Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс жеңімпаздары қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын болады.
Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу турнирі өтті
Фото: gov.kz
1,226
оқылды

Елорда әкімдігі жанындағы Орталық алаңда V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына ең мықты қазақстандықтар арасында «Толағай» республикалық іріктеу турнирі өтті. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.  

Турнир аясында жарысқа қатысушылар үш рекорд орнатты. Азамат Бектасов бір қолымен салмағы 82 келі гір тасын 26 рет көтереді. Бауыржан Әбдіхаим салмағы 40 келі болатын қойды арқасына қойып, 5 мың рет отырып тұрды. Гиннесс рекордтар кітабының бірнеше дүркін рекордшысы Жамали Диханұлы тағы бір рекорд орнатты. Спортшы салмағы 3 тонна болатын көлікті 25 метр қашықтыққа сүйреп апарды.

Турнирге еліміздің әртүрлі өңірлерінен іріктелген 19 спортшы қатысады.

«Бүгін Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына республикалық іріктеу турнирі өтіп жатыр. Әлемнің 92 елінен 5 мыңға жуық спортшы келеді күтілуде. Бүгінгі турнирде спортшылар бес сайыс бойынша бақ сынап жатыр. Жарыс ұлттық спорт түрлерін насихаттау мақсатында өткізіліп жатыр. Бүгінгі турнирге 19 мықты спортшы қатысып, өз өңірлерінің намысын қорғап жатыр», - деді ҚР Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп.

Спортшылар бес сайыс бойынша жарысады: ұзындығы 1,5 м темірді желкеге майыстыру, межелі жерге дейінгі қашықтықта салмағы 100 келі тасты көтеріп апару, салмағы 130 келі ауыр бөренені иығына қойып, көтеру, 200 келі жүк арбасын сүйреу, он келі найзаны қашықтыққа лақтыру.

«Мұнда ең мықты спортшылар жиналды. Жарыс ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында өткізіледі. Көріп отырғаныңыздай, турнир қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Барлық қала тұрғындары мен қонақтарын Астана күнімен құттықтаймын!», - деді жобаны ұйымдастырушы Тимур Спатаев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыс жеңімпаздары қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын болады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.