Жаңалықтар индустриясы ЖИ-ге шабуылды күшейтуде. Журналистік зерттеу орталығы OpenAI және Microsoft компанияларын авторлық құқықты бұзды деген айыппен сотқа берді.
Жаңалықтар индустриясы ЖИ-ге шабуылды бастады
Журналистік зерттеу орталығы OpenAI және Microsoft компанияларын авторлық құқықты бұзды деген айыппен сотқа берді. Фото hypetime.ru сайтынан алынды
1,381
оқылды

CNBC телеарнасының хабарлауынша, АҚШ-тың беделді коммерциялық емес ұйымы OpenAI мен Microsoft-ты сотқа берген. Осы хабарламаға сүйенген Aikyn.kz бұл оқиғаның себептері мен салдарларын түсіндіреді. 

«Авторлық құқықты бұзды» деген айыптаулар OpenAI-ге The New York Times, Chicago Tribune және New York Daily News сияқты басылымдардан да түскен. Фото The New York Times сайтынан алынды

Бейсенбіде (26 маусым) Журналистік зерттеу орталығы (CIR) OpenAI және Microsoft компанияларын авторлық құқықты бұзды деген айыппен федералды сотқа берді. Зерттеу орталығы OpenAI «CIR-дің бағалы контентін рұқсатсыз және ешқандай өтемақысыз көшірген және пайдаланған қысқартқан, көрсеткен» деп мәлімдеді.

Дәл осы күні Time журналы OpenAI-ге журналдың 100 жылдан астам тарихында шыққан, ағымдағы және мұрағатталған мақалаларды қолдануға рұқсат берді. Бұны екі жақ «контентке қатысты көпжылдық келісім» деп атады.

Екінші жағынан, жаңалықтар индустриясы OpenAI-мен күресуде Журналистік зерттеу орталығы (CIR) сияқты күшті одақтасқа ие болды. «Авторлық құқықты бұзды» деген айыптаулар OpenAI-ге бұрын да The New York Times, Chicago Tribune және New York Daily News сияқты басылымдардан да түскен болатын.

 

Time журналы OpenAI-ге журналдың 100 жылдан астам тарихында шыққан, ағымдағы және мұрағатталған мақалаларды қолдануға рұқсат берді. Фото narrato.io сайтынан алынды

2022 жылдың қарашасында көпшіліктің қолдануына ұсынылған OpenAI-дің ChatGPT чат-боты пайдаланушының сұрауларына жауап беру үшін интернетті тексеріп отырады, ол көбінесе жаңалықтардан алынған көшірмелердің негізінде оқытылып, жұмыс істейді. CIR-дің бас директоры Моника Бауэрляйн айыпталушыларды «қоғамдық көлікте билетсіз жүргісі келетін мінез-құлықтары» үшін айыптады.

«OpenAI және Microsoft өз өнімдерін тартымды, қуатты жасау үшін біздің тарихымызды жинай бастады, бірақ материалымызға лицензия арқылы қолданатын басқа ұйымдар сияқты олар рұқсат сұрамады немесе өтемақы ұсынбады», – дейді Бауэрляйн.

Жаңалықтар индустриясы мен көптеген басылымдар ЖИ-дің жасаған контенті үлкен сұранысқа ие болып, кең тарала бастағандықтан, өз бизнестерін белсенді түрде қорғауға көшті.

Желтоқсан айында The New York Times Microsoft пен OpenAI-ге қарсы сотқа шағым түсіріп, бұл компаниялар ChatGPT-ді оқыту кезінде газеттің журналистік контентіне қатысты зияткерлік меншігін бұзды деп айыптады. «Times-тың ерекше құнды туындыларын заңсыз көшіруге және пайдалануға» байланысты, басылым «заңмен белгіленген және нақты залал ретінде OpenAI-ді миллиардтаған доллар болатын» жауапкершілікке тартатынын айтты.

OpenAI болса Times басылымының оқиғаларға берген бағасымен келіспеді. Сәуір айында Chicago Tribune газеті басқа жеті газетпен бірге сотқа дәл осындай талап-арыз түсірді.

Жаңалықтар индустриясының өкілдерінен басқа Джонатан Францен, Джон Гришам, Джордж Р.Р.Мартин және Джоди Пикулт сияқты танымал америкалық авторлар тобы 2023 жылы олардың жұмыстары ChatGPT-ді оқыту үшін пайдаланылып, авторлық құқықтар бұзылды деп OpenAI-ді сотқа берді.

Бірақ ақпараттық ұйымдардың біразы OpenAI-мен ынтымақтастық орнатуға көшкен. Мысалы, бейсенбі күні (26 маусым) таңертең OpenAI мен Time журналы арасында келісім жасалғаны жариялады. «Көп жылдық контент туралы» деп аталатын келісім бойынша Time журналының 100 жылдан астам тарихындағы ағымдағы және мұрағатталған мақалаларды қолдануға OpenAI-ге рұқсат берілді.

Бұда кейін OpenAI-дің ChatGPT чат-боты пайдаланушының сұрақтарына жауап ретінде Time-да жарияланған контентті көрсете алады, сондай-ақ OpenAI компаниясы Time контентін «өз өнімдерін жақсарту үшін» немесе жасанды интеллект үлгілерін үйрету үшін пайдалана алады.

Мамыр айында OpenAI компаниясы News Corp-пен осыған ұқсас серіктестік орнатқанын жариялады. Бұл OpenAI-ге The Wall Street Journal, MarketWatch, Barron's, New York Post және басқа басылымдардағы ағымдағы және мұрағатталған мақалаларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Reddit те мамырда OpenAI-мен серіктес болатынын хабарлады, бұл компанияға өзінің ЖИ үлгілерін үйретуде Reddit-тің контентін еш шектеусіз қолдануға мүмкіндік береді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.