Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті осы жылдың 3-7 қыркүйегі аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өткізілетінін де хабарлады.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы Ұлттық универсиада өткізу жайлы бастама көтерді
1,027
оқылды

ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы 2024 жылғы қазан айындағы қауымдастықтың 20 жылдығы қарсаңында ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, ұлттық спорт түрлерінен универсиада өткізу жайлы бастама көтерді.

Бүгін, 2024 жылдың 5 шілдесінде Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде шетелдік БАҚ өкілдері үшін осы жылдың қыркүйек айында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы таныстырылды.      

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын дайындау және өткізу дирекциясының, Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері және тағы басқалары қатысты.

ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, Көшпенділер ойындарына дайындық қызу жүріп жатыр.  

«Көшпенділер ойындары, ұлттық ойындарды қосқанда, 21 спорт түрі бойынша өтеді. Осы мақсатта жеті спорт кешенінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ойындардың ашылу салтанатынан бір күн бұрын «Қазанат» ипподромының іргелес аумағында орналасқан этноауылдың тұсаукесері өтеді», - деді С.Жарасбаев.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті – атқарушы директоры Бақытжан Тұрлыбеков қауымдастық құрамына кіретін бәйге, көкпар, құсбегілік, садақ ату, тоғызқұмалақ, асық ату, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, жорық - ұлттық спорт түрлерінің жүйелі дамуы туралы айтып, бүгінде ұлттық спортпен кәсіби түрде айналысатын қазақстандықтардың саны 350 мыңнан асқанын атап өтті.

«Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының басты мақсаты – барлық ұлттық спорт түрлерін қауіпсіз әрі қолжетімді ете отырып, бірқатарын  бұқаралық спортқа айналдыру. 2024 жылғы қазан айындағы Қауымдастықтың 20 жылдығы қарсаңында ҚР Туризм және спорт министрлігімен бірлесе отырып, ұлттық спорт түрлерінен универсиада өткізу бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді Б.Тұрлыбеков.

Қазақстан Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті осы жылдың 3-7 қыркүйегі аралығында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін «Ұлы дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесі өткізілетінін де хабарлады. 

Айта кетейік, Ботай елді мекенінен (СҚО) Астанаға дейінгі 500 шақырымдық дүбірлі додаға 10-нан астам елден командалар қатысады деп жоспарланған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram   арнасынан таба аласыз.