Жаңа зерттеулер жас ұрпақ қажетті заттарды сатып алу кезінде интернеттегі ықпалды тұлғаларға еліктейтінін, соларға ұқсағысы келетінін көрсеткен. Бұрынғы ұрпақ жаңа стильдерді сатып алу үшін дүкендерге немесе сауда орталықтарына барса, Z буыны онлайн сауданы қолданады.
Цифрлық аборигендер TikTok «жұлдыздарына» еліктейді
Z буыны тауарларды онлайн платформалардан іздейді, танымал тұлғаларға ұқсап киім кигісі келеді. Фото vecteezy.com сайтынан алынды
1,523
оқылды

Жас ұрпақтың таңдауына әлеуметтік желілердің ықпалы туралы CNBC телеарнасының сайтында хабарлама жарияланды. Aikyn.kz осы материалға сүйене отырып, Z буыны үшін интернет-дүкендердің қаншалықты маңызды сауда формасына айналғанын талдайды.

Жастар қажетті тауарларды TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік коммерция платформаларындағы «жұлдыздарға» еліктеп сатып алады. Фото stock.adobe.com сайтынан алынды. Авторы: Nina / Peopleimages

KPMG-дің жаңа зерттеулері Азия-Тынық мұхиты аймағында тұратын жастар тұрмысқа қажетті тауарларды сатып алу кезінде танымал жұлдыздарға және ықпал етуші тұлғаларға еліктейтіні, соларға ұқсағысы келетінін анықтады. Мұндай ықпал етуде TikTok және Instagram сияқты әлеуметтік коммерция платформаларының өте маңызды рөл атқаратыны да белгілі.

«Аға буын қажетті тауарларды немесе жаңа стильдерді сатып алу үшін әмбебап дүкендерге немесе сауда орталықтарына барса, Z буыны тауарларды онлайн платформалардан іздейді, өздері жасап алған «пірлеріне» және ықпал етуші тұлғаларға еліктеп, бірдей киім кигісі келеді», – делінген KPMG халықаралық аудиторлық-консалтингтік компанияның хабарламасында.

Зерттеу Қытай, Сингапур, Индонезия, Вьетнам және Филиппинді қоса алғанда, 14 елдегі 7 000 тұтынушының қатысуымен жүргізілген. Сауалнамаға 18 бен 24 жас аралығындағы жастар қатысқан, олардың жартысына жуығы Z жас тобында, яғни, 1997-2010 жылдары туғандар.

Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, Z буыны әлеуметтік коммерцияны (63%) және тікелей коммерция ағынын (57%) сатып алулар жасау үшін маңызды деп бағалаған. Әлеуметтік коммерция Z буыны арасында, әсіресе Қытайда, Вьетнамда, Индонезияда және Филиппинде бөлшек сауда технологиясының ең танымал түріне айналған.

Әлеуметтік медиа мен электронды коммерцияның бірігуі Z буынының идеалдарына сәйкес келеді. Фото linkedin.com сайтынан алынды. Авторы: Kate Isler

Z буыны интернет пен цифрлық құрылғыларсыз күнделікті өмірін елестете алмайтын алғашқы «цифрлық аборигендер». Бұл ұрпақ туғаннан бері цифрлық ортамен тығыз қарым-қатынас жасаған адамзат тарихындағы бірінші ұрпақ деп саналады.

«Әлеуметтік медиа мен электронды коммерцияның бірігуі Z буынының идеалдарына сәйкес келетін қарым-қатынастың жаңа деңгейі», – дейді KPMG-дің Индонезиядағы кеңес беру бөлімінің басшысы және серіктесі Ирван Джажа.

Мұндай интеграцияны ескерген брендтер де жеткізу тізбегінің стратегияларын қайта қарастырып, Z ұрпағының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін әлеуметтік сауда платформаларына назар аударуда. Олар жастарға ерекше ықпал ететін TikTok пен Instagram-ды барынша көп қолданады.

«TikTok әлі де өсіп келе жатқан алпауыт желі және миллиардтаған көрермендер мен ықпал ету потенциалына ие», – дейді электронды коммерцияға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету қызметін көрсететін AfterShip компаниясының негізін қалаушы Эрик Понг. 

«Азияда өте танымал TikTok бизнесі компанияларға TikTok-та жарнама орналастыруға, ықпал етушілер мен негізгі пікір көшбасшыларын тартуға және көрермендерді өздерінің веб-сайттарына бағыттайтын жарнамаларды көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді KPMG сарапшылары.

Z ұрпағы ойшылдығымен, көп тапсырманы орындау қабілетімен, турашылдығымен, үнемділігімен және оқшаулануымен сипатталады. Фото Shutterstock сайтынан алынды. Авторы: Honey Yanibel Minaya Cruz / Unsplash

 

Қысқаша анықтама

Цифрлық әлемдегі жағдай ұрпақтар арасындағы 15-20 жылдық циклдарды келесі түрде жіктейді:

«Бэйби бумерлер» 1943-1961 жылдарда туғандар. Олар дәстүрлі құндылықтарды қайта қарау, мәдени өзгерістер, қалыпты консерватизм, оптимизм, командалық рух, амбиция, белсенділік және үнемділік сияқты қасиеттермен сипатталады.

«Х ұрпағы» (1962-1981) – жеке тәуелсіздік пен индивидуализмді, бастан өткерген күрт өзгерістерге байланысты билікке сенімсіздікті және соның салдарынан саясаттан алыс болу мен оған күмәндануды көрсетеді.

«Ү ұрпағы» (1982-1995) – «миллениалдар» еркіндікті жоғары бағалайды, жаңа тәжірибеге және өзін-өзі дамытуға құмар, ересек тұлға ретінде кеш қалыптасады, ата-анасымен ұзақ өмір сүреді және жекеменшікті маңызды құндылық деп санамайды.

«Z ұрпағы» (1995-2012) – цифрлық аборигендер (байырғы, жергілікті тұрғындар) көптеген құрылғыларға қосылған, достары жариялаған ақпаратқа, сондай-ақ блогерлер мен пікір көшбасшыларының ұсыныстарына қатты сенеді. «Ауыздан ауызға тарайтын сөз» ұғымы (Word of Mouth) Z ұрпақтың коммуникация үлгісінің құрамдас бөлігіне айналды. Ойшылдығымен, көп тапсырманы орындау қабілетімен, турашылдығымен, үнемділігімен және оқшаулануымен сипатталады.

«Альфа ұрпағы» (2010-2024) – бұл буынның тұлғалық қасиеттері мен сипаттамасы әлі де қалыптасуда.

Ұрпақтардың уақыт шекаралары елдегі цифрлық технологиялардың деңгейіне байланысты бес-алты жылға немесе одан да көп уақытқа жылжуы мүмкін. Фото theinspiredhomeshow.com сайтынан алынды

Бұл жерде көрсетілген ұрпақтардың уақыт шекаралары «қалқымалы». Өйткені әртүрлі елдер үшін бес-алты жылға немесе одан да көп уақытқа жылжуы мүмкін. Мұндай жылжулар мемлекеттің индустриялануы, экономикалық дамуы және әлеуметтік-саяси жағдайына, цифрлық технологиялардың енгізілуіне байланысты. 

Қазақ елінде «Z ұрпағының» сипаттары 2005 жылдан кейін туған балаларда кездеседі. Өйткені біздің елдегі цифрлық коммуникациялардың кең таралуы 2010 жылдан кейін кеш басталғанын ескеру қажет.

Қоғамдық пікірге ықпал етуші тұлғалар деп айналасына өзіне ниеттес аудитория жинаған пікір көшбасшыларын айтамыз. Олар міндетті түрде тапсырыспен контент жасайтын немесе жарнамадан ақша табатын блогерлер емес. Бұлар сөзіне құлақ асатын және сенім артатын өз саласының кәсіби мамандары – актерлар, спортшылар, музыканттар, ғалымдар болуы мүмкін.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.