Жыл сайын мыңдаған гектар жер мем­­лекетке қайтарылуда. Өкінішке қа­рай, атқарыл­ып жатқан жұмыстарға қара­мастан, кәдеге аспай жатқан жер­лер әлі күнге жетіп артыла­ды. Он­ың ішінде кезінде жоғары өн­ім берген суармалы алқаптар да жеткілікті.
Суармалы жерлер де пайдасын береді
527
оқылды

Жетісу облысында су шаруа­шылығы құ­рылымдарының, нақтырақ айт­қан­да, суару каналдары мен коллектор­лар­ының тозуына байланысты 35 мың гектардан астам жер телімдері ұзақ уақыт пайдаланылмай қалған. Бірақ облыстағы осы салаға жауапты тиісті орындар қарап отырған жоқ. Қолға алынған шаралар барыс­ында кейінгі жылдары бұл бағытта бірқатар шаруа атқарылып, жағдай оңалуға бет алғаны байқалады. 

«Нақты айтатын болсақ, облыс аума­ғында егістікке жарамды 35 400 гектар суармалы жер жылдар бойы пайдалан­ылмаған. Оның басым бөлігі: Көксу – 13 600 гектар, Ақсу – 11 541 гектар және Ескелді  4 282 гек­­тар аудандарына тиесілі. 

Бүгінде Ислам даму банкі сияқты әлем­дік қаржы институттарының қолдауы арқа­сында біздің өңірде каналдарды тазалау, су ша­р­уа­­­шылығы ғимараттарын жөндеу жүргіз­іліп жатыр. Барлығы дұрыс болса, біртіндеп кезінде егістік болған барлық жер қайта пай­да­ланылып, игеріледі», – дейді «Қазсу­шар» РМК Жетісу облысы бойынша фили­ал­ы­ның директоры Саят Құдайбергенов. 

Бәріміз білетіндей, жоғарыда аталған суармалы жерлердің пайдаланылмай жатуымен басқа аймақтарды жолда қалдырған  үш аудан кезінде  басқа дақылдармен бірге кейінгі жылдары қайтадан баса мән беріліп отырған қант қызылшасын көптеп өсіретін.  Өйткені заманында осы үш ауданда да алып қант зауыттары орналасқандықтан, шаруа­шылықтар негізінен тәтті түбірге ден қоя­тын. Қазір Ескелді ауданының орталығы Қа­ра­­бұлақ кентінде орналасқан алып кәсіпорын мүлде тұралап, қиратылып жатыр. Ақсу мен Көксуда орналасқан қант зауыттары әзірге жұмыс істеп тұр. Бірақ бұ­рындары жыл бойы өздерінің аймақ­тарында өсірілген тәтті түбірді қайта өңдеу­ден өткіз­іп, аппақ қантқа айналдыратын кәсіп­орын­дар қазір негізінен сырт елдерден жеткіз­ілетін қант қамысына тәуелді. Осыны ес­кер­ген облыстағылар мүлде құрып кете жаздаған қант қызылшасы өндірісіне кейінгі жылдары қайта ден қоя бастады. Облыс­ымыздың аграрлылығын, басты бағыт агро­өнеркәсіпті дамыту екенін ескерсек, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді, оның ішінде суармалы алқап­тар­ды барынша тиімділікпен пайдалану негізгі назарда болуға тиісті екені айтпаса да түс­інікті. 

Облыстағы суармалы алқаптардың 95 пай­ызына қажетті су тау өзендерінен жинақ­талады. Соған сай, егістікті суаратын кез­е­ңдегі судың жету-жетпеуі  мұздықтар мен қардың еруіне байланысты. Қалған 5 пай­ыз жер су қоймалары мен бөгеттерінің ыл­ди­ында орналасқандықтан, соларға жинақ­талған сумен суарылады.  

Облыс аумағындағы су қоймаларындағы судың мөлшеріне күн сайын тексеру жүргізіледі. Ақешкі, Алмалы және Ащы­бұлақ су қоймаларының жұмыс тәртібі «Бал­қаш-Алакөл» бассейндік инспекциясымен келісіліп, Су шаруашылығы комитеті бекіткен. Ал Қызылағаш су қоймасының  жұмыс тәртібі «Қазгидросушар институты» ЖШС-мен келісілген. 

Жетісу облысында өзен-көлдер көп болғанымен, олардағы су деңгейі тым құ­былмалы. Ай мен аптаны айтпағанда, күн сайын өзгеріп тұрады. Сондықтан алдағы кезде жаңадан су шаруашылығы нысандарын салу,  суландыру желілерін қалпына келтіру және қайта құралымдау жұмыстары жоспарланған. 

«Ескелді ауданында айналымға 1 500 гектар жаңа суармалы жерді енгізу мақсат­ында Балықты өзенінде сыйымдылығы ­­­5 мил­лион текшеметр болатын «Балықты» су қоймасының құрылысы қолға алынады. Ал Панфилов ауданында Қорғас, Өсек және Тышқан өзендерінде бөгеттердің, Алакөл ауданында 2 000 гектар жаңа суармалы жерді айналымға қосу мақсатында Жаманты өзенінде сыйымдылығы 5 миллион текшеметрлік су қоймасының құрылысы жүргізіл­еді. Көксу ауданындағы Быжы өзенінде сыйымдылығы 10 миллион текшеметр бола­тын су қоймасы тұрғызылады», – дейді Саят Құдайбер­генов. 

Болат Абаған,

Жетісу облысы