымыздан медаль күттік. Бір­ақ Ерліктен күткен емеспіз. Өйт­кені ол – командадағы жас спортшылардың бі­рі. Оның қола медалі біз үшін қуаныш­ты жайт.  

Турнир барысында ол командаласы Эльмир Алимжановты жеңді. Екеуі үнемі жарысқа бірге  қатысады, ел чемпионаттарында, жаттығу жиындарында кездеседі. Сондықтан бірін-бірі жақ­сы біледі. Ерліктің де деңгейі жоғары екенін ұмытпау керек. 

Ал Азия чемпионаты спортшылардың рейтингі үшін өте маңызды. Олимпиада жеребесі рейтингке байланысты тартылады. Сондықтан рейтингте жо­ғары ұпай жинап, мейлінше жоғары орналасу әрбір спортшы үшін маңызды. Ме­дальдан әлі үміттіміз. Рапира мен саб­ля­дан сынға түсетін қыз-жігітте­ріміз бар», – деді Т.Байтасов.

Қазір шпагашылар командалық жарыста сынға түсуге дайындалуда. Командалық сында Ерлік Сертай бас­таған төрт­тік Азия ойындарының финалына дейін жетіп, күміс медальды ел қоржынына салған болатын. 

 

АЗИЯ БІРІНШІЛІГІНДЕ ҚАЗАҚСТАН НАМЫСЫН ТӨМЕНДЕГІ СПОРТШЫЛАР ҚОРҒАУДА:

Шпага, әйелдер:

Софья Николайчук, Виктория Қайдарова, Владислава Андреева, Наталья Зинякова; 

Шпага, ерлер: 

Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай; 

Сабля, әйелдер: 

Айгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастасия Гулик, Жасмин Капыджы;

Сабля, ерлер: 

Артем Саркасян, Саттархан Назарбай, Жанат Нәбиев, Бақдәулет Құралбекұлы;

Рапира, әйелдер:

София Ақтаева, Құлжан Түсіпбекова, Алена Гноева, Алина Ескендірова; 

Рапира, ерлер:

Ғалым Нұрымов, Темірлан Қалиев, Тимофей Семенов, Никита Пономарев.

Арда КЕМЕЛ