Қазақстанның мерекелік күнтізбесі тағы бір жаңа мерекемен толығып отыр. Енді жыл сайын 23 сәуірде Ұлттық кітап күнін атап өтетін боламыз.
Ғазиза Құдайбергенқызы: Ұлттық кітап күні озық ойлы ұлтқа айналдырады
5,813
оқылды

 Аталмыш мереке Мемлекет басшысының үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына сәйкес пайда болды. Мұндағы мақсат – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастырып, озық ойлы мемлекетке айналу. Оның ең төте жолы кітап оқу десек, кітап оқуға ынтаны арттыру үшін қабылданып жатқан шараның ықпалы зор болмақ. 

Айтулы мерекенің ел игілігіне, кітапқұмар оқырманның көбеюіне  әсер ететін маңызы туралы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызымен сұхбаттастық.

– Президентіміздің үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына сәйкес Ұлттық кітап күні пайда болды. Мерекелік күнтізбелер қатарына кірген осындай атаулы күннің еліміз үшін маңызы қандай болмақ?

– Кітапты өмір салтымыздан, даму бағ­дарламамыздан бөлек алып қарауға болмайды. Қоғамда кітапты белгілі бір гуманитарлық білім иегерлері ғана оқуы керек деген стереотип қалыптасып қалған. Соңғы кезде Президенттің өзі мемлекеттік бағдарламалар қабылданатын кезде кітап оқуға, жалпы рухани ілім-білімге қатты көңіл бөліп, концепциялар қабылдап, тапсырмалар беріп жатыр. Ол – халықта рухани аштық бар деген сөз. Кітапхананың, кітапханашылардың негізгі бағыты – кітап оқуды насихаттау. Бірақ оқыр­ман және кітап тақырыбымен тек кітапханашылар айналыспауы керек. Бұл – отбасы, қоғам, бүкіл мемлекет болып айналысатын дүние. Ұлттық кітап күнінің пайда болуы да сондықтан. Кітапхана жаңылмайды, ары қарай да өз жұмысын жалғастыра береді. Бірақ оған жаңа айтқан отбасы, қоғам мүшелері қосылса, кеше ғана қабылданып жатқан Ұлттық кітап күнінің құндылығы мен маңызы артады. 

Әлем бойынша халықаралық деңгейге шыққан кітапқа арналған атаулы даталар көп. Ал Ұлттық кітап күнінің қабылдануы қоғам назарын кітап оқуға аударады. Кітап оқыған – сауатты, ал сауатты адам – тәуелсіз адам. Сон­­дықтан атаулы күн тек кітапханашылар ғана емес, қаламгерлер де, баспалар да, оқу орындары арасында кең көлемде аталып өтуі шарт. Біраз жыл бұрын кітап жәрмеңкелеріне адам бармайтын, ал қазір ондайды оқырман асыға күтетін болды. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – мемлекеттің, арнайы мекемелердің айналысатын дүниесі емес, бұл әр адамның өзі үшін керек нәрсе ғой негізі. Сондықтан әр отбасында қалыптасатын дүниені мемлекеттік деңгейде аталып жатқаны – қуанарлық жағдай. Бұл форматты арнайы тапсырыс түрінде өткізбей, түрлі шаралармен өткізген дұрыс. 

– Әлемнің біраз елінде кітап оқу күні атап өтіледі екен. Мұндай қадамның бізде де пайда болуы жастар арасында жаңаша көзқарастың қалыптасуына ықпал ете ме?

– Иә, жастардың көзқарасын өзгерте алады. Осы салада жүргеніме 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде оқырман арасында да, автор арасында да жүрмін. 5-7 жыл бұрынғы оқырманның кітапқа деген көзқарасы мен қазіргісінің арасында өсу, даму бар. Қазір жастардың кітапқа көзқарасы бөлектеу. Кітап оқитын да, оқымайтын да адам әр кезеңде болған. Бұрын кітап жәрмеңкелерінде кітаппен бірге автордың өзі гастрольдік сапарда жүрген. Осы сияқты кездесулер болса, автор шығармасын өзі жарнамалауы керек. Яғни, сол еңбектің кең таралуына, оқырманды қызықтыруына қаламгер де мүдделі. Кітап оқығанда агрессия азайып, зеректік көбейеді. Ал жас балаларды кітап оқуға үгіттеуде ата-аналар пафос, моральды түрде емес, оның шынайы пайдасын түсіндіру керек. Нил Гейманның мынадай сөзі бар: «Мен оқырман ретінде де, жазушы ретінде де кітапқа махаббаттың сөнбеуіне мүдделімін». Осы мүдделілік әрқайсымызда да болуы керек. Өйткені қоғамды жасаушы мәдениет өкілдері ғана емес, оған қоғамның әр мүшесі жауапты. 

– Біздің қоғам кітап оқу мәдениеті, руханият, сана мәселесінде қандай еді және болашақта қай деңгейде болуы мүмкін? 

– Әсте-әсте деген бар қазақта. Соңғы уақытта кітап оқуға деген қызығушылығы бар кез келген адам кітаптың пайдасын сезініп жатқаны белгілі. Екі ауыз сөздің өзін көркем тілмен жеткізетін халықпыз, бірақ соңғы кезде тілімізге сленг сөздер араласып кетті. Ал кітап оқуды насихаттау арқылы қазақтың боямасыз көркем тілін қайтара аламыз. Бір сөзбен айтқанда, кітап оқу – бір формулаға сыймайтын, Ұлттық кітап күні қабылдан­ғанға дейін де, одан кейін де үздіксіз жүретін үрдіс. Жақында жапон жазушысының кітапханашының рөлі туралы айтылатын бір кітабын сатып алдым. Ол жерде кітапханашының «Не іздедіңіз?» деген сөзінен кейін әр бесінші оқырманның өмірі жақсы жаққа өзгергені айтылады. Президент айтқан кітап оқу мәдениетін орнықтыру, қалыптас­тыру және оны қарай үздіксіз жүргізе беру қоғамның белсенділігін өте қажет етеді, ол белгілі бір уақыт арасында ұйымдастырыла қоятын жоба емес. 

– Жылдың бір күнінде Ұлттық кітап күнін атап өтетінімізбен, кітап оқу жиі насихаттап отыруды талап етеді. Бұл тұрғыда қандай құралдарды, маркетингтік тәсілдерді пайдалана аламыз?

– Қазір барлық технологияны пайдалана отырып, оқырмандарды, әсіресе жастарды кітап оқуға ынталандыруға, қызығушылығын оятуға көп мүмкіндік табуға болады. Мысалы, біздің Air Astana-мен бірлесіп жасап жатқан жобамыздың аяқталуына аз қалды. Медиа­құрылғыға аудиокітап, қазақтың жырын, ауыз әдебиетін жүктедік. Бұған дейін сол медиақұрылғыда ересектерге, балаларға арналған фильмдер болды. Кейін өзіміз әуе компаниясына хат жазып, 50 контент ұсындық. Оның 25-ін таңдап алды. Олар – кезінде мәдени мұрамен шыққан көпшілікке қолжетімді дүниелер. Осындай жасалып жатқан игі шаралар қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі. Батырлар жырын тыңдап өскен бала жыр атын ұмытып қалуы мүмкін, көкірекке жиылған рух уақыты келгенде көктейді. 

Одан бөлек, штрих-код арқылы кітап оқу жобасы дайындалып жатыр. Ол скверлерде, саябақтарда түрлі жанрда жазылған кітаптардың штрих-коды орнатылып, оқырманын кез келген жерде қуанта алатын болады. Жастарға кітапты парақтап оқығанға қарағанда аудио­кітап тыңдағысы келсе, аудиокітап жасап, видеосын дайындап, қалауларын толық орындауымыз керек. 

– Негізі, әр оқырманның кітап оқудағы талғамы әртүрлі. Бірақ Ұлттық кітап күні бір шаңырақ астындағы елдің мақсатын біріктірген соң қазіргі заман талабына сай, жастар танымына дәл келетін қандай тақырыптағы еңбектерді немесе қай бағыттағы жазбаларды атауға болады?

– «Ұлттық» деген сөздің өзінде толық мағына жатыр. Кітапсүйер қауым үшін шетелдік психолог, философтардың еңбектері аударылып жатыр. Оның ішінде біздің ұлттық мәдениетімізге кері әсер ететін дүниелер де жоқ емес. Сондықтан оқу мәдениеті қалыптасқан ел үшін бірінші алтын тамырдан ажырамай, ауыз әдебиеті фольклорын, классика, көркем әдебиет шығармаларын оқып, кейін ғана мотивация сыйлайтын психологтердің аудармаларын оқыған жөн деп ойлаймын. Оқырманның таңдауына бағыт-бағдар бере алғанымызбен, оны өзгерте алмаймыз. Кез келген шығармаға алдын ала дайындалып, деңгейін көтеріп келу керек. 

– Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Бүгін осы жолмен жүрем деген әр адамның қалауындағы кітаптар жазылып, жарыққа шығып жатыр ма? 

– Жазушыны мамандық иесі деп қабылдамау керек. Әр жазушының жанры болады. Сондықтан біріне барып мына тақырыпта қалам тербе деп айта алмаймыз. Бірақ жас жазушыларға да жүктелген міндет пен қойыл­ған талап бар. Ойдың адамы болғаннан кейін дәл қазір қоғамға керек дүниені оқырманға бере алуы керек. Жаңа заманның оқырманына не керек, қазір не оқып жатыр? Соның бәрін ізденуі керек. Қазір жаңа заман әдебиеті заманауи оқырманның сұранысына ие тақырыптарды көтереді. Осы тұста жазу­шылар да сұранысқа ие дүниелерді жазып, тың тақырыптағы еңбектерді аударуы керек шығар. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ