Жақында Ұлттық банк маусым айында ұлттық валюта бағамы 5,5 пайызға әлсірегенін мәлімдеген болатын. Қазір соңғы ­6 ап­­та­да құны төмендей түскен теңгенің 1 АҚШ долларына шаққандағы бағамы 480,77 теңгеге жетті.
Теңге теңселіп тұр
3,291
оқылды

Отандық сарап­шылардың айтуынша, бұл үрдіске ішкі факторлардың әсері бар. Ал сыртқы экономикалық факторлар­дың динами­касы жақсар­ғанымен, ұлттық валюта бағамына ықпалы төмен болып отыр. Себебі соңғы кезде Brent маркалы мұнай бағасы маусымда 13 пайызға кө­теріліп, бар­реліне 87 АҚШ доллар­ына жетті. Ал дәл осы уақыт аралығында теңгенің долларға шаққан­дағы құны 6 пайызға әл­сіреді.

Шетелдік валютаға деген сұраныстың артуына трансферттер көлемінің салыс­тырмалы түрде азаюы негіз болды. Сәйкесінше, сарапшылар бұл теңге бағамын нарықтағы сұраныс көлемімен теңестірді деген пікірде. «Нарықтың ірі қатысушылары тиімді айырбас бағамының параметрлерін ескере отырып теңге бағамын байсалды түрде бағалай бастады деп түсінеміз» дейді олар. Алайда мамандар теңгенің бұлай тез әлсіреу динамикасын «қолдан жасалған» болуы мүмкін деп болжайды. Сондай-ақ бұл отандық валюта нарығының ұзақ уақыт бойы «тиімсіз» күйде болғанын көрсетеді.

Tengenomika сараптама порталы осыған дейін ұлттық валюта бағамының 1 АҚШ доллары үшін 480 теңгеден асуы психологиялық шекті көрсеткіш деп мәлімдеген. Валюта нарығындағы бұл межеге теңге өткен жылдың қыркүйек-қазан айында және 2022 жылдың қыркүйегінде жеткен еді. «Былтырғы жылдың аяғында және биылғы жылы бағамды нығайту үшін Ұлттық қордағы мұнайдан түскен АҚШ долларларын сату қатты әсер еткені анық. Соңғы айда курстың күрт әлсіреуі жинақталған осынау теңсіздіктің салдары», – дейді мамандар.

HalykFinance басқарма төрағасының кеңесшісі, экономист  Мұрат Темірхановтың айтуынша, маусымда Ұлттық қордан валюта сатуды ұлғайту шілдеде теңгенің нығаюына әкеледі деп күткен. Себебі Үкімет бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қордың қаражатын «Қаз­атомөнеркәсіп» акцияларына салуға рұқсат берген. 

«Алайда реттеуші өз хабарламасында Үкіметтің шілдеде бюджетке трансферттер үшін берген өтінімдері бойынша Ұлттық қордан тек 100 млн АҚШ дол­ларына (450$ миллионнан 550$ млн-ға дейін) ұлғайту жоспарланғанын мәлімдеді. Бұл, әрине, мамыр айында сатылған 800 млн АҚШ долларынан айтарлықтай төмен. Осыған байланысты нарықта басқа да үлкен өзгерістер болмаған жағдайда шілдеде АҚШ долларына шаққандағы теңгенің бағамы 465-475 диапазонында болады деп күтеміз. Маусым айында теңге бағамына әсер ететін барлық басқа іргелі фактор (мұнай бағасы, төлем балансы және басқалары) өзгеріссіз қалды, ал Ресейде рубль мен доллар бағамы тіпті нығайды. Осылайша, маусым айында теңгенің күрт әлсіреуінің бірден-бір себебі валюта биржасында Ұлттық қордан доллар сатудың екі есе төмендеуі болды», – дейді маман.

Мұрат Темірхановтың айтуынша, экономика мұнайға едәуір тәуелділік болғандықтан, Ұлттық қор үшін валютаны сатып алу және сату Қазақстанда теңге бағамын қалыптастыруда іргелі рөл атқарады. 

«Өкінішке қарай, Ұлттық банктің валюта нарығы бойынша ақпараттық хабарламалары Ұлттық қорды пайдалану мен теңге бағамының өзара байланысын түсіндірмейді. Бұл да теңгеге деген сенімге айтарлықтай әсер етеді. Толыққанды контрциклдік бюджет саясаты шеңберінде Үкіметтің Ұлттық қорды ай сайын пайдалану жөніндегі жоспарды нақтылауы және қатаң сақтауы, сондай-ақ Ұлттық қордан валютаны сатып алу және сату бойынша қатаң ережелері болуы өте маңызды. Өкінішке қарай, бюджеттік жоспарлау және Үкіметтің жоспарларын орындау – нақтылауды талап ететінін Жоғары аудиторлық палата да, біз де бірнеше рет атап өткен болатынбыз», – деді экономист.

Дегенмен Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетуді мақсат ететінін алға тартады. Қаржы реттеуші қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланыс­ты болатынын айтуда.

«Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді. Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін маусымда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы 293 млн АҚШ долларын немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 8%-ын құрады. Ұлттық банк мау­сымда валюталық интервенциялар жүр­гізген жоқ. 2024 жылғы шілдеде БЖЗҚ зей­нетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін 250 млн АҚШ долларынан 350 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алу күтілуде», – делінген  ҰБ хабарламасында.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да ішкі нарықтағы коньюнктура тұрақты болса да, дүниежүзілік экономикалық ахуал оң болса да еліміздегі шетел валютасына деген сұраныс ұсыныстан асып түскенін атап өтті. «Дегенмен бұл жағдайды халықтың жазғы саяхатқа жиі сапарлап, мекемелердің импорттық тауарларды сатып алуы мен сыртқы міндетте­мелерін өтеуінен деп те түсіндіруге болады. Сауда-саттық көлемі де 170,7 миллион долларға дейін өсті, бұл алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, 40 миллион долларға өсті», – деді мамандар. 

Қазақстандық жетекші сарапшылардың бірі Андрей Чеботаревтің пікірінше, ұлттық валюта бағамы орташа мәнге оралды. Сарапшы оған өткен аптадағы құбылмалылық деңгейінің 0,4% деңгейін­де қалғаны дәлелдейді дейді. Жалпы, бұл теңгенің жаңа деңгейде біршама тұрақталғанын көрсетеді.

«Рубльге қатысты теңге бағамы аптасына 2%-ға нығайғаны да ойландырады, өйткені 1 рубль үшін 5,4 теңгені құрады. Алайда рубльдің өзі долларға қатысты 3,1% әлсіреді. Ресей валютасының әлсіреуіне РФ Орталық банкінің шетелдік валюта сатылымын төмендетіп, валюта түсімінің азаюы, РФ Қаржы министрлігі тарапынан алтын-валюта активтеріне сұраныстың өсуі әсер етті. Осы фактордың барлығы көршілес нарықта валюта ұсынысының төмендеуі аясында рубль бағамының әлсіреуіне негіз болады», – дейді ол.

Қаржыгер Арман Бейсембаевтың пі­кірінше, қазіргі ұлттық валютаның әлсіреуі «серіппе әсеріне» ұқсайды. Өйткені соңғы уақытта негізсіз нығая түскен тең­ге нарықтағы сұранысқа сай мәнге орала бастаған. Оның пайымдауынша, доллар бағамы тепе-теңдік мәндеріне жетіп, ал теңгенің одан әрі айтарлықтай әлсіреуі екіталай. Алайда қысқа мерзім ішінде долларға шаққанда 486 теңгеге дейін өсуі мүмкін, ал ең нашар жағдайда бағам 503 теңгеге дейін жетуі мүмкін. 

Бейсембаев сондай-ақ маусым айындағы факторлар инфляцияның төмендеу қарқынын бәсеңдетуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, теңгенің құнсыздануынан кейін елдегі инфляция қайта өсуі де ғажап емес. Себебі курстың қазіргі әлсіреуі инфляцияның төмендеуін тоқтатып қана қоймай, оның жыл соңына дейін 0,1-0,3%-ға қалыпты өсуіне негіз болады деп болжайды мамандар.

Кәмила ЕРКІН