Елена Әбдіхалықова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қамалуына байланысты өз пікірін айтты.
«Құдды бір мемлекетіміздің қас дұшпанын қолға түсіргендей шулады»: Елена Әбдіхалықова қамалған Тұрсынбек Қабатовқа қолдау білдірді
20,133
оқылды

Танымал сазгер, композитор, журналист Елена Әбдіхалықова ұшақта бейәдеп сөз айтып, бес тәулікке қамалған Тұрсынбек Қабатовқа қолдау білдіріп, желіде пікірін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұған дейін әзілкеш мас күйде ұшақта шу шығарып, бортсерікті балағаттаған еді. 

“Әлемжеліні ашып қалсаң, «әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды» деп, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, ұры иттің артындай шуылдасқан сайттар мен оған «жаны кірген» халықты көріп, ойға қалдым. Құдды бір мемлекетіміздің қас дұшпанын қолға түсіргендей, ең парақор, ең жемқор, халықты 30 жыл сорлатқан сойқандарды қолына кісен салып, қамағандай шат-шадыман. Ау, ағайын осы Тұрсынбектің өнеріне неше жылдан бері мәз-мейрам болып, оның концерттеріне билет іздеп шабылып жүрген жоқ па едіңіздер?!… Тұрсынбекті осынша табалайтындай кімнің несібесін жеп еді? Өз өнерімен, адал еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген халықтың бір өнерпаз ұлы емес пе? Тіпті, тойларыңыз болса, осы Тұрсынбек пен оның жігіттері келсе екен деп тілемейтін бе едіңіздер?”, – деп жазды композитор. 

Одан бөлек, сазгер әзілкештің адами қасиеттерін де жіпке тізіп, баяндап берді. 

“Мен білетін Тұрсынбек көргенсіздіктен ада, тәрбиелі, талантты жігіт. Өнер ортасында жүріп, «Тұрсынбек Қабатов біреудің ақысын жепті, артық кетіпті, кісіге қиянат қылыпты» дегенді естіген емеспін. Қадірлі ағайын! Өз баламызды өзіміз өлтіріспей, қайта араша түсейік! Ең болмаса, тасада отырып тас атпай, тілекші болайық! Талантты тірісінде бағалайық! Кісіні босқа қаралау, сүрінсе табалау меніңше өте ауыр күнә. Өйткені, күндердің күнінде соның орнында өзің болмасыңа кім кепіл?”, – деп халыққа үндеу жасады мәдениет қайраткері.