Жаз маусымы – аптап ыстықтың әсерінен жәндіктердің жер бетіне шығып, адамдарға «шабуылдайтын» кезеңі.
Кене басқан Алматы
785
оқылды

Тұрғындар үшін жаз айлары демалысқа арналса да, климаттың өзгеруінен туындап отырған жайсыз жағдай балалар мен ересек­тердің жазғы демалысына кедергі келтіретіні жасырын емес. Жән­діктердің жер бетіне тарап, тіршілігі басталатын уақытта тиісті мекемелер де дабыл қағып, тұрғын­дардың қауіпсіздігін қам­тамасыз ету мақсатында түрлі залалсыздандыру іс-шара­­­ларын ұйым­дас­тырады. Дегенмен маман­дар қолданып отырған барлық әдіс-тәсіл зиян­кестердің жойылуына тол­ыққанды тосқауыл бола алады деп айту қиын. Себебі бұл жыл өткен сайын күн жылынған уа­қыт­тан бастап қайта­ланатын қалыпты жағдайға айналған.

1 927 адам медициналық көмекке жүгінген

Кене маусымы басталған уақыттан бері Алматы қаласында 2024 жылдың 20 маусымдағы көрсеткіші бойынша 1 927 адам кене шағу мәселесімен меди­циналық ұйымдардың көмегіне жүгінгені белгілі болды. Шаһардың Санитария­лық-эпидемиологиялық бақылау департа­менті былтырғы санмен салыс­тырғанда аса бір айырмашылықтың жоқ екенін, көр­сеткіште әлі күнге дейін өзгеріс байқалмағанын айтады. Мәселен, 2023 жылы дәл осы уақыт аралы­ғында кене шағып, көмекке мұқтаждық танытқан 1 944 адам тір­келген. Оның ішінде көмекке жүгінгендердің басым бөлігі балалар ек­ені ан­­­­­­ық­талды. Нақтырақ айтсақ, 900-ден ас­тамы 14 жасқа дейінгі балалар, ал ­­ол­ар­­­­­­дың жалпы көрсеткіш бойынша не­гізгі үлес салмағы 47,2 пайызды құрайды. Жыл басынан бастап ересектер ара­сында кене энцефалитінің 1 жағдайы тір­келген. Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау де­п­артаментінің басшысы Қасымхан Алпысбайұлы қазіргі уақытта кене шаққан науқастарға медициналық көмек көрсет­ілгенін жеткізді.

– Барлық науқасқа шұғыл медицина­лық көмек көрсетілді, сондай-ақ көрсеткіш­тер бойынша кенеге қарсы иммуно­­гло­бу­лин енгізілді. Кене шағып алған жа­ғ­­­­­дай­да мүмкіндігінше ертерек, яғни кене шаққан уақыттан бастап төрт күннен кешіктірмей медициналық мекемелердің (травматологиялық пункттерге) көмегіне жүгіну қажет. Мұнда науқастарға бі­лікті мамандар медици­налық көмек көрсетеді. Науқастарға кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізіл­еді. Қалада кене шағудан зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіп, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин егу бойынша Орталық қалалық клиникалық ауруханасы, Шұғыл жедел көмек көрсету ауруханасы, №4 қалалық клиникалық ауру­ханасы, №7 қалалық клиникалық ауруханасы және Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығы секілді медициналық ұйымның травматологиялық пункттерде жүргізіледі, – дейді Алматы қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Қ.Алпысбайұлы. 

Шикі күйінде тұтыну – аса қауіпті

Кенелердің нағыз шоғырланған орны –­ саябақ, бау-бақша, орман, онымен қоса кене энцефалиті бойынша эпидемиялық аумақтар болып келеді. Жазғы маусымда отбасымен, достарымен табиғат аясына демалысқа шыққан тұрғындарды кене жоғарыда аталған орындарда шағып алу ықтималдылығы жоғары. Сондықтан мамандар кәсіп жолы орманмен тікелей байланысты адамдардың (орманшылар, геологтер, құрылысшылар, топографтар және т.б) ауруды жұқтыратын ең қауіпті топқа жататынын айтады. Одан өзге кене адамдардың киімі мен үй жануарлары арқылы тасымалданады. Мамандар кене жануарды шаққан кезде вирус оның сүтіне де өтуі мүмкін екенін, ал бұл көбіне сиыр, қой, ешкі жануарының шикі сүтінде кездесетінін атап өтті. Оның бір дәлелі, кезінде Кеңес одағының әртүрлі аймақтарында энцефалиттің алиментарлы «ешкі» эндемиялық ошақтары анықталған. Кене шаққан жануардың өнімін толық қайнатпай, шикі күйінде тұтыну адам денсаулығы үшін аса қауіпті екенін естен шығармаған жөн. Осыған сәйкес, кене жұқтыру қауіп-қатерін алдын алу мақсатында мегаполисте орман алқаптарына, халықтың жаппай демалатын орындары саябақтар мен скверлерге кенеге қарсы өңдеу жұмысы жүргі­зілген. Алматы қаласының Сан­­и­­­тария­лық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы биылғы жылдың 14 мамыры мен 11 маусымы аралығында жалпы саны 2 366,56 гектар (100%) жер өңделгенін, оның ішінде орман алқаптары 1 904,924 гектарды құрайтынын жеткізді. Қазір шаһардың барлық ауданында орналасқан қалалық саябақтар мен скверлерде (461,363 гектар) өңдеу шаралары аяқталды. 

Қураған ағаштар – зиянкестердің ошағы

Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-­зерттеу институтының өсімдікті биология­лық қорғау бөлімінің басшысы Нұржан Мұхамадиев қауіпті паразиттермен күресуде ең бірінші жасыл желекті күтіп-баптаудың маңызы орасан екенін негізге алды.

– Кененің даму кезеңі күн жылынған сайын төмендейді. Қауіпті паразиттің нағыз өршитін кезеңі – сәуір, мамыр айлары. Ал маусым айының соңына қарай кененің таралу қарқыны бәсеңдейді. Әрине, кенемен күресте ағашты күтіп-баптаудың маңызы зор. Бүгінде ағашты күтіп-баптаудың өзіндік ережелері бар. Ағаштардың көбеюінен көшеде жарық шамдары, жол белгілері жабылып қалып жатады. Онымен қоса, апаттық жағдайда тұрған қураған ағаштар әлі де бар. Қураған ағашты дер кезінде кеспей, көп ұстаса, ол зиянкестердің нағыз ошағына айналады. Осыдан бірер жыл бұрын көктем айларында қалада қандала қатты өршіген еді. Қаламызда жасыл желекті күтіп-баптаудың нәтижесінде зиянкестер азая бастады. Қазір Алматы қаласындағы әр ауданның қураған ағаш­тарды кесе отырып өңдеу жұмыстарына мән беріп келе жатқанын байқаймыз, –­­­ дейді ол.

Ауруды алдын алудың жолы – вакцина

Кене энцефалиті – негізінен орталық жүй­ке жүйесін зақымдайтын жедел жұқпалы вирустық ауру саналады. Кене белсенділігі елімізде қыркүйекке дейін жалғасады. Қазақстан аумағы бойынша кене энцефалитінің көбіне Алматы, Шығыс Қазақстан облысында жиі байқалатыны анықталған. Аурудың инкубациялық кезеңі 10-14 күнге, тіпті 30 күн­ге дейінгі аралықта созылуы ықтимал. Маман­дар бала кезінде кене энцефалитіне қарсы екпе егілген адамдарда инкуба­циялық кезең ұзаққа созылатынын айтады. Саябақта, орманда серуендеп кел­геннен кейін шамамен бір аптадан кейін адамның басы ауырып, жүрегі ай­нып, құса бастайды. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтерілген адам бойында әлсіздік сезіледі. Осыдан кейін құрысу, ақыл-есін жоғалту, аяқ-қолдың салдануы сынды ми симптомдары байқалады. Әр адамның кене энцефалитіне бейімділігі вирусқа қарсы қалыптасқан иммунитетіне байланысты әртүрлі болып келеді. Энтомолог Нұржан Мұхамадиев кене энце­фалитінен қорғанудың ең тиімді жолы – вакцина екенін атап өтті.

– Ауруды алдын алудың жолы – вакци­на. Негізінен, вакцинаны қаңтар айынан бас­тап наурыз айына дейін қабылдаған жөн. Себебі осы уақыт аралығында адамның денесінде вирусқа қарсы иммунитет пайда болады. Әсіресе, жұмысы орманмен тығыз байланысты мамандар жыл сайын қыс мезгілінде кенеге қарсы вакцина алады. Осының арқасында қалыптасқан имму­нитет кенеге қарсы төтеп бере алады. Ал егер вакцина алмаса, бұл әсіресе кене энцефалиті кезінде қауіпті болуы мүмкін. Осы тұста ауруды әр ағза әртүрлі қабылдайтынын атап өткен жөн. Вирусқа қарсы иммунитеті қалыптасқан науқас түрлі препараттарды қабылдаудың нәтижесінде сауығып кетуі ықтимал. Керісінше, егер инфекция аса қауіпті болса әрі науқас дәрігердің көмегіне дер кезінде жүгінбесе, мұның соңы адам шығынына әкеліп соғуы мүмкін, – деп сөзін қорытындылады Жазкен Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті биологиялық қорғау бөлімінің басшысы Н.Мұхамадиев.

Мамандар тұрғындарға кене шаққан жағдайда, оны өз бетінше пинцет немесе қысқышпен алмау қажет екенін ескертеді. Себебі кене тұмсығы денесінен үзіліп, адам терісінің астында сақталып қалуы мүмкін. Сондай-ақ арнайы құралмен алынған кенені аймақтық СЭС зертханасына жеткізген жөн. Осының арқасында энтомолог мамандар кененің түрі мен оның адам денсаулығына қаншалықты қауіпті екенін бағамдай алады. 

 

Алматы қаласы

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ