Президент әр салада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты.
Әділетті Қазақстанды аңыздағы қаһармандар емес, адал азаматтар құрады – Президент
444
оқылды

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды кемеңгер көсемдер, аңыздағы қаһармандар емес, қарапайым еңбеккерлер мен адал азаматтар құратынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Президент елдегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталып отырғанын атап өтті.

– Осындай адамдарды жан-жақты насихаттау қажет. Заманымыздың нағыз батырлары және ұлтымыздың сенімді тірегі – осындай адамдар. Мемлекеттің қуаты – халықта, ал халықтың қуаты – жасампаз күш-жігерде және отаншылдықта. Сондықтан еліміздегі барлық ауқымды өзгерістер адамға, оның қарым-қабілетін толық ашуға бағытталған. Біз үшін реформалардың өзі ғана емес, түпкі мәні маңызды. Біздің реформаларымыз қызыл сөзге емес, нақты іске негізделген. Басты мақсат – азаматтарымыздың болашаққа деген сенімін нығайтып, әл-ауқатын арттыру. Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамда Заң мен тәртіпті орнықтыру үдерісінде атқаратын рөлі айрықша. Бұл – елімізде жүргізіліп жатқан жаңғыруларға негіз болатын қағидаттардың бірі, – деді Мемлекет басшысы. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр салада заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданып жатқанын айтты.

– Қазақстан – құқықтық мемлекет. Ал кез келген құқықтық мемлекетте азаматтар мен институттардың барлығы заңдарды, ережелер мен нормаларды мүлтіксіз сақтауға тиіс. Қоғамдағы қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктер ұлттық заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешілуі керек. Бұл – мен үшін мызғымас ұстаным. Сонда ғана біз берекелі және әділетті қоғам құрамыз. Сондықтан Заң мен тәртіп қағидатын баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру үшін берік іргетас деп қараған жөн. Біз, ең алдымен, жемқорлықты түбірімен жоюымыз керек. Мен осы мәселеге айрықша мән беремін. Біз қоғамда бұл кеселдің бар екенін жасырмаймыз. Ашық айтамыз деп  оның зардабын да тартып жатамыз. Тіпті, кейде шетелдіктер де, өз азаматтарымыз да Қазақстанды жемқорлыққа белшесінен батқан ел деп ойлайды. Бұл шындыққа еш жанаспайды. Ел мүддесі үшін еңбек етіп жүрген адал азаматтар аз емес. Қайталап айтамын: жемқорлық – кесел. Біз тұтас қоғам болып оған қарсы тұруымыз керек. Сонда ғана нәтиже болады, – деді Тоқаев.