Президент Джозеф Байден өзінің қаржылай көмек көрсететін ірі донорлардың қысымына тап болды. Бірқатар донорлар егер Байден мырза 28 маусымда өткен пікірталастан кейін президенттік науқаннан шықпаса, қаржыландырудан бас тартатындарын ашық түрде ескерткен.
Байден неге сөзден сүрінді?
81 жастағы Байденге тікелей эфирдегі дебаттағы жеңілістен кейін президенттік сайлаудан бас тартуға қысым жасалуда. Фото hollywoodreporter.com сайтынан алынды. Авторлығы: Justin Sullivan / Getty Images
1,478
оқылды

81 жастағы Байденге тікелей эфирдегі дебаттағы жеңілістен кейін президенттік сайлаудан бас тартуға қысым жасалып жатқанын BBC News сайты жазды. Трамппен болған пікірталаста көп жаңылысып, өз ойын жинақтай алмаған Ақ үй басшысының жақтаушылары неге азайғанын Aikyn.kz британдық сайтқа сілтеме жасап талдайды.

Пікірталастың Байден үшін сәтсіз болғанын CNN де мойындады. Файл edition.cnn.com сайтынан алынды

Екінші мерзімге үміткер Байден 2024 жылы қарашада өтетін президенттік сайлауда Дональд Трампқа қарсы кандидат ретінде өз партиясының туын көтеруші болып қала беруге ант еткен. Бұл мәлімдемені ол Ақ үйде бейсенбіде (4 шілде) Тәуелсіздік күніне орай өткен әскерилердің отбасылармен кездесуде жасады.

Ал Филадельфиядағы Wurd radio Philadelphia радиосына берген сұхбатында Байден ойынан жаңылып, «қара нәсілді президентпен бірге қызмет еткен алғашқы қара нәсілді әйел болғанын мақтан тұтатынын» айтқан.

Ол «қара нәсілді Барак Обаманың кезінде вице-президент болғанын, қазір өзінің жанында қара нәсілді әйел Камала Харрис вице-президент екенін» айтқысы келген еді. Бұның бәрі Байденнің бұрынғы президент Дональд Трамппен болған пікірталасынан бірнеше күн өткен соң болған.

Дисней отбасы байлығының мұрагері CNBC телеарнасына Байден мырза Трампты жеңе алатынына сенбейтінін айтқан. Фото axios.com сайтынан алынды

Жасы келген президенттің бұндай жаңылысуы оның жақтастарының арасында қызу талқылануда. Атақты Дисней отбасы байлығының мұрагері Абигейл Дисней CNBC телеарнасына Байден мырза Трампты жеңе алатынына сенбейтінін айтқан. Ол бұдан кейін Байденге қолдау көрсетуден бас тартып, бұны «құрметтемеушілік емес, шынайы жағдаймен» түсіндірген.

«Байден – жақсы адам және өз еліне абыроймен қызмет етті, бірақ жеңілу құны тым жоғары. Сондықтан қарашадағы жеңілістің салдары «шынымен ауыр болады», – дейді Абигейл Дисней.

Одан басқа тағы бірнеше бай донорлар да Байденнің сайлау науқанына қаржы бөлмейтіндерін жариялаған. Филантроп Гидеон Стейн New York Times газетіне егер Байден мырза отставкаға кетпесе, оның отбасы президенттік бәсекедегі Байденнің штабына аударғысы келген 3,5 миллион долларды бермейтінін мәлімдеді.

Осы сайлау циклінде демократтарға 100 000 доллардан астам қайырымдылық жасаған голливудтық продюсер Дэймон Линделоф болса Deadline журналында басқа донорларды демократтардың кандидаты өзгермейінше бұл партияға қаржылай көмек көрсетуден бас тартуға шақырған ашық хат жариялаған.

Президент Джозеф Байден Атлантадағы CNN студиясында, 2024 жылғы 27 маусымдағы дебат. Оған қағаз бен қаламсап қана берілді. Авторы: Austin Steele / CNN

Массачусетс штатындағы үнді-америкалық өнеркәсіпші Рамеш Капур 1988 жылдан бері демократтар үшін қаражат жинауды ұйымдастырып келеді.

«Менің ойымша, оның жастарға жол беретін уақыты келді. Мен оның күші барын білемін, бірақ сіз Табиғат-Анамен дауласа алмайсыз», – деген Капур мырза осы аптада BBC-ге берген сұхбатында.

Осы аптада BBC журналистері сөйлескен және атын айтудан бас тартқан мегадонор президентке Вирджиниядағы үйінде осы айдың соңында қаражат жинауды жоспарлап отырғанын айтқан.

Атлантадағы дебаттың ең қызық жерлері мына видеода:

Қазіргі АҚШ президентінің штабы пікірталас болған күннен бастап аптаның соңына дейін 38 миллион доллар жинаған, негізінен бұл шағын қайырымдылықтан түскен қаражат. Жалпы маусым айында жиналған қаржылай көмектің сомасы 127 миллион долларды құраған. 

Осындай қысым жағдайында Байден сайлау науқанын белсенді жүргізетін кестесін жариялады. Дегенмен президент Атлантадағы дебаттан кейін оның республикалық қарсыласы Дональд Трамптың басымдылығы өсе бастады.

New York Times сауалнамасы Трамптың қазір алты пунктке тең басымдыққа ие екенін көрсетті. BBC-дің америкалық серіктесі CBS News жариялаған жеке сауалнама Трамптың негізгі ауыспалы штаттарда Байденнен үш ұпай басымдығын айқындап берген.

Байденге президенттік сайлаудан бас тарту ұсыныстары күшейіп келеді. Reuters және Ipsos жүргізген сауалнамада әрбір үшінші демократ «Байден кетуі керек» деп жауап берген.

Байденнің сайлауалды штабы президенттің түсініксіз сөйлеген сөзіне, мағынасыз сөз тіркестеріне және бос көзқарастарына бірнеше түсініктеме берді. Бірақ тікелей эфирде өз көздерімен көрген, өздері естіген пікірталас америкалық қоғамды өзгертіп тастаған сияқты. Бұл жолғы өзгеріс Байденнің пайдасына болмай тұр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.