Жамбыл облысы ағын судан тағы зардап көрді. Бұл жолы шулық шаруаның 400 бас қойы тілсіз жаудың құрбанына айналды. Көкқайнар ауылдық округіне қарасты Ақтасты таулы аймағында жауған қатты жауын салдарынан сай-саладан сел жүріп, «Ынтымақ» шаруа қожалығының қора-жайын шайып кетті. 1 600 бас уақ малым бар деген қожалық иесінің абырой болғанда 1 200 бас малы аман. Алайда маңдай термен келген 400 қойдың құны өтеле ме? Әлде...
Қарғынға кеткен қойдың құны өтеле ме?
758
оқылды

Негізі, бастапқыда шаруаның 484 бас малының өлексесі анықталғаны айтылған болатын. Кейіннен ағын судан 197 уақ мал ажал құшты деген ақпарат тарады. Осыған орай ауданға хабарласып, мал шығынын есептеумен айналысып жатқан мамандардан мәлімет алуға тырыстық. Сенімді дереккөздің ақпаратына сүйенсек, 30 маусым күні сағат 14.30-дар шамасында ауа райы күрт бұзылып, 15-20 минут аралығында  қатты жауған жауынның  соңы селге ұласқан. Осы сәтте қожалық иесі Қырғызбай Баймұханбетов қойларын қораға қамап, дәрілеп жатқан екен. Таулы аймақ болғаннан кейін жауын басылар деген оймен шаруа малын қорасында жабық күйде қалдырған. Осы тұста уақ малды қарғын су шайып кеткен. Оқиға орнына жеткендер 318 малдың өлексесін санап алған. Оның 294-інде  сырға болған. 43-і қозы екен. Мал өлекселеріне арнайы шұңқыр қазылып, көмілген. Жалпы,  «Ынтымақ» шаруа қожалығында бүгінге дейін 1 405 бас уақ мал тіркеліп тұрған.

Мамандардың айтуынша, «Ынтымақ» шаруа қожалығының иесі қора-жайын екі таудың ортасынан өтетін бұрынғы ағын су жолына салған екен. Шаруаның басты қателігі осы болып тұрған көрінеді. Сайды жағалап келген сел қорада тұрған төрт түлікті екіге бөліп ағызып әкеткен. Сала мамандары осы мал өлекселерін сай-сайды кезіп жүріп жинаған.

«Ынтымақ» шаруа қожалығының жетекшісі Қырғызбай Баймұханбетовтің өзі иелігінде 1 600 уақ мал болғанын айтады. Қазір соның тек 1 116 басы аман қалып отыр. Енді шаруа шығын болған қойдың құны өтеліп берілсе деген үмітпен суға кеткен малдың әр басын мамандармен бірге түгендеп, басы-қасында жүр. 

Негізі, бұл Көкқайнар ауылдық округінде болып отырған бірінші жағдай емес екен. Тұрғындардың айтуынша, соңғы екі жылда тіркелген үшінші оқиға. Бұған дейін таудан соққан  жел қар үйіндісін ауылдың ығына тығып, соңы селге ұласып жатқан. Алдыңғы жылы ауылдың шетінде тұратын екі үйді су шайып, малын ағызып әкеткен екен. 

Әрине, апат айтып келмейді. Алайда ендігі басты мәселе – шаруаның 400-ге жуық малының өтемі бола ма?

– Негізі, шаруаның өзі 1 600 уақ малы бар екенін айтып отыр. Сел жүргенде соның 484 бас малы суға кетіп, 1 116 басы қораға оралған екен. Бірақ бұл қожалық иесінің өзінің келтірген мал саны болғандықтан, ауданнан комиссия құрылып, арнайы тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Есептеу жұмыстарына ауыл шаруашылығы, ветеринария саласының мамандарын жұмылдырып, алғашқы күні 197 бас малдың өлексесін таптық. Алайда іздеу шаралары әлі де жүргізілуде. Міне, осы жұмыстар аяқталғаннан кейін төрт түліктің құлағындағы сырғаларымен санын тексеріп, шығын құны шығарылатын болады, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев. 

Иә, мәселенің мәнісі енді ашыла бастағандай. Қарғын суға кеткен қой саны не себепті әр жерде әртүрлі көрсетіліп жатыр десек, өлексе саны есептеліп бітпеген екен. Оған себеп ағын су уақ малдарды сай-салаға екі-үш шақырымға дейін ағызып алып кеткен. Сондықтан тау-тастың, құм-жотаның бәрі жіті тексерілуде. 

Ағын судан ажалын тапқан малдың құлақ сырғасы да жіті қаралып жатқаны бекер емес. Себебі мемлекеттен өтемақы алу үшін заң бойынша шығын көлемі 5 000 АЕК-ты құрауы қажет. Бұл ақшаға шаққанда 18 миллион теңгені құрайды. Әзірге табылған малдың құны 13 миллион теңгеге жеткен. Егер шаруа айтқан 400 бас қойдың өлексесі табылмаса, өтемақыға шығын көлемі жетпей қалуы мүмкін. Оған қоса, қожалық иесіне 400 уақ мал табылғанның өзінде оның оған  тиесілі екенін құлақ сырғасы арқылы дәлелдеу қажет. Сонда ғана мемлекеттен өтем алатын үміт оты жанады. Сондықтан комиссия шешімін күтуден басқа амал жоқ. Әйтеуір, шенділер шаруаны шырылдатып, маңдай термен келген малын ит-құсқа жем қылып қоймайды деп сенеміз...

 

Жамбыл облысы

Саятхан Сатылған