Жұма күні (12 шілде) алты тонналық роботтардың көмегімен апат орнын картаға түсіріп, каталог жасау жобасын бастады. Бәрі ойдағыдай болса, экспедиция 20 күнде аяқталады деп күтілуде.
Атақты «Титаник» кемесін зерттеуге жаңа экспедиция шықты. Олар не іздейді?
Жаңа экспедиция Титаник кемесін сканерлеу үшін заманауи технологияны пайдаланады. Сурет medium.com сайтынан алынды. Авторлығы: DALL жасанды интеллект көмегімен жасалған
2,315
оқылды

Ғалымдар мен тарихшылардан, фотосурет мамандарынан құралған зерттеу тобының Титаник апат болған ауданға аттанғаны туралы BBC News арнайы мақала жариялады. Бұл экспедицияның мақсатын британдық басылымға сүйенген Aikyn.kz түсіндіреді.

Титаник өз заманында ең үлкен және сән-салтанаты жарасқан жолаушылар кемесі болды. Фото EPA сайтынан алынды

Экспедиция АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласынан жұма күні Титаник кемесі 1912 жылы апатқа ұшыраған Атлант мұхитындағы ауданға шығып кетті. Зерттеу тобы әйгілі лайнердің батып кеткені туралы жаңа мәліметтерді табу үшін оның әрбір бұрышын сканерлеуге заманауи технологияны пайдаланады.

Бұл былтырғы OceanGate трагедиясынан кейін Титаникке баратын бірінші коммерциялық миссия. Бес адамның өмірін қиған қайғылы оқиға туралы Aikyn.kz «Титаникті көру үшін мұхитқа сүңгіген миллиардер жоғалып кетті» атты мақала берген болатын.

Жаңа экспедиция 1912 жылы Титаникпен бірге суға кеткен 1 496 жолаушы мен экипаж мүшелерін және 2023 жылғы маусымдағы OceanGate трагедиясында қайтыс болған 5 адамды еске алу шарасын өткізеді. Экспедицияны эксклюзивті құтқару құқығы бар және апат орнынан 5 500-дей затты қалпына келтірген америкалық компания ұйымдастырды. Миллиондаған жоғары тұнықтығы бар фотосуреттер түсіріп, Титаниктің мұхит түбінде шашылған бөлшектерінің 3D үлгісін жасау үшін екі роботтық көлік мұхит түбіне түседі.

Өздерінің мақсаттарын экспедиция жетекшісі Дэвид Галло: «Біз қираған кеме бөлшектерін бұрын-соңды болмаған анық және дәлдікпен көргіміз келеді», – деп түсіндірген.

6 тонналық екі робот (ROV) ультра жоғары тұнықтығы бар оптикалық камералар жиынтығымен және арнайы жарықтандыру жүйесімен, лидар (лазерлік) сканері бар сенсорлық құрылғымен жабдықталған. Фото BBC сайтынан алынды. Авторы: Kevin Church

Dino Chouest логистикалық кемесі Солтүстік Атлантикадағы операциялар үшін негізгі база болады. Ауа райы жақсы болса, кеме 3 800 м тереңдікте орналасқан апатты жердің үстінде 20 күн болады. Бұл экспедиция мүшелері үшін қиын бірнеше апта болмақшы. OceanGate сүңгуір қайығында қаза тапқан бес адамның бірі француз Поль-Анри («PH») Наржоле еді. Ол RMS Titanic Inc компаниясының зерттеу директоры болды және дәл осы экспедицияны басқаруы керек еді. Енді оның құрметіне теңіз түбіне мемориалдық тақта орнатылады.

«Бұл қиын, бірақ зерттеудің мәні – оның ісін жалғастыруға деген қажеттілік пен ниет. Біз мұны PH-дің үнемі зерттеуге деген ұмтылысының құрметіне жасаймыз», – дейді тарихшы Рори Голден.

Әлемде 1912 жылдың 15 сәуіріне қараған түні «Титаниктің» батып кеткенін және оның Канаданың шығысында айсбергпен қалай соғылғанын білмейтін адам аз. Бұл оқиға туралы сансыз кітаптар жазылды, көптеген көркем және деректі фильмдер түсірілді. Бірақ апат орны 1985 жылы ашылғаннан бері бірнеше рет зерттелсе де, оның әлі де нақты картасы жоқ. Қираған кеменің тұмсығы мен артқы жағы біршама жақсы зерттелгенімен, оның айналасындағы теңіз түбі тек үстірт зерттелген.

Алты тонналық қашықтан басқарылатын екі робот (ROV) бұл кемшіліктің орнын толтырады. Біреуі ультра жоғары тұнықтығы бар оптикалық камералар жиынтығымен және арнайы жарықтандыру жүйесімен жабдықталған; екіншісінде лидар (лазерлік) сканері бар сенсорлық құрылғы. Олар теңіз түбінің ұзындығы 1,3 шақырым, ені 0,97 шақырым болатын бөлігін мұқият зерттейтін болады. Бейнелеу бағдарламасына жауапты Эван Ковач оның камера жүйелері көлемі 1 миллиметрлік ұсақ бөлшектерді анық түсіре алады дейді.

«Егер барлық ауа райы құдайлары, компьютер құдайлары, ROV құдайлары, камера құдайлары – егер осы құдайлардың бәрі сәтін салса, біз Титаник пен оның батқан аймағын цифрлық форматта барынша жақын түсіре аламыз. Ұсақ құм түйіршектерін ажырататындай сапада түсіреміз», – деген ол BBC News-ке берген түсініктемесінде.

Сенсорлы ROV құрылғысында орнатылған магнитометр Титаниктің батқан ауданында шашылған барлық металл бөлшектерді, тіпті шөгінділерде жасырылған, көзге көрінбейтін металдарды анықтайды. Фото BBC сайтынан алынды. Авторы: Jonathan Amos

Сенсорлы ROV құрылғысында орнатылған магнитометр Титаниктің батқан ауданында шашылған барлық металл бөлшектерді, тіпті шөгінділерде жасырылған және көзге көрінбейтін металдарды анықтайды.

Инженер-геофизик Элисон Проктор: «Титаниктің тұмсық бөлігі теңіз түбінде қалай өзгергенін білу де нағыз арман болып қалуда. Кеменің тұмсығы теңіз түбіне соғылған кезде жаншылған ба, әлде ол шын мәнінде шөгіндіге толық батып кеткен бе, соны анықтай аламыз деген үміт бар», – деп түсіндірді.

Команда қираған жердегі кейбір әйгілі нысандардың жағдайын зерттегісі келеді, мысалы, кеме екіге бөлінген кезде сыртқа шығып қалған қазандықтарды. Сондай-ақ бұрынғы зерттеулерде тіркелген, бірақ жеткіліксіз зерттелген заттарды табу ниеті де бар. Оларға өз уақытында инженерлік өнердің шыңы болған электр шамы мен екінші Steinway рояль кіреді. Музыкалық аспаптың ағаш жабыны әлдеқашан шіріп кеткен болуы керек, бірақ ішекті ұстайтын шойын табақ немесе жақтау, тіпті кейбір пернелері де сол жерден табылып қалуы мүмкін.

«Мен үшін ең қызықты заттар – жолаушылардың заттары, әсіресе олардың сөмкелері. Бұл олардың заттары – егер біз болашақта көбірек таба алсақ – бұл кеме мен оның жолаушылары туралы мәліметтерді толықтыруға көмектеседі. Көптеген жолаушылар тек тізімдегі есімдер ғана, олардың заттары жолаушылар туралы естеліктерді толықтырудың жақсы жолы», – дейді компанияның Титаник артефактілері топтамасының жетекшісі Томасина Рэй.

Экспедиция өз уақытында инженерлік өнердің шыңы болған электр шамы мен екінші Steinway рояль қалдықтарын да тапқысы келеді. Фото BBC News сайтынан алынды. Авторлығы: Titanic / Honor and Glory

Бұл экспедиция RMS Titanic Inc-тің Титаник қираған жерге тоғызыншы сапары болмақ. Компания соңғы жылдары апатқа ұшыраған түні апат сигналдарын таратқан Marconi радио жабдығын тауып, теңіз түбінен көтеруге деген ниеті үшін үлкен дауға қалғаны белгілі. Осы жолғы экспедицияда мұндай жоспар жоқ, бірақ егер радио жабдық табылып жатса, онда бұл тарихи жәдігерді құлап жатқан кемеден алып шығуды білдіреді. Көптеген адамдар үшін Титаник 1912 жылы түнде қайтыс болған 1 496 адамның қабірі болып саналады және оған қол тигізбеу керек, әсіресе оның интерьеріне.

«Біз мұны түсінеміз. Біз Титаник туралы мүмкіндігінше көбірек білу үшін теңіз түбін зерттейміз. Және кемеге археологиялық ескерткіш ретінде аса құрметпен қараймыз.  Бірақ кемені ұмыту, оның жолаушылары мен экипажының тарихта жоғалып кетуіне жол беру ең үлкен трагедия болар еді», – дейді компания зерттеушісі Джеймс Пенка.

АҚШ пен Ұлыбритания үкіметтері Титаниктің батқан жерін апатты еске алу орны ретінде қарауға келіскен. Бұл кемені жүздеген адамның жерленген жері деп, оны сақтау  және оған құрметпен қарау керектігін білдіреді. Сондықтан кемені, ондағы заттарды көтеруге болмайды. Қаза тапқандардың ұрпақтары да осыны қолдайды.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.