29 маусымда Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында келеңсіз бір оқиға болды. Театр террасасында жүріп жатқан спектакльде билей келіп балконның жақтауына сүйенген актрисаның шалқасынан құлауы – ұжымның басшылыққа қарсы «күресін» күшейтті. Сол сәтті тіпті көрермен де ұялы телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып жіберген.
Қыз құлаған театр
3,420
оқылды

Қойылым барысында актердің құлауы қоғамдық резонанс тудырып, көпшілік пікірі екіге жарылған. Біреулер  «декорация екенін білсе де, жақтауға  неге сүйенеді?» десе, енді бірі әртістің денсаулығына алаңдап, басшылыққа кінә артып отыр.

Шыдамның да шегі бар

Қойылым кезінде театр ак­трисасы Мақпал Елтай шамамен бір метр биіктен құлағаннан қатты соққы алып, спектакль бітер-біт­пестен жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Осы жағ­дайдан кейін театр мүшелері «Бұл театрдағы кемшіліктердің бір ғана көрінісі» деп өкпе-ре­нішін біл­діріп жатты. Жарақат алған актри­саның айтуынша, спектакль ке­­зінде балкон жақтау­шасы ретінде қойылған декорация дұрыс бекі­тілмеген. Сахнаға шыға­тын адам­дардың қауіпсіздігі ес­керілмеген жағдай бірінші рет емес екенін де негізге алды. Жайсыз жағдай бол­ған террасада «Ғашықтар хи­касы немесе общагадағы серілер» му­­­зы­калық комедиясы жүріп жат­қан. Театр әртісі бұл спектакль көп қойылатындықтан, дайын­дықсыз бірден сахнаға шыққанын айтады. Дайындық болмауының себебі – бір күн бұрын премьера­ның екі рет өтуі.

«Жақтаушаға салмақ салып үлгермедім, тек имитация жасап, келесі қыз шыққанша арқаммен сүйене тұру үшін теріс қарап бұ­ры­лып жатқан кезде жақтау ақы­рын құлап бастады. Сол сәттегі жарияланған видеоның астарында көруге болатын қаншама дүние­лер жатыр. Құлаған кездегі дирек­тордың міз бақпай отыруы – театры­мыздағы кемшіліктердің шыңы болды. Аман қалғанымның өзі – үлкен сый. Басшымызға театр ұжымы тарапынан талай ұсыныс та, ескертулер де болды, бірақ еленбеді. Біз – шығарма­­­шылық жолдағы адамбыз, жұмы­сымыз – көрермен алдында өнер көрсету. Бірақ осы шығарма­шы­лықпен айналысуға мүмкіндіктің, жағдайдың жасалмағаны шы­дамның шегіне жеткізді. Тіпті, театрымыздан қолын бір сілтеп кеткендер де болды, жас маман­ның келмейтіні де содан. Жастар театрын бірге ашқан группа­ластарымнан екі-ақ адам жұмыс істеп жатырмыз. Жағдай керемет болса неге кетті? Керек десеңіз, ТМД елдер арасынан фестивальге өтіп тұрған спектакльді алып қалғанын артынан естідік», – дейді театр әртісі М. Елтай. 

Өнер иелерінің айтуынша, ұжымның шамына тиген жайт­тар бұл ғана емес. Театр ұжымы фес­тиваль­дерге қатысып, өнер көр­сете алма­ғандарына ашы­нады. Негізі террасада спектакль қою талапқа сай емес. Бұл туралы театр ұжымы бұрын да ұсыныс айтқан екен, бірақ ескерілмейді деседі. Мақпал құлаған сахнада болған Айым Бегмат өзі жүрген театрдың бір­қатар кемшілігін атап, әртістерге толыққанды жағдай жасал­ма­ғанына күйі­нетінін айт­ты. Ай­туынша, түрлі гастроль мен фес­тивальдерге қатысу үшін қа­ражат жеткіліксіз. 

«Біздің айтқымыз келгені – актерлерге жағдай жасалмағаны. Басшылықтан не сұрасақ та ақша жоқ деген жауап аламыз. Кешегі Мақпалдың құлауы іштегі күйіні­шіміздің шегі болып тұр. Қараңыз, басқа театрлар жылына бірнеше рет гастрольге, фестивальдерге шы­ғады. Олар бізді «өлі театр» дейді. Неге? Ауқымды фести­валь­дерде бізді көрмейді, театрара­лық байланыста жоқпыз. Тіпті, әртіс­теріміздің өзінде сахна киімі жоқ, өздерінікін киіп жүр. Актер бол­ған соң өскіміз келеді. Бірақ оған мүмкіндік қайда? Одан бөлек, биыл тапсырыспен келген екі қойылым мен бір ертегі қойдық. Үш қойылым үшін 18 млн теңге бөлінген, бірақ сол бөлінген қаражат та жоқ. Біз театр емес, труппамыз. Үш труппа бар: Қазақ театры, Жастар театры, Орыс театры. Құрылғанына 25 жыл бол­ған Қазақ театрында бүгінге дейін бірде-бір халық әртісі жоқ. 6 адам отыратын гримеркада 15 адам оты­рады. Қысқа қайырғанда, қазір шығармашылық тоқырауды бастан кешіп отырмыз», – деп ашынды Айым Бегмат.

Ұжымның айтуынша, жұртты дүрліктірген оқиғадан кейін өнер ордасына облыстық мәдениет басқармасының басшылығы ке­ліп жиналыс өткізген. Театр әр­тістері осы уақытқа дейін іш­терінде жи­налып қалған арыз-шағымдарын айта отырып, бас­шы­лыққа бір­қатар талаптар қой­ған. Мәдениет басқармасы әкімшіліктен көңіл бөлінуі керек екенін алға тартты. Сонымен қатар, жаңа маусымды жаңа бас­­шымен қарсы алуды көздеген ұжымның тілегіне бас­қарма басшылығы «істі қал­пына келтіру үшін үш ай уақыт беріледі» деген жауап берді. 

Қауіпсіздікке кім жауапты?

 «Көрермен отырғандықтан қойылым үзіліп қалмасын деп орнымнан тұрып, рөлімді ойнап кеттім. Әрі спектакльге Алматы қаласынан кәсіби сыншы Анар Еркебай келген болатын, сол кісі көріп отырған соң актерлердің көңілін қимай, спектальді ой­науды ары қарай жал­ғастырдым» деп жазды Мақ­пал Елтай әлеу­меттік желідегі парақ­­шасында. Ол  театр әртіс­терінің бүгінгі халіне күйінеді.  Аталған жайтқа куә болған театр сыншысы Анар Еркебай сын­шылардың пікірі әртүрлі аспекті­лерге қатысты айтылатынын негізге ала отырып, сахна қауіп­сіздігі жұмысына да тоқталды. 

«Театр сыншыларының пікірі спектакльдің сапасын бағалау және жақсарту үшін маңызды. Шығыс Қазақ­стан облыстық дра­ма театры маусымның жабылу салтанатын өткізді. Мұндағы спектакль театр шатырында көр­сетілді. Оқыс оқиға кезінде бай­қағаным, актриса соңғы сахна­­сы­на шыға алмады. Бұл жерде театр сахнасының қауіп­сіздігі маңызды аспект болып табылады. Сахнада болатын түрлі жағдай­­лардың алдын алу үшін бірін­­шіден, ар­найы шаралар қолда­­­нылуы керек, екіншіден жауапты адамдар бел­гіленуі шарт. Одан бөлек, ал­ғаш­қы көмек көрсе­тетін нәрсенің бар­­лығы заң жүзінде театрдың өз ішінде болуы керек деген ойым бар. Бұл жерде басшы да, техни­­калық директор да, сахна инже­нер­лері де сахна­дағы актер­дің қауіп­сіздігін толық қадағалап отыруы керек деп есеп­теймін», – деді ол. 

Актер жауапкершілігі – өзіне берілген рөлді көрермен алдында қалтқысыз орындап шығу. Өз мін­детін жоғары деңгейде атқар­ған Мақпалдың жағдайына «ди­ректор бейқам қарады» деген театр ұжы­мының пі­кірін қатысты театр директоры Руслан Қайырсынов та өз ойын айтты. Құлаған актриса орнынан тұрып рөлін ойнауды жалғас­тырғандықтан спектакль тоқта­маған. Театр директоры жауапты орынба­­­сарларына ха­барласып, тиісті шаралардың қолға алынуын тапсырып, әрі қарай әртістің қал-жағдайынан хабар алып отырғанын айтады. Театр тарапынан заң аясында денсаулығын оңалтуға ма­те­риалдық қолдау көрсетілетін болады. 

«Театр – өндіріс орны. Бы­лайша айтқанда, спектакльдерді көрерменге ұсыну жолында көп еңбек, тер төгіледі. Киноға түскенде де актерлердің орнына каскадер мамандар жұмыс істеп жатады, сол сияқты театрда да қандай да бір іс-әрекеттерді, ми­зансценаларды орындау бары­сында келеңсіз жағдайлар болуы мүмкін. Сақтандыру шараларына келетін болсақ, әр театр қыз­мет­кері, мейлі ол актер, мейлі тех­никалық қызметкер болсын жұ­мысқа орналасқанда техни­калық қауіпсіздікті сақтаймын деген құжатқа қол қояды. Осы уақытқа дейін болған жағдай­лардың себебі анықталып, қатысы бар жауапты қызмет­керлер жазаға тартылған болатын. Қыз­мет­кердің денсаулығына зақым кел­ген жағдайда ұжымдық шартқа сәйкес театр тарапынан ден­­саулықтарын қалпына келтіру бойынша мате­риалдық көмек көрсетілетінін де алға тартамыз. Қазіргі таңда ке­шегі болған жағ­дайға бай­ланысты еңбек инспек­циясына хабар­ланып, тексеру жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Тексеру жұмыс­тарының нәти­жесіне қарай тиісті шаралар қол­данылады», – дейді театр дирек­торы Р. Қайырсынов.

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Театр дирек­торының айтуынша, жұмыс тиімді түрде атқарылуы үшін әр труп­паның, әр бөлімнің, әр қызметтің басшылары тағайын­далған. Ре­жиссер қойылымды қойған соң режиссердің көмекшісіне тапсы­рады. Спектакльдің алдағы уа­­қыттағы репертуарда жүруі, ре­жис­сер қойған мизан­­сцена­лардың, басқа да актер­лерге қойыл­ған талаптардың орындалуына тікелей режиссердің ассистенті жауап береді. 

«Мінсіз нәрсе қа­лай бол­мақ, әлімсақтан бері адам таби­ғаты мінді болса. Мінсіз әрекет те, қызмет те жоқ. Сондықтан да бір шаңырақ астында үлкен үш ұжым қызмет атқарып жатқандықтан материалдық-техникалық базаны нығайту барысында кемші­лік­тердің болуы заңдылық шығар, бәлкім. Дегенмен, соңғы жылдары әкімшілік тарапынан гастрольдік сапарларға қаражат бөлініп, басқа да сұраныстарымызға қолдау тауып келеміз. Театрда үнемі күн тәртібінде тұратын өткір мәсе­лелердің бар екенін де жасыр­маймын. Ол – пәтер мәселесі және қызметтік сапалы автобус алу. Аталған мәселелер бойынша әкімшілікке қызметтік хаттар жол­данып, бюджеттік өтінімдер ұсынылуда. «Көш жүре түзеледі» демекші, барлығы уақыттың еншісінде...» – деп сөзін түйді Р. Қайыр­сынов.

Театр басшысы мен ұжымның пікірі кереғар болғандықтан, киелі сахнаның ертеңі не болары әзірге белгісіз. Сондықтан, кө­рер­­менін тапқан театр ішінде «арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» шешім қабылданса болғаны. Осындай жағдайдан кейін басқа да өнер ордалары тірі өнердің шаңырағы шайқал­мауы үшін, ұжымның ауыз­біршілігін сақтау мақсатында қазақ театры­ның ахуалын рет­тейді  деген ниет бар.