Астана – ірі мегаполис. Үздіксіз дамып, өсіп-өркендеп келе жатқан қалада алдымен халық үшін қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыру – басты міндеттердің бірі. Астана Орталық Азияда Smart City кемел бағасын алған алғашқы қала. Ширек ғасырдан астам ғана уақыт аралығында алты құрлықта абыройы асқақтап, Сарыарқа төсінде, Есіл өзенін ен бойлай еңсесін тіктеген елорда ақыл-ой мен ерен еңбектің жемісі екені сөзсіз.
Астана – мүмкіндіктер  мекені
5,186
оқылды

Біз қаламыздың заманауи ғылыми инновациялық технологияларды меңгерудегі жетістіктері және цифрлық дамуымен танысу мақсатында «Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы» ММ басшысы Дидар Сүлеймановпен сұхбаттасқан едік.

– Дидар Ұланұлы, еліміздің бас қаласы – Астананы «ақылды қала» ретінде дамыту бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мен бағдарламалар туралы айтып берсеңіз...

– Қазір әлемдегі қалалардың көбі жаңа цифрлы технологияларды енгізуге және ақылды қала (smart city) болуға ұмтылуда. Сол сияқты бүгінде Астанада цифрлы тех­нологиялар бойынша ең үздік әлемдік тә­жірибелер жүзеге асырылып жатыр. Мә­селен, «ақылды қала» жобасы аясында эко­номика, басқару, өмір, ұтқырлық, адам­дар, қоршаған орта сынды негізгі 6 бағыт көзделген. Бұл жұмыс шетелдік кеңес­шілермен бірлесіп атқарылуда.

Smart City – Қазақстан үшін өзекті тренд. Бұл – маңызды міндет, өйткені ха­лық санының өсуімен бірге елдің сандық аудиториясы да артады. Астананы әлемдегі ақылды қалалар қатарында дамыту мақса­тында алғаш 2011 жылы елорда әкімдігінің қаулысымен «Астана Innovations» АҚ құ­рылды. Білікті мамандар мен талдап-зерт­теушілердің еңбегінің нәтижесінде 2012 жы­­лы Smart Astana жобасының тұжы­рым­дамасы пайда болды. Астананы Smart City концепциясына көшіру бойынша жұмыс әлемдік тәжірибені пайдаланудың маңыздылығын арттырды.

Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі отырыстың бірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана дамудың жаңа үлгісіне көшуге, инновациялық шаһар болуға тиіс екенін атап өтті. Прези­дент: «Жалпы, ІТ бизнес өкілдерін және осы саладағы білікті мамандарды тарту қажет. Сол арқылы бас қаламыз аймақтың Digital nomads орталығына айналмақ. Біз Астананы жасампаз, жайлы және таза қала қағидасына сәйкес дамытуымыз керек. Әлемдегі барлық озық тәжірибені тиімді пайдалануымыз керек», – деген болатын. 

Әрине, болашақ ақылды қаланы вир­туалды мемлекеттік қызметтерсіз елестету мүмкін емес. Астанада көптеген өмірлік маңызы бар мәселені онлайн түрде, кез кел­ген уақытта қалалық онлайн-қызметтер мен сервистерді пайдалана отырып шешуге болады. Атап айтар болсақ, INDIGO – балабақшаға қабылдау қызметі, Sergek – қоғамдық және жол қауіпсіздігінің зият­керлік жүйесі, Damumed – медици­налық цифрлы экожүйе, IKomek 109 – бірыңғай байланыс орталығы, QalaQyzmet – қалалық қызмет көрсету орталығы, Smart Astana мо­бильді қосымшасы, Birge порталы және тағы басқалар.

– Жалпы, «ақылды қалаға» қандай кри­терийлер тән болу керек? Бүгінде Астана қала­сының цифрлы дамуы қандай деңгейде?

– Астана цифрландыру министрлігінің Smart City 2023 рейтингінде көшбасшы орынға ие болып, Intelligent Community Forum нұсқасы бойынша ең ТОП-21 ин­тел­лектуалды қалалардың қатарына енді. Бұл көрсеткіштер оның инновациялық және заманауи қала ретінде беделін растайды.

Елорда әкімдігі өзінің жұмысын қайта қарастырып, қаланың әртүрлі сала­сындағы 30-дан астам функцияны немесе 100 биз­нес-үрдісті автомат­тандырды. Еститін Үкі­меттің үлгісін қамтамасыз ету үшін бірқатар Smart жоба іске асырылды. Бұл көптеген тапсырманы шешуді ай­тарлықтай жеңіл­детті. Айталық, амери­калық 311 қыз­метіне пара-пар IKomek 109 қызметіне күн сайын 5 мыңнан 29 мың­ға дейін өтініш түседі. Жүйе әрбір өтініштің мәртебесін қада­ғалауға, салалар бойынша сұрыптауға және жою мерзім­дерін бақылауға мүмкіндік бе­реді. Не­гізінен, астаналықтардың күнде­лікті мә­селелерін шешуге қажетті барлық сервис бір Smart Astana қосымшасына енгізілген. Мұнда суды есепке алу аспап­тарының көрсеткіштерін беруге, техни­калық байқау және тұрғын үй кезегін тек­серуге, дәріханалардан қажетті дәрі-­дәр­мектерді табуға болады.

Ал Birge порталындағы 10-нан астам инклюзивті қызметті ерекше балалардың ата-аналары белсенді пайдаланады, оның ішінде психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясына, оңал­ту және балаларының әлеуметтік бейім­делуіне жолдама алу қолжетімді. Сондай-ақ портал арқылы «Арғымақ» ат-сауықтыру кеше­нінде иппотерапия арқылы оңалтуға жа­зылу қызметі де қолжетімді, себебі атқа мі­ну ерекше қажеттіліктері бар балалардың қозғалыс дағдыларын қалпына келтіруге және дамытуға ықпал етеді. Сондай-ақ қалалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ай­тарлықтай серпіліс жасалды, поли­цияның жедел басқару орталығына шыға­рылған 30 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылды. Елорда тұрғын­дарының үй мәселелерін қашықтан ше­шуге арналған Управдом, Е-Knot, Аula және Osi.kz жобалары іске қосылды. Олардың кө­мегімен тұрғындар бір шерту арқылы МИБ тіркей алады және үйден шықпай-ақ үй басқарушысын онлайн түрде таңдай алады.

Ұлттық статистика бюросының де­рек­тері бойынша, былтыр Астанада 11,2 мың жаңа пәтер тапсырылған, сондай-ақ сатып алу-сату мәмілелерінің саны да артуда. Тұрғын үйді сатып алғаннан кейін аста­налықтар бірден QalaQyzmet (бұрынғы – IQala) арқылы ТКШ келісімшарттарын жасауына болады. Сонымен қатар қызметті проактивті түрде алуға болады. Ол үшін 1414 нөмірінен келген SMS-ке жауап беріп, дербес деректерді пайдалануға рұқсат беру жеткілікті, кейін QalaQyzmet-тен сауал­наманың сілтемесімен SMS келеді. Нәти­жесінде портал автоматты түрде өтінімді қалыптастырып, өңдеуге жібереді.

Қала болашақ жас инноваторлар буы­нын қалыптастыруға үлкен мән беріп, инновациялық экожүйені белсенді түрде дамытуда. Балаларды технологиялық да­мыған әлемге дайындау үшін елордада жыл сайын оқушылар арасында қалалық және республикалық STEM олимпиадалары өткізіледі. Өйткені болашақ мамандарына жаратылыстану ғылымдарының, инже­­нерия, технология және математиканың түрлі саласынан білім қажет. Әкімдік аза­маттардың өмірін жақсартуға бағыт­талған инновациялық идеялар мен жобаларды қолдайды және оларды пилоттық сынақтан өткізуге мүмкіндік береді.

– Қазір елорда халқының өсуі мен ур­банизация мәселелерінің үйлесімді шешімін табу үшін атқарылып жатқан жұмыстар қандай?

– Stats.gov.kz деректері бойынша, бүгінде елорда тұрғындарының саны 1,4 миллион адамнан асты. Болжамға сүйенетін болсақ, келесі он жылда бұл көр­сет­кіш екі есеге жуық өседі. Сондықтан мем­лекеттік және мемлекеттік емес барлық салада заманауи даму үрдісін жеделдету, әрбір астаналық тұрғынның өмірін жақсар­тудың маңызы зор. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 95%-дан астамы электронды түрде қолжетімді, олардың жартысы про­активті түрде ұсынылады.

Қаланы цифрландыру басқармасы Astana Hub халықаралық технопарк және Astana Innovations-пен бірлесіп елордада IT кәсіпкерлікті қолдау және дамыту үшін жаңа Astana Smart City Accelerator бағдар­ламасын іске қосты. Бұл бастама стар­таптарға өз дағдыларын арттырып, қала­ның өміріне өз шешімдерін енгізуге бірегей мүмкіндік береді. Ең үздік стартаптар өз жобаларын пилоттық сынақтан өткізу үшін Astana Hub-тың Seed Money бағдарламасы аясында 5 млн теңгеге дейін қаржы­лан­дырылады.

Ақылды қала толық қуатта жұмыс істеуі үшін оның тұрғындарының цифрлы сауаттылығының жоғары деңгейде болуы өте маңызды. Күн сайын өмірді ыңғайлы және қызықты ететін көптеген жаңа сервис пайда болуда. Бірақ олардың барлығын халық дұрыс пайдалана алмайды. Мұнда айналаңыздағы барлық нәрсені мұқият зерттеу маңызды – алаяқтық жағдайлары туралы жаңалықтарға назар аудару, күдікті сілтемелерге өтуден және белгісіз хабар­лама жіберушілердің хаттарын ашудан аулақ болу, жеке деректерге мұқият қарау, жалған жаңалықтарды анықтауды үйрену және ақпаратты бастапқы дереккөз табыл­ғанша тексеру секілді көптеген мәселе бар. Бұл қарапайым болып көрінетін әрекет­терді білу күнделікті тапсырмаларды ше­шуге, онлайн сервистер мен жасанды интеллектіні қауіпсіз және тиімді пайда­лануға жәр­дем­деседі. Осы­лайша, Астана­ның ақылды қала ретіндегі табысы техно­логияларға ғана емес, сонымен қатар оның тұрғындарының қатысуына да байланысты. Қала тұр­ғын­дарының цифр­лы сауаттылығы не­ғұрлым жоғары болса, соғұрлым ақылды инфра­құрылымды тиімді пайдалана алады. Тех­нологиялар мен адамдар бірге қауіпсіз және ыңғайлы қаланы жасайтын болашақ қазірдің өзінде шындыққа айналуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

 Сұхбаттасқан Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ