Бүкіл әлем медиасы кешегі Дональд Трампқа жасалған қастандық туралы жазуда. Экс-президентке оқ атқан күдікті 20 жастағы Томас Мэттью Крукс болғанын Федералды тергеу бюросы мәлімдеді.
Экс-президентке оқ атқан адамның есімі белгілі болды
Трампты қиындықтар күшейтетінге ұқсайды. Фото wjla.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Evan Vucci
1,715
оқылды

АҚШ-та президенттік сайлау науқаны қиын жағдайда өтіп жатқанын BBC News жазды. Бұл материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz қайғылы оқиғаның саяси салдарын талдайды.

Қайғылы оқиға кеше (13 шілде) жергілікті сағат бойынша кешкі сағат 18.15-те болған. Бұл Астана уақыты бойынша 14 шілде таңғы сағат - 03.15.

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа оқ атты деген күдікке ілінген адам Пенсильвания штатының 20 жастағы тұрғыны Томас Мэттью Крукс екенін Федералды тергеу бюросы (ФТБ) мәлімдеген. Крукс Пенсильвания штатының Батлер қаласында атыс болған жерден оңтүстікке қарай 89 км қашықтықта орналасқан Бетел-парк шағын қалашықтың тұрғыны болған.

Ол республикашыл болып дауыс беруге тіркелген, алайда 2021 жылы Демократиялық кандидаттарды қолдауға 15 доллар аударған. 

Крукс митинг өтетін жерде бірнеше оқ атқаннан кейін қаза тапқан. Оқиға орнында жеке куәлігі табылмағандықтан, тергеушілер оның жеке басын ресми түрде анықтау үшін ДНҚ пайдаланып, бірнеше сағат жұмсаған.

Пенсильванияда президенттікке үміткер Дональд Трамп өзінің жақтастарымен ұйымдастырылған митингіде болған қайғылы оқиға кезінде қаскөйдің атқан бірнеше оғынан 1 адам қайтыс болып, екеуі ауыр жарақат алған. Трампқа атылған оқ оның оң құлағын жаралап өткен. Құпия қызмет агенттері бірнеше оқ атылғаннан кейін экс-президентті қоршауға алып, тез арада сахна сыртында күтіп тұрған көлікке отырғызып, митинг болған жерден алып кетеді. Медициналық көмек алған экс-президент Нью-Джерсиге үйіне оралған.

Республикалық Ұлттық комитеттің (RNC) веб-сайтында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, ол «өзін жақсы сезінеді» және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне алғыс білдіреді. ФТБ бұл оқиғаны Трампқа жасалған қастандық ретінде қарастыратынын мәлімдеген. Әлеуметтік желідегі Truth Social сайтындағы жазбасында Трамп оқ оның оң құлағының «жоғарғы бөлігін» жаралағанын айтты.

«Мен бір нәрсе болғанын түсіндім, өйткені мен ысқырған оқ пен мылтық дауысын естідім және оқ терімді тесіп өткенін бірден сезіндім. Көп қан кетті, сондықтан мен не болып жатқанын білдім», – деп жазды Трамп.

Күзетшілер Трампты алып кеткен кезде оның құлағы мен бетінен қан анық көрініп тұрған. ФТБ мәлімдемесінде оқиғаға қатысты тергеу «белсенді түрде жалғасуда» делінген. Пенсильвания полициясы атыстан кейін ешқандай жаңа қауіп-қатер болмағанын айтады. Күдіктіні оқиға орнында арнайы жасақтың мергені атып өлтіргенін АҚШ құпия қызметінің өкілі Энтони Гульелми хабарлаған.

Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер CBS News-ке Крукстың «AR үлгісіндегі мылтықпен» қаруланғанын және оқиғадан 140 метрдей қашықтықта орналасқан ғимараттың шатырынан оқ атқанын айтты. Арнайы агент Кевин Ройек агенттік болған оқиғаны өлтіру әрекеті ретінде қарастыратынын растады. Ол әзірше шабуылдың себебін анықталмағанын айтқан.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеп, Дональд Трамптың тезірек сауығып кетуіне тілектес екенін білдірді. Фото tampabay.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Gene J. Puskar

Қайғылы оқиғаның куәгерлері Уоррен мен Дебби есімді қатысушылар кем дегенде төрт оқ атылғанын естігендерін айтады. Атыстан жарақат алған адамның біреуі республикалық конгрессмен Ронни Джексонның жиені екені белгілі болды. Бұл оқиға болған кезде өзінің Делавэр штатында болған президент Байден шабуылды айыптап, оны «зиянды» деп атады.

«Америкада мұндай зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Барлығы оны айыптауы керек», – деді ол. Ақ үйдің ресми өкілдері кейінірек президент Байден Вашингтонға оралмас бұрын Трамппен сөйлескенін айтты.

Екі партияның саясаткерлері Байденге қосылып, шабуылды айыптауда. Бұрынғы президент Барак Обама «біздің демократиямызда саяси зорлық-зомбылыққа орын жоқ» және «бұрынғы президент Трамптың ауыр жарақат алмағанына қуаныштымын» деді. Трамптың бұрынғы вице-президенті Майк Пенс әйелі екеуі бұрынғы одақтасы үшін дұға етіп жатқанын айтып, «әр америкалықты бізге қосылуға» шақырғанын айтқан.

Өкілдер палатасының мүшесі Хаким Джеффрис: «Менің ойларым мен дұғаларым бұрынғы президент Трамппен бірге. Құқық қорғау органдарының қатаң жауабына ризамын. Америка – демократиялық мемлекет. Кез келген түрдегі саяси зорлық-зомбылық ешқашан қабылданбайды», – деген мәлімдеме жасаған.

Әлем елдерінің басшылары да АҚШ-тың экс-президентіне жасалған қастандықты қатаң айыптап, оған тез сауығып кетуін тілеген. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та қастандықты қатаң айыптайтынын мәлімдеп, оның тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Республикашылдар атысқа президент Байденді кінәлап, оны Трамптың президенттікке қайта келуінен туған қорқынышпен байланыстырған. Фото wjla.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Gene J. Puskar

Трамп дүйсенбіде (15 шілде) Милуокиде өтетін Республикалық партияның құрылтайында өз партиясының атынан президенттікке кандидатура ретінде ұсынуын қабылдауға дайын екенін хабарлаған. Бұл туралы оның сайлауалды штабының өкілдері айтты. Кейбір дереккөздер Трамп қайғылы оқиға болған Батлердегі митингіде өзімен бірге вице-президент болатын серіктесін атауды жоспарлағанын айтуда.

Біраз республикашылдар атысқа президент Байденді кінәлап, оны Трамптың президенттікке қайта келуінен туған қорқынышпен байланыстырған.

Трамптың вице-президенті болуға үміткерлердің тізімінде деп есептелетін сенатор Дж.Д.Вэнстің айтуынша, Байденнің сайлауалды риторикасы осы оқиғаға алып келген. Республикалық конгрессмен Майк Коллинз болса қазіргі АҚШ президентін «кісі өлтіруге итермеледі» деп айыптаған. Ал Конгрестің өкілдер Палатасының Бақылау комитетінің төрағасы Джеймс Комер Құпия қызмет директорын түсініктеме беруге шақыратынын айтқан.

АҚШ президентіне сайлау ойламаған жерден қатты шиеленісе бастады. Бұндай оқиғадан кейін Дональд Трамптың президент болып сайлану мүмкіндігі өсетінін саясаткерлер де, сарапшылар да жақсы түсіне бастаған сияқты.  

Бүгінгі құрама штаттар кешегі Кеңестер Одағына ұқсайды. Мосқал тартқан басшылар, мемлекеттің бұлыңғыр болашағы, билікке наразы қоғам. Ертең құрама штаттар да КО-ның тағдырын қайталап, бірнеше бөлшекке бөлініп кету қаупі де елес беруде. Қалай болғанда да Американы атынан аударып түсіргісі келгендер мақсатына жақындағандай. Өйткені кешегідей әлемде өзінің саяси-экономикалық, әскери үстемдігін жүргізу АҚШ-тан алыстап барады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.