Елде үш жүз мыңға жуық ана мен әке алимент даулап жүр. Де­мек, осыған жетеғабыл кө­кек ад­ам оны төлеуден қашып жүр.
Қазақстанға алимент қоры қажет пе?
784
оқылды

Алименттер бойын­ша қа­рыз был­­тырдың өзінде 21 мил­лиард тең­геден асыпты. Про­бле­ма ау­қы­мын осыдан аңғару­ға болады. Са­рапшылар мен де­­п­ут­ат­тардың байламынша, мемлекет аралас­ып, бір шара қабылдамаса, түйт­кіл тек ушы­ға береді. Сон­дық­тан үкіметтік жұмыс тобы жаңа ин­с­ти­тутты – Алимент қор­ын құру мә­­селе­сін пысықтауға кірісті. 

Көкек әке қаптаған заман

Ұлттық статистика бюросының мәлі­м­етінше, 2009 жылғы Қазақстан халқының ұлттық санағы республикада әйелдердің 52,2%-ы «отанасы» болып табылатынын көрсетті. Ал 2021 жылы жүргізілген ұлттық санақ қорытындысында некедегі әйелдер­дің үлесі 58,9%-ға дейін өскен. 

Ешқашан тұрмыс құрмаған нәзік болмыс иелерінің үлесі осы онжылдықта 28,2%-дан 25,7%-ға дейін төмендеді. Әйелдердің 8,4%-ы немесе 595 280-і жесір қалған және кейін ешбір ермен көңіл қоспаған.

Бұл ретте Қазақстанда әйелдердің 7%-ы немесе 494 328 әйел ресми түрде ажырас­қан. Олардың үлкен бөлігі қолында қалған балалары үшін әкесінен қаржылай көмек алмайды немесе алатыны жеткіліксіз.

Мысалы, еліміздегі ең шағын үш өңір­дің бірі саналатын, 696 мыңдай ғана тұр­ғыны бар Абай облысында жыл басынан бері алимент төлемеген 215 ата-ана анық­талды.

– Борышкерлер мен алимент төлемей­тін­дерді іздестіру – көші-қон қызметінің бір бағыты. Осы жылдың басынан облыс по­­лицейлері қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде іздеуде жүрген, алимент тө­леу­ден жалтарған 245 адамның 215-і анық­талды. Жүргізілген талдау көрсеткендей, алиментті тек ер адамдар емес, сонымен бірге балаларының тағдырына қызығушы­лық танытпайтын кейбір ана да төлемей­ді, – дейді облыс ПД көші-қон қызметі бас­тығының орынбасары Бауыржан Иман­ғажанов.

Мәселен, екі баласының алдында қар­ызға батқан 35 жастағы келіншек көрші об­л­ыс­та қашып жүрген жерінен ұсталды. Ондайларға полицейлер «атқарушылық құжатты орындамағаны үшін» деп, хаттама тол­тырып, заң жүзінде әкімшілік және қыл­мыстық жаза қолданылады.

Бас қорқақ, қол батыр ма?

Премьер-Министрдің оң қолы, яғни орын­басары Тамара Дүйсенова жуырда Мем­лекеттік алимент қорын (МАҚ) құру­ды қарастырып жатқандарын жеткізді. Он­ың айтуынша, қазіргі кезде Әділет министрлігінде құрылған топ мұндай қордан неше адам қанша көлемде қаржы алуға мұқтаж болатынын қарап, есеп-қисабын жасау үстінде. 

– Әйелдердің қаншасы әкелердің жалтаруы кесірінен алимент алмайтыны, тағы қаншасы алиментті толық көлемде алмайтыны, сондай-ақ әкелердің жұмыссыз қалуы не шетелге жұмыс іздеп кетуі салдарынан қаншасына алимент төлеу тоқта­тылғаны есептеліп жатыр. Мұндай өзекті ақпарат Мемлекеттік алимент қорын құру үшін қажет. Ол қор қанша адамға қанша мөлшерде көмек көрсетуі тиіс? Бүгінде керекті қаражат сомасын анықтап алу маң­ызды, – деді Тамара Дүйсенова.

Әйтпесе, оның айтуынша, Үкімет МАҚ­-­тың құрылғанын жариялап, оған белгілі бір қаржы бөле алады. Бірақ ол қаржы «үш ай­дан соң таусылып қалуы мүмкін». Немесе зәру аналардың басым бөлігі көмек­тен қағылуы ықтимал. «Сондықтан Әділет министрлігінің есептемелері дайын бол­ғанын күтейік, содан кейін шешім қабыл­даймыз. Жалпы, өз міндетіне адал емес не­месе жұмыссыз жүрген әкелердің балала­ры үшін алиментті мүлдем алмайтын неме­се жеткілікті көлемде алмайтын әйелдер қор­дан төлем алудан үміттене алуы мүм­кін», – деді вице-премьер журналистерге.

Алайда дәл осы кезде Парламент депутаттарына жазбаша жауабында Премьер Олжас Бектенов алимент қорын құруды құптамайтынын жеткізді. Ол мұндай қадам елдегі ажырасулар санын арттырып жібер­еді деп қауіптенеді. Айталық, күйеуі жұмыс істемейтін болса, әйелі аталған қор­­­дан кө­мек­қаржы алу үшін онымен некесін фиктивті бұзуы мүмкін. 

– Мемлекеттік алимент қорын құру идеясы жаңа туындаған жоқ, бұрыннан тал­қыланып келеді. Ұсынылып отырған бастаманы Үкімет қолдамаған. Қолдамау­дың негіздері келесі: біріншіден, балаларға әлеуметтік көмек бойынша мемлекет онсыз да шаралар қабылдайды. Сонымен бірге Ата заңның 27-бабына сәйкес, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – тікелей ата-ананың етене құқығы әрі міндеті! Екіншіден, мұндай қорды құру – алимент төлеуді тоқтатқан борышкерлер санының өсуіне, некелерді жасанды түрде бұзудың артуына, ата-ана­лық міндеттерін орындаудан жаппай жал­таруға соқтыруы мүмкін, – деді Үкімет бас­шысы Олжас Бектенов. 

Оның айтуынша, Мемлекеттік алимент қор­ын қалыптастыратын қаржы көздері де «күмәнді, даулы». Сарапшылар оның бір бөлігін борышкер ата-аналардың мүлкін тәркілеп, сатудан түскен қаржымен толтыруды ұсынады. Шынында, ондай борыш­керлердің иелігінде құнды мүлік болмай шығады. Қолданыстағы тәжірибе бойынша құқық қорғау органдары онсыз да жосық­сыз «алиментшілердің» авто­көліктерін тар­тып алып жатыр, одан қарыз көлемі тіп­ті де қысқармады. 

Сайып келгенде, МАҚ-тың күні қал­пымен мемлекеттік бюджетке қарап қал­мақ, соған салмақ салмақ. Ал бюджеттің тап­шы­лығы биылғы жылы 3,5 триллион теңгеге жетіп қалды. 

«Шетелдің тәжірибесін талдау көрсет­кендей, мұндай институтты құру мемлекеттік бюджеттен мол қосымша қаражат бөлуді талап етеді. Қорды басқаратын арнайы құрылым құру, қосымша штаттық бір­лік бөлу және басқасы қаржыны қажет етеді. Осы айтылғанды ескеріп, одан гөрі атқа­рушы өндіріс аясында алименттерді өндіріп алудың қолданыстағы тетіктерін күш­ейткен жөн деп санаймыз», – деді Премьер О.Бектенов. 

Оның орынбасары болса, қаржы таппай қиналған аналарды үміттендіріп қой­ды. Сарапшылар Әділет министрлігінің есептемелерін күтуге шақырды. Онысы Бек­тенов­тің үзілді-кесілді кесімін өзгертер ме екен? 

Балам деген жұрт болмаса...

Жоғарыда әйелдердің 7%-ы немесе 494 328 әйел ресми түрде ажырасқаны айтылды. Сонымен қатар Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, 2023 жылы сот орын­даушыларының өндірісінде «қашқын» алиментшілерден қаржы өндіртуге қатысты 288 мыңнан астам іс жатқан. Бұл – атқару өн­дірісіндегі құжат­тар­дың үлкен бөлігін құрайды.

Министрдің дерегінше, орындауда жат­қан атқару істерінің арасында 16 345-і – проблемалық. Соның ішінде 58%-ы (9 490 құжат) бойынша қарыз 4,7 миллиард тең­гедей: ол ара-тұра, ішінара өтеледі. Қалған 42%-ы (6 855 құжат) бойынша 8 миллиард тең­ге қарыз мүлдем өтелмейді. 

«Талдау көрсеткендей, алименттерді төл­ем­еуге негізінен борышкердің ресми жұмыс орнының, табыс көзінің, өндіруге тұрарлық мүлкінің жоқтығы себепкер. Бір­ақ ауқатты, материалдық мүмкіндігі бар бір­қатар борышкер де өз балаларына күтім жас­аудан қасақана бас тартады, мүлкін түр­лі тәсілмен жасырып бағады. Бұларға әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қа­рас­тырылған. Проблемалы атқару өндіріс­тері бойынша сот орындаушылары мәж­бүр­леп өндіру шараларын қабылдайды. Мүлкі, тұрақты табысы болмаса, ондай борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп, бос орындар жәрмеңкесін өткізіп тұрады», – деді министр А.Есқараев. 

Ол тек қана алименттерді өндірумен айналысатын мамандандырылған кеңсе-конторалар құруды ұсынады. Қазірдің өзін­де басқа шаруаға алаңдамай, тек осы саламен ғана айналысатын бірқатар жеке сот орындаушысы бар көрінеді. Әділет ми­нистрі ЖСО кеңселерінің бір салаға ма­ман­дануы тәжірибесін барлық өңірге тарату маңызды дейді. 

Алимент төлемеу үшін еркегі болсын, әйелі болсын, түрлі қулыққа басады: сот орындаушысына және алимент алушыға хабарламастан, жұмыс орнын ауыстырады, жұмыс берушісімен келісіп, шынайы табы­сын жасырады, тұрғылықты орнын өзгер­теді, тіпті шетелге табанын жалтыратады. Ақыр соңында отбасының жұртында балаларымен жалғыз қалған адам оларды асыр­ауға жеткілікті қаржы таппай, азап шегеді. 

Мәжіліс депутаты Магеррам Магер­рамовтың айтуынша, Үкімет өткір әлеу­меттік проблеманы шешу үшін түрлі қате жолдарды байқап көріп, айнала адасып, ақыры ескі «қазығын тапты». Тіпті, «Алиментті төлеу бойынша 30 қадам» сияқты арнайы бағдарлама қабылдап көрді. Заң­нама да талай түзеп-күзелді, жаза қат­ай­тылды. Нәтиже шықпады. 

– Республикалық сот орындаушылары палатасының қабылдаған шаралары да зая! Балаларға алимент өндірту проблемасы жыл өткен сайын тек ушығып барады. Бұл мәселені VI шақырылған Парламентте кө­тергенбіз. Ол кезде алимент қарызы 2 мил­лиард теңгені құраған еді. 2023 жылы алимент бойынша қарыз 20 миллиард 796,6 мил­лион теңгеден асты! 2024 жылғы 1 қаң­тардағы жағдай бойынша алиментті өн­діруге қатысты 8 мыңнан астам сот шешімі мүлдем орындаусыз қалған. Сондықтан біз шет елдер­дің тәжірибесіне сәйкес, Мемлекеттік алимент қорын құру керек деп табандаймыз, – деді депутат. 

Оның ұсынуынша, МАҚ 3 айдан көп уақыт алимент алмайтын барлық балаға төленуі қажет. Қор бюджеттен тыс түсім­дер­­ден қалыптасады. Біріншіден, алимент төлеуден жалтарғандардың қаржылай табыстарының белгілі бір бөлігі қорға өн­діріледі. Екіншіден, олардың тәркіл­енген құнды мүлкін аукционда сатудан түскен түсімді де қорға бағыттау ұсын­ылады. Сон­дай-ақ ел болашағы балаларға қамқорлығы ретінде қазақ жерінің қой­науындағы бай­лы­­­­­ғын қазып-көсіп алып жатқан шетелдік және отандық инвесторлар, басқа ірі компаниялар қорға демеуші болса игі.  

Сарапшылардың дәйектеуінше, қор арқылы мемлекет балалардың үлкен бө­лігін қамқорлығына алып, олардың билік пен қоғамға ызалы емес, риза, отан­сүйгіш азамат болып өсуіне ықпал етер еді. 

Лудомандардың үлкен бөлігін алимент­шілер құрайтыны белгілі. Олар есіл-дерті құмар ойын болып, соның соңына түсіп кеткендіктен, отбасынан айырылып жатады. Осы орайда таяуда Парламент арнайы заң қабылдап, борышкерлердің, алиментті төлеуден жалтарушылардың бірыңғай тізімінде тұрған тұлғалардың құмар ойын­дарға қатысуына, бәс тігуіне тыйым салып тастады. Алайда бұдан тастанды балалар­дың жағ­дайы жақсармасы анық. Ендеше олардың жағдайын оңалтудың өзге пәрмен­ді шаралары қажет. 

Айхан ШӘРІП