Мереке дәстүрлі түрде университеттің орталық Фемида алаңында өтті.
Cтуденттер Ұлыбританияның жоғары білім беру стандарттарына сай диплом алды
2,247
оқылды

Maqsut Narikbayev University 2024 жылғы түлектерінің бітіру кеші өтті. Жалпы, осы жылы оқуды 694 студент тәмамдады, ал оның 39-ы – шетелдік студент. Биыл MNU студенттері QAA арқылы аккредиттелген, яғни Ұлыбританияның жоғары білім беру сапасының стандарттарына сәйкес келетін дипломдарын қолына алды.

Мереке дәстүрлі түрде университеттің орталық Фемида алаңында өтті. MNU Провосты Сергей Пен бірінші кезекте сөз алып, түлектерді университетті аяқтауымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Бүгін әрбіріңіздің жаһанды жақсартуға атсалыса алатындығыңызға кепіл болатын дипломдарыңызды қолдарыңызға аласыздар. Қазіргі таңда әлем тұрғындарының саны 8 миллиард болса, сіздер солардың ішіндегі – 694 жүйрігісіздер. Себебі сіздер – MNU түлектерісіздер. Біз баршаңызға сенім артып отырмыз, ал жетістіктеріңіз жақындарыңызға, біздің университетке мақтаныш болатыны анық. Өмірлік және кәсіби жолда даналық пен абырой биігіне көтеріліңіздер», - деді Сергей Пен.

Сондай-ақ MNU студенттері бар ықыласпен Отан үшін еңбектенуге, патриотизм, адалдық пен әділдікті алға тартуға ант берді. Дәстүр бойынша Фемида мүсінінің жанындағы Орталық алаңға «жұлдыз» қойылып, бұл түлектер буыны университет тарихына мәңгілікке енді.

Іс-шара барысында арнайы қонақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдарбек Ходжаназаров, сөз сөйледі.

«Сіздер – үздік университеттің шәкіртісіздер! Егер сіз өз ортаңыздың ең ақылдысы болып көрінсеңіз, демек, қоршаған қауымыңызды өзгертуіңіз керек. Әрдайым өзіңізден әлдеқайда ақылды, тәжірибелі адамдармен сөйлесіңіз. Баршаңызға бақыт тілеймін. Бұл жаһан қанша кең көрінгенімен, сіздер алар асу алда!» - деді Мәжіліс депутаты.

Салтанатты шараның хедлайнері ретінде белгілі қазақстандық әртіс Дастан Оразбеков сахна төрінде ән шырқады. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram  арнасынан таба аласыз.