Астанада Greative&Innovation Institute Орталық Азиядағы тұрақты дамудың қоғамдық қоры, Visit Astana және Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бірлесіп, «Әлем қозғалыста. Олимпиада ойындары мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – бірлікте» тақырыбында спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырды.
Байрақты бәсекеге дайындық күшті
408
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «бұқаралық спорт­­­ты дамыту арқылы біз ұлты­мыздың денсаулығын жа­қсар­тамыз, бүкіл еліміз мақтан тұта­тын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деген болатын. Осы орайда спорт­тық-бұқаралық іс-шараның ұйымдастырылуы ел абыройын асқақтатар спорт саласын дамы­туға, спортқа бейім, бәсекеге қа­­білетті бірегей ұлт, салауатты ұрпақ қалыптас­тырудың тағы бір алғышарты болмақ. 

Шараның ашылу салта­на­тында Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев іс-шараның өтуіне қолдау білдірген Туризм және спорт министрлігіне, Астана әкімдігіне алғыс білдірді, «Қазақ спорты жасасын. Жеңістеріміз көп болсын!» деп тілек айтты.

Туризм және спорт ми­нистр­лігінің жанынан құрылған қыс­қы жасөспірімдер Олим­пиадасы мен жазғы Олимпиада және Пара­лимпиялық ойын­дарға да­йын­дық штабының төраға­сы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, іс-ша­ра­ның мақ­саты – спортты наси­хаттау, бұқа­ралық спортты да­мыту.

– Париж Олимпиадасының басталуына 70 күн, Париж пара­лимпиадасының басталуына 102 күн, V Дүниежүзілік көшпен­ділер ойынының басталуына 111 күн қалды. Шынын айтсақ, кейде Олимпиада және Пара­лимпиада спортшыларын жан­күйерлердің қолдауы аз болып жатады. Сондықтан осындай ме­реке ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шара еліміз спортының дамуына өз үлесін қосады деп білеміз, – деді ол.

Сонымен қатар Елсияр Қа­нағатов биыл Президент жар­лығымен құрылған Штаб жұ­мы­сы – спортшылардың алдағы жарыстарға сапалы дайындығын қамтамасыз ету екенін айтты.

– Қазір Штаб Париж қала­сында өтетін 2024 жылғы XXХIII жазғы Олимпиада, XVII Пара­лимпиада ойындарына ұлттық құрама командаларды даярлауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарып жатыр. Дайындық жұ­мысына барлық жағдай жасалған. Спортшыларымыз өздерінің кестесі бойынша оқу-жаттығу жұ­­мыстарында жүр. Қазір жа­рыстарға қатысып, жоспарланған жолдамаларды алу маңызды. Пара­лимпиада бойынша 7 спорт түрінен 12 жолдамамыз бар. Әлі де жолдама алатын жарыстар бар. Мамыр-маусым аралығында спорт­­тың 5 түрі бойынша 16 ли­цензия жеңіп алсақ деген мақ­сатымыз бар. 

Жарыс 28 тамыз бен 8 қыр­күйек аралығында спорттың 22 тү­­рінен өтеді. Қазақстан аты­нан Паралимпиадаға 38 спортшы қатысады деп жоспарланған. Олар спорттың 9 түрінен өнер көрсетеді. Ал Олимпиада ойын­дарына 51 жолдамамыз бар. Алда халықаралық және респуб­ли­ка­лық жарыстардан 30-ға жуық жолдама алуды жоспарлап отыр­мыз, – деді Елсияр Қанағатов.

Спорттық-бұқаралық іс-шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары арасында түрлі спорт­тық ойындар ойнатылып, жеңім­паздарға арнайы сыйлықтар табысталды. Спорттың денсау­лыққа пайдасы, Олимпиада және Паралимпиада ойындарының еліміздің халықаралық аренадағы абройын асқақтатудағы рөлі мен маңызы туралы айтылып, спорт­шыларымыздың, чемпион­дары­мыздың жетістіктері мен жеңі­с­тері туралы кеңінен на­­­­си­­­хат­талды. 

Астана қаласы Дене мүм­кін­діктері шектеулі тұлғаларға ар­налған спорттық даярлау орта­лығының баспасөз қызметінің басшысы Құралай Әшімханова:

– «Әлем қозғалыста. Олим­пиада ойындары мен Дүние­жүзілік көшпенділер ойындары – бірлікте» спорттық-бұқаралық іс-шара аясында паралим­пиа­далық комитет атынан паралим­пиада ойындарына 100 күн қал­ғанын хабарлаймыз. Шара ба­­­­ры­­­сында қонақтарымыз ара­сында екі ойын ойнатып жатыр­мыз. Арнайы сыйлық­тарымыз бар. Бұл ойындар арқылы па­распортшылардың еңбегін наси­хаттағымыз келеді.

Астана бойынша дайындық қызу жүріп жатыр. Париж Па­ралимпиадасының жолдамасына Астана қаласынан 5 параспортшы әлі таласып жатыр. Парадзюдодан шешуші ұпай үлестірілетін жарыс Тбилисиде ұйымдастырылып, маусым айында толық рейтинг жарияланады. Дәл қазіргі сәтте Ақмарал Науатбек әлемдік рей­тингте 1-орын, Ерғали Шамей 3-орында, Бауыржан Арыстанбек 6-орында тұр. Паратеннистен де Алтынай Ержанқызының мүм­кіндігі бар. Ал паражүзуден Токио Олимпиадасының қатысушысы Сиязбек Далиев нормативті орын­дағанымен, әлі толық ше­шім шықпады, – деді. 

Сондай-ақ жиын барысында еліміз спортының жай-күйі, спорт­­шылардың, паралим­пиа­дашылардың жағдай, бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де назардан тыс қалмады.

Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Раушан Қойшыбаева үлкен жарыстың алдында өтіп жатқан іс-шараны ұйымдас­тыру­шыларға және жиынға қа­тысу­шыларға алғыс білдіріп, бай­рақ­ты бәсекеде Қазақстанның аб­ройы­­ның асқақ болуын тіледі.

– Паралимпиада спортына 2010 жылы келдім. 6 жылда жақ­сы дайындалып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен жазғы пара­лимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанып, көк туымды көтеріп келген болатынмын. Бұл жетістікке жеткенім – тек өзімнің ғана еңбегім емес, жеке бапкерім Денис Орловтың да еңбегі. Отба­сым мен жақындарымның қол­дауы. Халқымның жанашыр, жанкүйерлігі сол жарысқа жігер­лендіріп, шынықтырып жеткізді. Сол кезде Ақордада олимпиа­дашылар мен паралимпиада­шылар дөңгелек үстелде басымыз қосылып, кездескен болатынбыз. Осы үрдіс 2016 жылдан бастап сақталып келе жатыр. Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев және Үкімет жылдар бойы бізді қолдап келеді. Астана қала­сын­дағы паралимпиадалық жаттығу орталықтары секілді орталықтар еліміздің ірі-ірі қалаларында ашыл­са, керемет болар еді. Рес­публикамыздың әр айма­ғында, ауылдарда спорт мектептері ашыл­­­са... Алдағы жарысқа да­йын­­дығымыз жақсы өтіп жатыр. Барлықтарыңызға жеңіс тілей­мін, – деді Раушан Қой­шыбаева. 

Ал Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүние­жүзі­лік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4  мың­­ға жуық спортшы қатысады  деп күтілуде.

 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ