44 жастағы Қуаныш Сербаев екі жылдан бері Төлеби ауданы Ақбастау ауылындағы карьерде жұмыс істеген.
Түркістан облысында ер адам көлікте тірідей өртеніп кетті
Фото: otyrar.kz
839
оқылды

Төлеби ауданында карьер жұмысшысы тірідей өртеніп кеткен. 44 жастағы марқұм Қуаныш Сербаевтың артында екі қызы мен екінші топтағы мүгедек әйелі қалды. Марқұмның туыстары тергеу жұмысының баяу жүріп жатқанын айтады. Олар жұмыс берушілердің немқұрайлығына да наразылық танытып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Оtyrar.kz-тің жазуынша, Қарлығаш Сербаева осыдан 13 күн бұрын ұлын жер қойнына тапсырды. 44 жастағы Қуаныш Сербаев екі жылдан бері Төлеби ауданы Ақбастау ауылындағы карьерде жұмыс істеген. Алайда 11 маусым күні жүк көлігіне тас тиеп келе жатқан жүргізуші жолда аударылып, көлікпен бірге өртеніп кеткен.

«Алдымда жүрген балам дем арасында жоқ болып кетті, бір секундтың ішінде. Ол қалай болғаны? Техникалық қауіпсіздік деген жоқ. Азаннан кешке дейін сол машинаны қайта-қайта жөндей береді. Түнімен-күнімен ауысымды жұмыста. Бір кедергі болды ғой. Әйтпесе бұл балам машинаны беске біледі. Қанша жылдан бері айдап келе жатқан. Сондықтан оларға бастарын ала қашудың қажеті жоқ», – дейді марқұмның анасы Қарлығаш Сербаева.

Жұмысқа сау кетіп, күлге айналған сүйегі келген Қуаныштың артында екі қызы мен әйелі қалды. Бірнеше жыл бұрын ауыр дертке шалдыққан жұбайы қазір Алматыда ем алып жатыр. Марқұмның әкесі жұмыс барысында жан тапсырған ұлының отбасына ең құрығанда өтемақы берілуін сұрайды.

«Баланы барып көрейін десем, жоқ сізге баруға болмайды деді. Сөйтіп жан-жақтан адамдар жиналып, өздері орап, өрт сөндіруші көлік келгенше машинаның түгі қалмай жанып кеткен ғой. Бала да ішінде қалған. Бетін ашпай денесімен коштастық», – дейді марқұмның әкесі Жаңаберген Сербаев.

Үйленгелі жалдамалы пәтерде тұрып келген марқұмның отбасы тек соңғы жылдары ауыл маңынан үй салуды бастаған. Бірақ, оны да аяқтап үлгермеді. Ал, жұмыс берушілер өндірісте жүріп ажал құшқан Қуаныштың отбасына жәрдем берілуі тек сараптамадан кейін белгілі болады деп отыр.

«Қуаныш аға «Куари сервис» келгелі істейді. Өз ісіне тиянақты кісі болған. Жұмысқа жауапкершілігі бар. Өте ұқыпты кісі болған. Бұны енді сараптама анықтар. Білмеймін қалай болғанын. Жауап бере алмаймын сөздің ашығы», – дейді Тау-кен цехының басшысы Мақсат Айтқұл.

Қазір бұл іске қатысты еңбек қағидаларын бұзу бабымен тергеу басталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram  арнасынан таба аласыз.