Қызмет бабымен қазақ даласында еңбек еткен, қиын-қыстау заманда қазақпен тағдырлас болған өзге ұлт өкілдеріне арналған күйлер бар.
Құрманғазы мен Лавочкин түрмеден қалай қашып шыққан?
Фото: egemen.kz
6,099
оқылды

Дәулеткерейдің күйі «Ващенко»

Он екі қанат киіз үй. Төрде күйші Дәулеткерей мен кеше ғана қызметінен босаған уақытша кеңестің төрағасы Ващенко отыр. Екеуі кездессе таңнан таң атырып, әңгіме айтатын әдеті. Бүгін де сол. Әңгімені Дәулеткерей жалғастырып отыр:

– Герасим Васильевич, қызметіңіз аяқталып қалған уақытқа да жеттік пе?

– Дәл солай екен. Бөкей Ордасына келгенім кеше ғана сияқты еді. Сегіз жыл өте шыққан екен.

– Солай екен. Әуелі келгеніңізде кеңесші едіңіз. Міне уақыт салып уақытша Кеңестің төрағасы ретінде зейнетке шығып бара жатырсыз.

– Алғаш келгенімде өзіңіз сияқты бірнеше сұлтан жылы қабақ танытып еді, Дәулеткерей мырза. Оны ешқашан ұмытпаймын. Сонау Харьков губерниясында туып-өсіп, қызмет істеп, бұйрықпен қазақтың арасына келемін деп кім ойлаған? Келгеніме өкінбеймін. Өздеріңіз сияқты білімді, парасатты, көзі ашық мүдделес жандар таптым. 

– Рас айтасыз, Герасим Васильевич, рас айтасыз. Сіздің де бізге пайдаңыз аз болған жоқ. Мына ноғай жұртына сұлтан ретінде тағайындалуым сіздің арқаңыз ғой.

– О не дегеніңіз?! Дәулеткерей мырза, онсыз да үміткерлігіңіз шешілген еді ғой. Біз тек сәл тездетіп жібергеніміз болмаса. Десе де қанша жыл өтсе де ұмытпағаныңызға ризамын. 

Міне, жасымыз алпысқа келіп қалды. Елге оралатын кез келді. Патшамыз басқа қызмет ұсынбақшы екен деген сыбыс естідік. Көреміз. Дегенмен кетіп бара жатсақ та сізге жақсы жаңалығымыз бар. Есіңізде ме өткен бір кездесуімізде айтып едім, Мәскеу мен Петерборға сапарлатуға мүмкіндігіңіз бар деп. Жауабы кеше ғана келді. Тізімде сіз де барсыз. Алдағы айда патшамыз Александрдың тақ мұрагері, царевич Николайдың кәмелеттік жасқа толуына орай ұйымдастырылған іс-шараға қонақ ретінде барып қаларсыз.

– Жақсы жаңалық екен, Герасим Васильевич! Алғысым шексіз. Кетіп бара жатсаңыз да, бізді есіңізден шығармадыңыз. Бізден де бір сыйлығымыз болсын. Артымыздан ерген ұрпаққа сіздің жақсылығыңызды айтып қалдырсам деп едім. Мына күй өзіңізге арнау болсын, – деп Дәулеткерей бір жаңа күйді тарта бастайды. Кейін шәкірттері бұл күйді «Ващенко» деп атап кетеді.

Әшімнің күйі «Насихат»

1944 жыл. Іле аймағы (бұл қазіргі Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесі). Атақты күйші Әшім Дүңшіұлы қолындағы домбырасын тастамай, өнерін шыңдап жүрген кезі. Дәл қазір Іле аймақтық қазақ-қырғыз көркемөнерпаздар ұйымында жұмыс істейді. Әшіммен қатар Асанәлі есімді қырғыз қомызшысы да осы қызметте. Екеуінің әдеті бойынша, шеберлігін шыңдау үшін күнделікті күй тартыс ұйымдастырады екен. Ережесі оңай – бірі тартқан күйді, екіншісі қайталау керек.

Бір күні Асанәлі жаңа күй шертеді. Әдемі күйі. Бір рет қана шертпей, бірнеше рет қайталайды. Әшім үйреніп алып, қайталап береді де «бұл қандай күй?» деп сұрайды.

– Күйдің аты «Қызыл шоқты бұрама», –  дейді.

– Мен бұл күйіңді бір емес, екі күймен қайтарамын. Бірінші күй міне, аты «Қызыл шашақты домбыра», екінші күйімнің аты «Насихат» болсын, – деп күйлерін шертіп береді. (Бұл күй «Әшім және Іле аймағының күйлері» жинағына енген). 

Құрманғазының күйі «Лаушкен»

Орал түрмесі. Камерада екі адам жатыр. Бірі – Құрманғазы, екіншісі – Лавочкин есімді тұтқын. Түрмеде жатқанына көп болды. Бір күні Құрманғазы:

– Сен осы қазақшаны қайдан білесің? Тәп-тәуір сөйлеп тұрсың ғой.

– Құреке, мен қазақтардың арасында көп жүрдім. Саудасы бар, басқасы бар. Үйренем дегенге тіл қиын емес қой. Ақырындап меңгеріп алдым. 

– Сен де қызықсың, тіл үйренуге өрең жетіп тұр. Бірақ ақ патшаға неге тіл тигізесің? Міне, сол тіліңнің кесірінен осында жатырсың ғой.

– Солай болып қалды енді, – дей бергенде, күзетші «Лавочкин, сыртқа шық, анаң келді» деген бұйрық естілді. Құрманғазы орнында жата берді.

Сүт пісірім уақыт өткен соң Лавочкин қайта оралды. Қолыңда тамағы бар.

– Анам келді. Міне, тамағы. Бірақ одан да қызық бар, – деп кішкентай темір араны көрсетеді. Осы кештен бастап екеуі түн ортасы ауғанда терезедегі темір торды аралап жүреді. Бірнеше күн өткен соң қажетті саңылау жасалып, сол мезетте қашып кетеді.

Таң атқанда Лавочкин «мына жақта таныс балықшым бар, соған барайық» дейді де, алып барады. Сол үйде бірнеше күн бас сауғалап, қуғыншылардан жасырынады.

Бір күні Лавочкин: «Құрманғазы, мен еліме қайтайын. Қарт анам жалғыз. Енді оның жанында болайын» дейді.

Сонда Құрманғазы: «Жолың болсын. Енді көрісеміз бе, жоқ па, кім білсін?! Түрмедегі күзетшілерден сұрап алған бір жаман домбырада күй тартқанымда, қатты таңғалып едің. Қазақ болмасаң да, кей қазақтан артық тыңдарман екенсің. Құрметім шексіз. Мына күйімді саған арнаймын», – деп жаңа күй тартады. Халық арасында «Лаушкен» деп аталып кетсе керек.

 

Бұған дейін  Күйші Дәулеткерейдің Мәскеу мен Петерборға сапары жайында жазған болатынбыз. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.