Германия біртіндеп Huawei және ZTE компоненттерін 5G байланыс желісінен алып тастайтын болды. Неміс үкіметі телекоммуникация қызметін көрсететін провайдерлермен келісім жасап, нақты жоспар құрған.
Немістер Huawei-ден неге қорқады?
Huawei «Германия киберқауіпсіздік мәселелерін саясиландырып» отыр деп мәлімдеген. Фото Reuters сайтынан алынды. Авторы: Benoit Tessier
1,455
оқылды

Huawei және ZTE сияқты қытайлық компанияларды өздерінің нарығынан алыстату үшін Германия үкіметі нақты қадамдар жасай бастағынан Reuters жазды. Агенттіктің материалына сүйенген Aikyn.kz саяси шешімнің себебін түсіндіреді.

Елдің Ішкі істер министрі бейсенбіде (10 шілде) Германия 2029 жылдан бастап 5G желісі өнімдерін пайдаланудан бас тартатынын айтты.

«Біз қазір телекоммуникациялық компаниялармен нақты және қатаң келісімге қол жеткіздік», – деді министр Нэнси Фазер Берлинде журналистермен берген түсініктемесінде. Оның айтуынша, келісім Еуропаның ең ірі экономикасының цифрлық қауіпсіздігінің маңызды кепілі болмақшы.

Келісім Ішкі істер министрлігі мен Deutsche Telekom, Vodafone және Telefonica Deutschland арасындағы келіссөздердің нәтижесі болды. Ол Германияның маңызды инфрақұрылымын Қытайдан қорғауға бағытталған, өйткені, неміс билігінің ойынша, қытайлық жабдықтар ақпараттық салаға қауіп төндіреді.

Қытай билігі батыс елдерін киберқауіпсіздік мәселелерін «саясиландырады» деп айыптайды. Фото news.usni.org сайтынан алынды. Авторлығы: PLA Photo

Фазер Берлиннің Пекинді келісім туралы хабардар еткенін және қытайлық технологияны жеткізуге жоспарланған шектеулерге байланысты ешқандай қарсы қадамдар күтпейтінін айтты. Бірақ Қытайдың Германиядағы елшілігі егер Huawei қызметі шектелсе немесе алынып тасталса, салдары болатынын айтып, Берлиннің бұл жоспарын бәсекелестікті тұншықтырып, өз технологиясын ілгерілетуге бағытталған «аяусыз әрекет» деп атады.

«Желі қауіпсіздігіне қатысты болжамды қауіптер – бұл жай ғана сылтау. Әзірге ешбір ел Huawei жабдығы қаншалықты қауіпсіздікке нұқсан келтіргені туралы нақты дәлел келтірген жоқ», – деді елшілік сәрсенбіде (9 шілде) Германияның жоспарлары туралы болжамдарға түсініктеме беруді сұраған кезде.

Германиялық Министр келісім туралы толық ақпарат бермеді.

2026 жылы Германия 5G деректер орталығының желісінен қытайлық технологиялар мен жабдықтарды алып тастайды. Фото quote.rbc.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock

Reuters сәрсенбіде (9 шілде) хабарлаған жоспарлы тоқтату бірнеше кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша, операторлар 2026 жылы елдің негізгі 5G деректер орталығының желісінен қытай технологиясын, жабдықтарын алып тастайды.

Екінші кезең: 2029 жылға қарай антенналар, электр желілері және мұнаралар сияқты бөлшектерді шығаратын қытайлық өндірушілердің жабдықтары ауыстырылады.

Германия Еуропалық Одақтың 5G желілері үшін қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруда артта қалған ел болып саналады.

Германия Huawei және ZTE компоненттерін 5G байланыс желісінен алып тастайды. Фото gazeta.ru сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Dado Ruvic

Байланыс операторлары Берлиннің қымбат тұратын және қосымша қаражатты қажет ететін Huawei қызметтерінен бас тарту әрекеттеріне жиі қарсылық білдіріп келеді. Ал Huawei Германияны киберқауіпсіздік мәселелерін «саясиландырып» отыр деп, өздерінің қауіпсіздік шараларын толық сақтайтын компания екендерін мәлімдеген.

АҚШ-тан кейін ЕуроОдақ елдері де қытайлық технологиялық компанияларға қарсы саясат ұстануға көшті. Қытай мен батыс елдерінің арасында саяси, экономикалық және ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің бар екенін сарапшылар жақсы түсінеді.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.