Алаяқтардың азаматтар үстінен миллиондап онлайн несие рәсімдеп, депозит-ес­еп­­шотындағы бар жинағын қотарып алуына қуатты бір то­с­­­­қауыл қойылмақ.
Алаяқтармен арпалысқа «Антифрод» араласты
1,295
оқылды

Осы мақ­­­­­­­­­­сат­та  Sauap.org ағарту­шылық порталының хабар­лау­ынша, 2024 жылғы 22 та­мыз­­­­дан бастап ел тарихында тұңғыш рет «Антифрод-орта­лық» өнер­кәсіптік эксплу­а­­­тацияға беріледі. Бұл хабар­ды Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов растады.

Антифрод деген не?

«Антифрод» деген сөз ағылшын тілінде anti-fraud, яғни «алаяқтыққа қарсы» дегенді білдіреді. Антифродтар, яғни мамандандырылған, автомат­тандырылған бағдарламалар, мысалы құзырлы орган бекіткен критерийлер негізінде әрбір банктік және онлайн операцияларды бағалап, күдікті транзакцияларды іріктеп алады да, дереу бұғаттайды. 

Бұл ретте «Антифрод-орталық неге бүгіннен іске қосылмайды, неге дәл 22 тамыз таңдап алынған?» деген сауал туындайды. Өйткені осы күні «Кейбір заңнамалық актілерге байланыс, цифрландыру, инвестиция­лық ахуалды жақсарту және артық заң­намалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң күшіне енеді. Бұл заң 2024 жылғы 21 мамырда өмірге жолдама алды және алғашқы ресми жарияланған күнінен 60 күн өткен соң ғана қолданысқа ен­гізіледі. 

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Ұлттық банктің еншілес ұйымы – «ҚР Ұлт­тық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ-ның базасында істейтін Антифрод-орталық платформасы қазірден әзір тұр. Ол былтырғы жылдың қарашасынан бері 13 банктің және «Қазпошта» АҚ-ның қатысуымен тестілік режимде жұмыс істей бастады. Ішкі істер органдары да платформаға қосылу сатысында тұр. ІІМ алаяқтықпен байланысты инциденттерге жедел үн қатып, ден қоюы және қаржы ұйымдарының бәрімен шұғыл ақпарат алмаса алуы үшін тұғырнамада оған арнап, жеке функционал дайындалыпты. 

– Бірақ Антифрод-орталықты өнер­кәсіптік эксплуатацияға енгізу тек аталған заң қолданысқа енгізілген соң ғана жүзеге асырылады. Яғни, заң күшіне енген күні орталық та өнеркәсіптік қолданысқа беріледі. Сонымен қатар Ұлттық банк алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетігін құру мәселесіне басымдық беретінін атап өтеміз. Осыған орай Антифрод-орталықтың базасында «Құзыреттер орталығы-Центр компетенций» құрылатын болады. Ол алаяқтықты жүзеге асыру әдістерін талдаумен, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесі, заңсыз бәс қабылдау және есірткі айналым­ын қоса алғанда, құқыққа қарсы опер­­ациялармен күрес­тің пәрменді шараларын әзірлеумен айналысады, – деді Ұлттық банк төрағасы Т.Сүлейменов.

Антифрод-орталыққа барлық банктің, төлем ұйымдарының, мобильді операторлардың ақпараттық жүйелері қосылады. Бұл шынайы уақыт режимінде ақпарат алмасуға, тұлғаларды және оларға қатысты операцияларды алаяқтардың қара тізімі бойынша тексеріп, салыстыруға мүмкіндік береді. 

Жылпостарға жем болып жатыр...

Sauap.org қазақстандықтардың алаяқтарға жем болып жатқанын дәлелдейтін нақты деректер келтіреді. Мысалы, Алматы қаласында 73 жасар зейнеткер Л.В. алаяқтардың арбауына түсіп, жалғыз баспанасын тездетіп 18 миллион теңгеге сатып жіберген. Сондай-ақ банкте 1 миллион теңге кредит рәсімдеген. Осы қаражаттарды және депозиттегі 6 миллион теңге жинағын қосып, алаяқтарға жалпы сомасы 25 миллион теңгесін аударған. Қазір Алматы қаласының Алмалы аудандық полициясы қылмыскерлерді іздеу бойынша тергеуді тоқтатқан екен. Бүгінде кейуана әлеу­меттік баспанада тұрады және зейнет­ақысының 70%-ын соның арендасына төлейді. Қалған сомасының бір бөлігін банкте рәсімдеген несиесін өтеуге аударуға мәжбүр. Банктің кестесі бойынша ол кредитін 2028 жылға дейін немесе 79 жасқа толғанша өтейтін болады. 

Өскеменде 72 жасар әжей Б.Б. алаяқ­­тардың тұзағына түсіп, 2 миллион теңгеден астам сомаға банкте кредит рәсімдеген. Ішкі істер органдары оны «зардап шегуші» деп таныды. Тергеу іс-шаралары тыйылған. Яғни, полиция қолында зейнеткердің аударған қаражатын шешіп алғандардың фото-видеосы бола тұра, қылмыскерлер құрықталмапты.

Алматыда ауруханалардың бірінің мейірбикесі, 54 жасар К.Қ. алаяқтардың сөзіне еріп, бірден екі банкте 6 миллион теңге несие рәсімдеп, оны қаскөйлердің нұсқаған шотына аударған. Қазір оның ісі бойынша да полиция қылмыскерлері іздеу және тергеу іс-шараларын тоқтатты. Өз кез­егінде банктер зардап шегушіні несиелерін толық өтеуге мәжбүрлеу жұмысын жүргізіп жатыр. 

2023 жылғы қазанда Алматыда қаскөйлер қоғамдық көлік ішінде 63 жас­ар зейнеткер А.З.-ның ұялы телефонын ұрлап алып, оның қатысуынсыз, әжейдің үстінен 577 мың теңге несие рәсімдеген. Ішкі істер органдарына банктің ол қаражатты кімге жол­дағаны белгілі екен, алайда қылмыс­керлерді ұстау бойынша әрекет танытпаған. Банк болса, визуалды верификация бойынша өз жұмысындағы олқылықты мойындамаған және зардап шегушіні несиесін толық мойындауға мәжбүрлеу үшін шара қабылдап жатыр. 

Мұндай мысалдар жетіп артылады. Алаяқтар нөмірді ауыстыру технологияларын қолданып, қазақстандықтарға тіпті төл банктерінің, туыстарының, бастықтарының ұялы телефонынан қоңырау шалады. Немесе құрбанының сеніміне кіру, мысын басу, сөзсіз ба­ғынуға мәжбүрлеу үшін өзін таныс­тырғанда банк қызметкерінің, ішкі қауіпсіздік қызметкерінің, құқық қорғау органы өкілінің, Ұлттық банк, министрлік қызметкерінің және бас­қас­ының «терісін» жамылады. 

Пәрменді күрес – билікке сын

ІІМ дерегінше, 2022 жылы қазақ­стандықтардан өз үстінен алаяқ­тардың банктерде – 6,6 миллиард теңгеге кредит рәсімдегеніне қатысты 5 814 шағым, микроқаржы ұйымдарында  жалпы сомасы 342 миллион теңгеге несие рәсімдегені туралы 619 шағым түскен. 

2023 жылы тіркелген шағымдардың саны банктер бойынша – 6 246-ға, шығын сомасы  7,5 миллиард теңге сомаға жетті. Мұның сыртында алаяқтар 451 азаматқа МҚҰ-ларда 255 миллион теңге несие рәсімдеп, қаражаттарды қолма-қол шешіп алған. 

коллаж: Елдар ҚАБА

 

Бұл полицияға арызданғаны ғана. Мұның сыртында мың­даған адам алаяқтарға алданғанын, саз­ға отырғанын біліп, сан соққанымен, ай­ыпты өз мойнына алып, несиесін төл­еп жатыр, не төлеуден бас тартты. Ұлт­тық банктің статистикасы бойын­ша, төлем енгізу тоқтатылғанына 90 күннен асып кеткен жұмыс істемейтін заемдардың көлемі 2022 жылғы қаң­тардағы 353 миллиард теңгеден 2024 жылғы наурызда бірден 76,5%-ға өсіп, 622 миллиард теңгеге жеткен. 

– Проблемалы кредиттердің өсуіне қаржы институттарының және коллекторлық агенттіктердің жұмысының тиімсіздігі ғана емес, сондай-ақ несиеге қатысты алаяқтық қылмыстарының күрт өсуі де ықпал етеді. Алаяқтардың қазақстандықтарға келтірген шығыны ішкі істер органдарының және Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің беделіне нұқсан келтіреді. Құзырлы органдар жә­не қаржылық реттеуші алаяқтарды тауып, жазалау жұмыстарынан бойын аулақ салды. Банктер мен МҚҰ-лар бол­са, мұндай заемдарды реттеуге, қыл­мысты ашуға көмектесу және алаяқ­тық несиені есептен шығару орнына, зардап шегушіні борышкерге айналдыруға күш салады, – деді Мә­жіліс депутаты Ерлан Стамбеков. 

Ұлттық банк азаматтардың алаяқтық операциялардың белгілері бар шоттарын бұғаттау бағытында өз құзыреті шегінде шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. Соның бірі – жоғарыда айтылған Антифрод-орталық. Оның қызметі 2024 жылғы 21 мамырда жарияланған заңда заңдастырылды. Антифрод-орталықты құру жөніндегі заңнамалық түзетулерді Ұлттық банк әзірлеген болатын. 

– Заңды іске асыру үшін Ұлттық банк енді қаржы ұйымдары мен меморгандар арасында жедел ақпарат алмасу, сондай-ақ алаяқтық операция­ларға үн қату үшін Антифрод-орталық инфрақұрылымын іске асырады. Бұл орталықтың міндеттеріне біріншіден, алаяқтық транзакцияларды анықтап, оларға жедел ден қою, соның ішінде оларға аударылған қаражатты, транзакцияны бұғаттау кіреді. Екіншіден, қаржы нарығына қатысушылар арасында онлайн режимде алаяқтық операциялар туралы ақпарат алмасады. Үшіншіден, алаяқтық операциялардың бірыңғай дерекқорын жүргізеді. Қаржы ұйымдарының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастырады, – деді Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов.

Қабылданған «байланыс, цифрландыру, инвестициялық ахуалды жақсарту және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша» заңда айтылғандай, Анти-

фрод-орталық немесе «алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша деректер алмасу орталығы» – Ұлттық банктің алаяқтық белгілері бар төлем транзакцияларын болғызбауға бағытталған шараларды жүзеге асыратын заңды тұлғасы, еншілес ұйымы болады.

Алаяқтың несиесі кешіріледі

Антифрод-орталық банктер мен МҚҰ секілді қаржы ұйымдарынан, төлем ұйымдарынан, ұялы байланыс операторларынан және қылмыстық қудалау органдарынан келіп түскен, алаяқтық белгілері бар төлем транзакциялары бойынша инциденттер мен әрекеттенулер туралы мәліметтерді, сондай төлемдер, ақша аударымдары жөніндегі деректерді жинайды, өңдейді және талдайды.  

Орталық алаяқтық белгілері бар төлем операцияларын болғызбау үшін қажетті ақпаратты, оның ішінде қатерлер, осал тұстар, инциденттердің туындауының алғышарттары, сондай-ақ олардың алдын алу және зардаптарын жою әдістері туралы ақпаратты қаржы ұйымдарына, төлем ұйымдарына, ұялы байланыс операторларына, қылмыстық қудалау органдарына ұсынады.

Қаржы ұйымы, төлем ұйымы алаяқ­тық белгілері бар төлем транзакция­сы анықталған кезде оны тоқтата тұрады. Ары қарай қылмыстық қудалау органы Антифрод-орталықтан алаяқтық белгілері бар төлем транзакциясы жөніндегі хабарды алғаннан 3 жұмыс күні ішінде оны бұғаттауды жалғастыру туралы шешім қабылдайды. Немесе аударымды одан ары жүзеге асыруға рұқсат етеді. Яғни, ақша аударымы немесе төлем 3 күннен аспайтын уақытқа ғана бұғатталады.

Бас прокурор Берік Асыловтың депутаттарға жазбаша ұсынған мәліметіне жүгінсек, былтырдан бүгінгі күнге дейін алаяқтардың 49 миллионнан астам қоңырауы, оның ішінде алмастырылатын нөмірлерден жасалған телефон соғулар бұғатталды. 

– Бұл бағытта басқа да шаралар қабылданып жатыр. Ұлттық банк базасында жақын арада Антифрод-орталық іске қосылады деп күтілуде. Қазақстан Еуропа кеңесінен компьютерлік қылмыстар туралы Будапешт конвенциясына қосылуға шақырту алды. Халықтың қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сериалдар мен бейнероликтер түсіріліп жатыр. Сонымен бірге бірқатар заңнамалық түзету жоспарланған. Соның ішінде алаяқтық белгілері анықталған жағдайда клиенттердің арыз-шағымдары бойынша ақшаға қол жеткізуді бұғаттау ұсынылды. Жалпы, биылғы жылы интернет алаяқтық фактілері бойынша барлығы 8 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, оның 50%-ы кредит рәсімдеумен байланысты, – деді Берік Асылов.

Ал Үкіметтің дерегінше, 2023 жылдан бері барлық өңірде CyberPol мамандандырылған арнайы топтары құрылып, күреске тартылды. Жыл басынан бері олар алаяқтар шығарып әкеткелі тұрған 79 миллион теңгеден астам қаражатты бұғаттаған.

Өткен аптада, 2024 жылғы 19 мауымда Президент «Кейбір заңнамалық актілерге кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеуді және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Оған сәйкес, бұдан былай алаяқтардың ықпалымен рәсімделгенін дәлелдейтін сот актілері бар берешектер кешіріледі. Несие клиенттің қатысуынсыз, алаяқтық жолмен рәсімделгені сотта дәлелденсе және тиісті сот үкімі күшіне енсе, онда қаржы ұйымына клиенттен ол қарызын өндіруіне тыйым салынады.

Елдос СЕНБАЙ