Елімізде кәмелет жасқа толмай жүкті болып, жасанды түсік жасататындар мен ана атанатын жасөспірімдер саны артып барады. Дүниежүзілік медициналық көрсеткіштер бойынша 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады.
Көз жасына жасырылған мұң
2,563
оқылды

Бірақ біздің елімізде 12-15 жас ара­лығындағы, тіпті 10-12 жастағы қыз бала­ның жүкті болып қалғаны туралы ста­тистика бар. Дәрігерлер ұсынған де­ректер бойынша, елімізде жылына 130 мыңға жуық жасанды түсік жасалса, олардың ең жасы – 13-14 жастағы жасөспірім қыздар. Ал 14 жастағы жасөспірімдердің 10 пайызы, 15-17 жастағы жасөспірімдердің 21 пайызы кемінде бір рет жыныстық қатынаста болған. Сондай-ақ Қазақстанда жасөспірім қыздар арасындағы жасанды түсік Еуро­памен салыстырғанда 3-4 есе көп. 

Халқымыз «Қыз бала – ұлттың ұяты, халықтың шырайы» дейді. Алайда ерте етегі ашылып, балалық шақта ана атанып отырған қыз баланың тағдырына алаңдаған кім бар? Енді ғана желкілдеп өсіп келе жат­қ­ан жеткіншектің қылығын ұят санамас бұ­рын, оның бойына адами құндылықтар мен ұлттық тәрбиені сіңіру үшін не істедік? Олардың сезімдері мен сенімдеріне ере­сектердің өзі сызат түсіруі мүмкін еке­нін бір сәт болса да ойладық па? Тек қызда­рымыздың ғана емес, ұлдарымыздың өз өмірін өксікке толтырып, тағдырын талқан етуінің себебі не? Көбіне жүгенсіз кеткен жасөспірімдерді сынап-мінеп, кінәлап жатамыз. Үзіле жаздап, үлбіреп тұрған тағдырдың тауқыметіне көз жұма қарай­мыз. Әлі толық пісіп-жетілмеген жас ағза үшін жүкті болу, өмірге ұрпақ әкелу немесе жасанды түсік жасатудың психологиялық, физиологиялық салдарына бас қатырдық па?

Мамандардың айтуынша, жыныстық даму қыздарда 9-10, ұлдарда 10-12 жаста ғана байқала бастайды. Жүктілік кезінде жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарда түрлі түзілістер жүреді. Жас аналарда көбінесе плацен­тарлық тапшылық, анемия, токсикоз туындайды. Балғын қыздардың ағзасы мұн­дай жүктемеге дайын болмайды, құр­сақ көтеріп, бала тууға бейімделмеген. Салдарынан, жасөспірім аналар дүниеге әкелген балалар ауруға бейім, әлсіз, өмір сүруге деген қабілеті мен құштарлығы өте төмен болады. Ерте түсік жасату немесе ерте жүктілік, тіпті баланы дүниеге әкелу – жас ананың денсаулығына, өміріне төнген үлкен қауіп әрі жанына түскен жазылмас жара екенін түсінгіміз келмейді де. Ара­мызда «Ойнап жүріп от басқан» баласының өмірінің ойрандалғанын ойлаудан бұрын, жұрт алдындағы масқарадан «тығылып» қалуды ғана ойлайтын ата-аналар көп. 

– Түсік жасату туралы шешімді ата-аналардың көпшілігі қолдайды. Өйткені олар екі жаманның азын таңдадық деп санайды. Ерте жүктіліктің зиянды тұстары да жетерлік. Бірақ жасөспірім кезіндегі түсік жасату көптеген жағымсыз жайтқа әкеледі. Жүктіліктің ерте факторы бола­шақта тіпті бедеулікке әкелуі мүмкін. Егер жас ана баланы дүниеге әкелемін деп шешім қабылдаса, бірқатар салдарға тап болады. Жас кезіндегі жүктілік денесінде әлі де гормоналды өзгерістер жүріп жатқан әйел ағзасы үшін қауіпті. Он үш-он жеті жасында қыздың ағзасы ана болуға әлі дайын емес, – дейді гинеколог дәрігер Самира Садыгова.

Ерте жүктіліктің ғылыми тұжырым­да­маларына тереңірек үңілер болсақ, бұл халқымыздың репродуктивті саулығына, болашақ ұрпақтың қан тазалығына зиянды әсерінің зор екеніне көз жеткізер едік. Мамандар қазіргі күні елімізде бала туу көр­сеткішінің кеміп кеткенін, оның басты себептерінің бірі бедеулік екенін жиі айтып жүр. Ал бедеулік адам репродуктивті ден­саулығына жастайынан, тіпті бала кезден мән бермегенінің салдары дейді. Жас ағзаның ер және әйел ретіндегі ерек­шеліктері қалыптасып үлгермей жыныстық қатынасқа барып, мәжбүрлі түсік жасату, қалаусыз нәрестені дүниеге әкелу адамның денсаулығына, психологиясына, физио­логиясына, қала берді, халқымыздың са­лауатты сапасына кері әсерін тигізетін ең қасіретті фактор екені даусыз. 

Егер статистиканы сөйлетер болсақ, елімізде 21 мың ВИЧ дертін жұқтырған адам болса, соның 40 проценті – 15-29 жас аралығындағы жастар. Акушер-гинеколог Галина Гребенникованың айтуынша, 15 жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп. Бұл сандардың ұлт саулығы, ұрпақ саулығы мәселесіндегі зардабын айтпасақ та түсінікті... Қазір мектеп бағдарламасына жыныстық тәрбие сабағын енгізу туралы мәселе қоғамда қайта-қайта талқыланып келеді. Бірақ жыныстық білім мен тәрбиені жүйелі, сауатты түрде қалай жүргізуге болатыны туралы нақты шешім, айқын бағыт-бағдар жоқ.

Жалпы, 2019 жылдан бері мектептерде жаратылыстану, биология сияқты жалпы пәндерге тақырып ретінде адамтану бағытында жыныстық тәрбие курсы ара­кідік енгізіліп жүр. Алайда нақты бағ­­д­ар­ламасы бекітілмегендіктен, қайбір жыл­дары салауатты өмір салтын қалып­тастыру орталығы сынды мекемелердің мамандары мектепте өз дәрістерін оқып, мүшеқап жарнамасын жүргізіп, оқу­шыларға таратып бергені туралы шу шықан-тын. Ата-аналар үдере түрегеліп, наразы болғаны бар. Бұ­рын анатомия са­бағы 8-сыныптан баста­латын болса, енді мамандар бұл пәнді  3-4-сыныптан бастау керектігін алға тар­тады. Олар 3-4 сыныптан бастап-ақ бала­ларға жыныстық сауаттылық туралы оқыта беруге болады дейді. Егер 3-4-сыныптағы бала 8-9 жаста деп есептесек, оларды кішкентайынан жыныстық тәрбиеге үйрете беру туралы ұсынысты қолдай­тындар «қазіргі балаларды бұрынғы бала­лармен салыстырғанда физиоло­гиялық, жыныстық өсіп жетілуі өте ерте әрі тез дамиды» деген уәж айтады. 

Білікті педагог, Еңбек Ері Аягүл Ми­разова: «Бұл мәселені үшінші сыныптың баласы әрине қабылдамайды. Оған қызық көрінуі мүмкін. Бі­рақ балаға ерте бастан, ондай дүниені айту пайда бермейді. Ке­рісінше, баланы бұзуы мүмкін» дейді. Егер қазақтың ұлттық өлшеміне салсақ, «бесік­тен белі шықпаған балаға» кейбір құпия саналатын, ұят болып есептелетін, өзіндік шекарасы анықталған ұғымдарды «жа­лаңаштауға» болмайды.

Десек те, жасөспірімді «болары болған іске» айыптау, кінәлау мәселені шешпейтіні белгілі. Бейсаналы жасаған әрекеті үшін ата-анасынан қорыққан жасөспірімнің жасанды түсік жасату арқылы мәжбүрлі түрде адам өлтіру секілді қылмысқа дейін барып жатқаны ең үлкен қауіп екенін ескеруіміз керек. Журналист Бэлла Орын­бетованың айтуынша, жалпы біздің қо­ғамда баланың міндеті бар да оның құқығы, қалауы деген мәселелер қарас­тырылмаған. Мәселен, балаға біріншіден психологиялық тұрғыда ержету немесе бойжету деген не екенін ұғындыру керек. Ересек өмір тек жыныстық қарым-қатынас емес, жасөс­пірімнің адам ретінде өзін-өзі релиза­циялауы, өзінің қандай да бір потенциалын іске асыруы, қабілетінің, мүмкіндіктерінің шексіздігі туралы ұғымдарды сіңіруіне жағдай жасалуы керек. Яғни, баланың шығармашылық, білім немесе кәсіп секілді басқа да мүмкіндіктерінің толық ашылуына фундамент қалануы керек. Қазіргі капи­талистік ортада балалардың көбісінің түсінігінде жұмыс істеуге, ақша табуға тырысу культі, материалдық құндылық культі қалыптасқан. Заң бойынша белгілі жаста баланың жұмыс істеуге құқығы бар. Бірақ қандай жұмыс істейтіні туралы механизмдер жоқ. Сондықтан ауыр жұ­мысқа жегіліп жүрген балалар құқығына қатысты айқын механизмдер, шаралар болу керек.

– Егер еліміз жастардың ерте жастан жыныстық қатынасқа түсуі нгемесе ерте жүктілік бойынша алдыңғы орында болса, қоғамдағы «Он үште отау иесі» деген секілді архаикалық түсініктердің әсері болуы мүмкін. Біздің қоғамда балалардың құқығына қатысты белгілі бір мораль оқылады да, көбіне баламен арада диолог болмайды. Тыйым туралы көп айтылады. Бірақ не үшін тыйым салынғаны ай­тылмайды. Мектепте валеология саба­ғының сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ баланың құқығын бұзу жағдайы көбіне ашық айтылмайды, кейбір инцидент болған жағдайлар «жабулы қазан күйінде» өзара келісім негізінде жабылып қалады. Дегенмен жалпы ерте жыныстық қа­рым-қатынас немесе ерте жүктілік мәселесінің ал­дын алуға бо­ла­ды, – дейді Б. Орын­бетова. Оның ай­туынша, мек­тепте жыныс­тық сауат пәнін оқы­татын болса, ал­дымен пе­догог маман­ның да жауап­кершілігі мен сауатына мән берілуі ке­рек. Мек­тепте ғана емес, ата-анамен де жұмыс жүр­гізілуі, қоғам­ның да пі­кі­рі, көзқарасы өзгеруі тиіс.

– Мектепте жы­ныс­тық тәр­бие туралы оқы­ту дегеніміз – жы­ныстық қа­тынасқа түсуіне рұқсат беру деген сөз емес. Оқу­шыға жыныстық қа­тынас деген не, оның салдары, оған да­йын­дық мәсе­лелері, ер мен әйел ор­га­­низмінің физиологиялық ерекшеліктері, ағзада бола­тын өзгеріс, ағзаның пісіп-жетілуі, психологиялық, әлеуметтік-құқықтық аспектілері түсін­дірілуі, «Қызға қырық үйден тыю» қағи­дасы ғана емес, ұлдардың да жауапкершілігі қамтылуы ке­рек. Адам құқығының мәнін сақтау, адам­ның абыройын, адамның қа­лауын сақтау мә­селесі бірінші бағалануы керек деп ойлаймын. Сондықтан биязы­лық, пәктік дегеннен гөрі адамның құқы­ғына, саналы таңдауына еркіндік берген дұрыс деп ойлаймын. Жасөспірім саналы түрде ерте жыныстық қатынастың немесе ерте жүк­тіліктің әлі физиологиялық тұр­ғыда дайын емес ағза үшін қаупін, зиянын, зардабын түсінгені абзал. Сонда ғана «Есік көргенді емес, бесік көргенді ал» қағидасы адамның денсаулығы мен қауіп­сіздігі мәселесінің негізгі түп қазығы бола ала­ды, – деді ол.

Қазақта «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсіл бар. Қазір жасөс­пірімдердің жауапкершілігін сөз етке­німізбен, олар белгілі бір деңгейде ересек адамдардың жауапкершілігін сезіне алды ма, осы мәселеге мән беру керек сияқты. Ал аумалы-төкпелі көңіл күйдегі өтпелі кезеңде жасөспірімге тек ұят туралы ай­тып, шектеу арқылы жауапкершілік талап етудің соңы әлеуметтік мәселеге айналып отырғанының куәсіміз. Ерте жастағы жүктіліктің салдары жасөспірімнің ден­саулық мәселесі ғана емес, өзіне-өзі қол жұмсауға және құрсақта тұншыққан сәби өмірін қиюға дейін апаратын қылмыс әрі қасірет. Сондықтан ізгі қоғам игіліктері дегенді құр айтып қана қоя салмай, әркім өз бойынан іздегені дұрыс секілді.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ