Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңға қол қойды. Екі жылдан бері талқыға салынған бұл құжатты мен әбден пісіп-жетілген заң ретінде қабылдадым. Заң шеңберінде қазіргі ғылыми ахуалды жүйелі түрде қайта қарастыру, ғалымдардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі қамтылған. Әрине, Саясат Нұрбек басқаратын Ғылым және жоғарғы білім министрлігі бұл бағытта әбден тер төксе керек.
Ғылымның  дамуы –  елдің табысы
479
оқылды

Сонымен, бұл құжат ғылым мен ғылыми техно­логияларды дамытуға, оларды еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан экономикасының түрлі саласына енгізуге бағытталған. Ол сондай-ақ стратегиялық, кәсіби-әлеуметтік мәсе­лелерді шешу жолдарын қарастырады. Қазақстанның ғылыми-технологиялық саясаты әлемдік техно­логиялық көшбасшылармен инновациялық алшақ­тықты айтарлықтай азайтуға сеп болады деп сенеміз.

Ғылым қорының технологияларды коммер­ция­ландыру жөніндегі ұлттық агенттік ретіндегі мәртебесі кеңейтілді, бұл оның жұмысын айтарлықтай жақ­сартуға әкеледі деп үміттенеміз. Жаңадан құры­латын Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы ғы­лыми-техникалық ақпаратты және ғылыми жетіс­тіктерді, инновацияларды және жаңа технологиялар нарығын жинаудың, өңдеудің, талдаудың жаңа тетігін жүзеге асыратын болады. ҒТИ мониторингі ғылыми процесті ақпараттық-талдамалық тұрғыда қамтамасыз етеді және ғылым дамуының тұрақтылығына ықпал етеді, елдегі ғылымды басқарудың тиімділігін ай­тарлықтай арттырады деп жоспарлануда.

Заң шеңберінде Салық кодексінде ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілеріне – зерт­теулерге, ғылыми-техникалық, тәжірибелік-кон­стру­к­­торлық жұмыстарға арналған шығыстар бойынша салықтық жеңілдіктер мен салық шеге­рімдерін бергені үшін мемлекеттік ынталандыру шаралары көзделгені өте маңызды болып отыр. Мәселен, 50% мөлшерінде салық шегерімдері көзделген. Бұл ғылымды қажет ететін технологияларды қолдау үшін бизнес-құры­лымдарға айтарлықтай қаржылық көмек беретіні анық. Ал заң бойынша жергілікті атқарушы органдарға гранттық қаржыландыру нысанында ғылым, ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру бойынша өкілеттіктердің берілуі отандық ғылымның дамуына өзіндік үлесін қосады.

Сонымен қатар Президент «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға да қол қойды. Заң шеңберінде Парламент Мәжілісінің депутаттары ғылыми-зерттеу жұмыстарын мемлекеттік сатып алудың жалпы бюрократиялық рәсімінсіз жүзеге асыру үшін ҒЗИ мен жоғары оқу орындарына қажетті тауарларды, жұмыстарды, көр­сетілетін қызметтерді сатып алуға байланысты нор­маларды енгізді. Бұл ретте, сатып алу тәртібі мем­ле­кеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның келісіміне сәйкес ҒЖБМ айқындалатын болады. Сатып алу саласын реттеуге арналған бұл норма ғы­лыми қауымдастықты шамадан тыс және кәсіби емес қамқорлықтан, кейбір шенеуніктердің нысаналы қар­жыландыру бағдарламалары мен гранттық жобалардың конкурстық рәсімдеріне араласуынан арылтады деп үміттенеміз.

Қайрат Күтербеков, 

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы 

ҒЗИ директоры, профессор