Иппотерапия – халықтық медицинаның тиімді әдісі саналады.
Иппотерапия игілігі
1,472
оқылды

Бүгінде жылқыға мініп жаттығу арқылы емделу мүмкіндігін дәрігерлердің өздері де мойындай бастады. Емнің бұл түрі тірек-қимыл жүйесі, аутизм, церебралды салдану, сөйлеу және тіл дамуының бұзылысы мен Даун синдромы секілді балалар ауруына таптырмас дауа болатынын дәлелденген.

Негізінен, иппотерапия – грек тілінде «hippo» – «ат» деген мағынаға ие. Түпкі мағына­сын­да «атқа мініп жүру арқылы ем­деу» дегенді білдіреді. Бұл әдіс әлем­дік деңгейде кеңінен қол­данылады.

Медицина саласының маман­дары бүгінгі таңда иппо­терапия кешенді реабилитациялық кө­мек­­тің құрамдас бөлігі екенін айтып жүр. Өйткені бұл тәсіл тірек-қимыл, жүйке жүйесі бұзы­лысы бар ем алушыларда әр­дайым оң нәтижесін көрсетіп ке­­леді. Әсіресе, баланың 12 мү­шесін қозғап, қан айналымын жақсартады екен. 

Сыр өңірінде де иппотерапия тәсілімен емдейтін арнайы орын жұмыс жасайды. Облыс орта­­­лығындағы «Ұлттық балаларды оңалту орталығы» Қызылорда филиалында жылқыға мініп сер­­уендеу арқылы көптеген ба­ла­­­ла­р­дың бойынан оң өзге­рістер байқала бастағаны жиі айтылады. Соған орай аталмыш орталықтың жай-күйіне қанықтық. 

«Орталығымызда иппо­тера­пияны жүргізудің өзіндік тәсіл­дері бар. Бұл тәсілдер ем алу­шы баланың негізгі патологиясына қарай таңдалады. Мысалы, қыз­дыру әдісі жылқының дене тем­пературасы адам ағзасынан жо­­­­ғары болған соң, атты тер­ле­тіп әке­ліп баланы мінгізгенде, бала­да бұлшық ет спастикасын боса­туға септігін тигізеді. Соң­ғы уа­қытта жиі кездесіп жатқан ЗПРР (психосөйлеу дамуының кешігуі) бұзылысы бар бала­ларда, психо­моторлы даму бұ­зылысы (еңбек­теу, тұру, жүру, сөйлеу қалыпты жасынан кеш дамыған жағдай) және невроз тәрізді бұзылысы бар балалар атқа мінгенде бойы­нан оң өзге­рістерді сезініп жүр. Соның әсе­рінен көңіл күйі көте­ріліп, қызығушылығы да арта түседі. Ең бастысы, ат үстінде отыр­ған баланың тепе-теңдігі жақсарып, өзіне деген сенімділігі арта­ды», – деді бізге орталықтың бөлім меңгерушісі, дәрігер-нев­ролог Амандық Әскербеков.

Негізінен, бұл орталық – Қазақстандағы медициналық оңалтуды, психологиялық-педа­гогикалық түзетуді және па­циент­тердің әлеуметтік бейім­делуін қамтитын орын. Онда ин­новациялық техноло­гияларды қолдана отырып, оңа­лтудың то­лыққанды интегра­цияланған моделі қолданылады. Филиал 2013 жылы ашылған.

Филиалдың негізгі бағыты – 1-18 жас аралығындағы жүйке жүйесінің мүгедектікке шалдық­тыратын дерт түріне душар бол­ған балалармен жұмыс жасау. Бұл жерде баланы қоғамда толыққанды өмір сүруге бейім­деуге бағыт­талған кешенді маман­дан­ды­рылған, медици­налық, психоло­гиялық-педа­гогикалық, әлеу­­­меттік салада оңалту көмегі көрсетіледі.

Орталық жүйке жүйесі мен тірек-қимыл жүйесінде патоло­гиясы бар балаларға және жас­өспірімдерге оңалту көмегін көр­­сетуге арналған 60 төсек-орын­мен жабдықталған. Оған жылына 900-ге жуық бала Қы­зылорда, Түркістан облысы­нан келіп ем алады екен.

Осы орталықтан кешенді ем алып, дертіне шипа тапқан жан­ның бірі – бес жастағы Ұлан Әділ­хан есімді балақай. Ұланның анасы Гүлназ Медетьярованың айтуынша, целебральды сал ауруы, спастикалық диплегиясы бар баласы иппотерапиядан кейін өзін жеңіл сезіне бастағаны байқалыпты.

«Аттың үстінде ұлым өзін өте еркін ұстайды. Алғашқы күннен-ақ бойынан жақсы нәтиже байқалды. Бұған дейін баланың екі аяғы сал болып, жүре ал­май­тын күйде келген едік. Осы емді қабылдағаннан бастап жағдайы жақсара түсті. Осы орайда МӘМС аясында тиісті ем-шарасы тегін жүргізілгенін айта кеткім келеді. Жалпы, иппо­терапияның игілігін сезіндік», – деп қуанышымен бөлісті анасы. 

Сол сияқты церебралды салдану, спастикалық дипле­гия­ның ауыр дәрежелі түріне шал­дыққан 15 жастағы Рамазан Әбліштің де қазіргі жағдайы көңілге қуаныш сыйлайды. Ра­мазанның әжесі Күлайша Тө­леуова немересіне иппотера­пияның шарапаты тигенін айтып, алғысын білдірді.

МӘМС демекші, жыл басы­нан бері «Ұлттық балаларды оңал­ту орталығы» филиалына емделушілерді қалпына келтіру мақсатында әлеуметтік медици­налық сақтандыру қорынан 77 млн теңгеден астам қаражат бө­лініпті. 

«Жалпы, орталықта кешенді оңалту шарасы 3 бағыт бойынша жүргізіледі. Филиалда атқа мініп жүру арқылы емдеу шарасынан бөлек, механотренажерлер, тірек рама (вертикализатор), батут, «Атлант» костюмі, пози­цио­нер­лермен жабдықталған ЕДШ (Емдік дене шынықтыру) залы жұмыс жасайды. Сондай-ақ компьютерлі технология негі­зінде жұмыс жасайтын МОТОмед тренажеры да бар», – дейді Амандық Мирамбекұлы. 

Мамандардың пікірінше, ат­пен баяу серуендеу адамдардың барлық дене мүшесіне әсер ететін көрінеді. Соның ішінде бұл әдіс тірек-қимыл жүйесінің дамуын арттырып, бұлшық еттерді босаң­сытады екен. Сондай-ақ жылқыға міну адамның жүйке жүйесінің жұмысын жақсартуға мол септігін тигізеді. 

Иппотерапияның игілігін көр­­ген жандардың қай-қайсысы да орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдіріп жатыр.

 

Қызылорда облысы

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ