Бұл миллиардер жұма күні (28 маусым) 5 қайырымдылық ұйымына 5,3 миллиард доллар бөлді. Бұл оның ең ірі жылдық қайырымдылық көмегі болды.
Миллиардер қайырымдылық ұйымына 5,3 миллиард доллар аударды
Миллиардер қайырымдылық ұйымдарына жыл сайын миллиардтаған долларлық аударымдар жасайды. Фото pro-dachnikov.com сайтынан алынды
4,458
оқылды

CNBC телеарнасы өте танымал миллиардердің қайырымдылық көмегі туралы, оның балаларына арналған өсиеті туралы жазды. Aikyn.kz осы материалға сүйеніп, америкалық миллиардердің қайырымдылық әрекетінің мәнін түсіндіреді.

Уоррен Баффет ақсақал тек шындықты айтып, адал әрекет ету арқылы миллиардер болған. Қандай үлгі боларлық өмірлік қағида! Фото White House ресми сайтынан алынды. Авторы: Pete Souza

Жұма күнгі (28 маусым) мәлімдемеге сәйкес, тамыз айында 94 жасқа толатын аты аңызға айналған инвестор Berkshire-дің A санатындағы 8 674 акциясын В санатындағы 13 миллионнан астам акцияларға ауыстырып 5 қайырымдылық ұйымына сыйға тартты. Оның 9,93 миллион акциясы Билл және Мелинда Гейтс қорына, қалған акциялар қайтыс болған бірінші әйелінің атымен аталған Сьюзен Томпсон Баффет қорына және оның балалары Ховард, Сюзан және Питер Баффет басқаратын үш қайырымдылық ұйымына берілді.

«Омаха көріпкелі» деген атқа ие болған Уоррен Баффет 1965 жылдан бері өзі басқарып келетін штаб-пәтері Омахада (Небраска штаты) орналасқан Berkshire конгломератында жинаған байлығын таратып беруге уәде берген. Миллиардер сол уәдесінде тұрып, 2006 жылдан бері 5 қайырымдылық ұйымына жыл сайын миллиардтаған долларлық қайырымдылық жасап келеді.

Кезекті қайырымдылықтан кейін Баффетте Berkshire-дің A санатындағы 207 963 акциясы мен B санатындағы 2 586 акциясы бар, олардың жалпы құны шамамен 130 миллиард доллар.

Аңызға айналған миллиардер Уоррен Баффет өмірде де қарапайым. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: David Paul Morris

The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында Баффет қайтыс болғаннан кейін өзінің бірегей конгломератын құрудан жинаған орасан зор байлығы оның үш баласы басқаратын жаңа қайырымдылық қорына берілетінін жариялады. 

«Қордағы қаражатты біз сияқты табысқа жете алмаған мұқтаж адамдарға көмектесу үшін пайдалану керек. Әлемде сегіз миллиард адам бар, мен және менің балаларым соның 1%-ының бірінші жүздігіне кіру бақытына ие болдық. Адамдарға көмектесудің көптеген жолдары бар», – дейді Уоррен Баффет.

Баффет бұған дейін үш баласы оның өсиетін орындаушылар екенін, сондай-ақ болашақта оның мүлкінің 99%-дан астамына иелік ететін қайырымдылық қорының қамқоршылары екенін айтқан.

Berkshire Hathaway’s компаниясын құрып, адал еңбегімен жинаған 130 млрд доллар байлықты қоғамның игілігіне арнаған аңыз адам. Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: David Paul Morris

Berkshire Hathaway’s компаниясының осы мамырдағы жыл сайынғы жиналысында Баффет акционерлерге болашақ туралы ашық айтқан. Ол акционерлерге компанияның болашағы мен басшылықтан кеткеннен кейін не болатынын түсіндірген. Berkshire-дің сақтандыру емес операциялар жөніндегі орынбасары Грег Абел миллиардер Баффеттің орнына келетіні белгілі болды.

Миллиардердің мұрасына баланысты өсиеті Баффет қайтыс болғаннан кейін жария болатыны да айтылды.

«Мен қайтыс болғаннан кейін, менің активтерімді басқару ашық кітап сиқты болады. Олардың ішінде қоғамдық бақылаудан тыс «шығармашылық» қорлар немесе шетелдік құрылымдар болмайды. Дуглас округінің сот ғимаратында тексеруге болатын қарапайым өсиет қалдырамын», – деген еді Уоррен Баффет 2023 жылы қарашада.

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған миллиардер өзінің сөзінде тұратынын бүкіл әлемнің іскер топтары жақсы біледі. 

Ұзақ жылдар бойы өзінің адал еңбегімен жинаған 130 млрд доллар байлықты қоғамның игілігіне арнаған аңыз адамның өнегесі қазақ миллиардерлеріне үлгі боларлық іс екен. 

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.