Халыққа жайсыздық туғызатын жәндіктің бұл түрімен күрес жаз басталмай тұрып қолға алынады.
Астанада масамен күрес күзге дейін жалғасады
1,468
оқылды

Елордада масалармен күрес жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты 24kz-ке сілтеме жасап.

Халыққа жайсыздық туғызатын жәндіктің бұл түрімен күрес жаз басталмай тұрып қолға алынады. Қазір мезгілдің қақ ортасы. Астаналық дезинсекция ұйымы қаладағы масаларды улаудың үшінші кезеңін аяқтады. Жәндіктерді азайту жұмысы қалай жүріп жатқаны жайлы келесі материалда.

Қыстың қамын жаз ойла демекші, жазғы кештерде халықтың мазасын алатын масаларға қарсы күрес сәуір, тіпті, ауа райы қолайлы болып жатса, наурызда басталып кетеді. Ал аяқталу мерзімі қазан айына дейін созылады.

Алтынбек Миртасов, Астана қалалық дезинфекция орталығының атқарушы директоры:

– Көбінесе су қоймалары тазаланады. Олардың бірнеше түрі бар. Атап айтсақ, қала ішіндегі, құрылыс алаңдарындағы шағын су қоймалары мен тұрақты сақталатын ірі су қоймалары. Ал ашық орындарға келетін болсақ, қаладағы саябақтар, алаңдар, жолдар, тұрғын үй маңдары. Масаларды улау 1 жылда 6 кезеңде жүзеге асырылады. 1 кезең 15-20 күнге созылады. Және олардың арасында 2 апта үзіліс болады.

«Масалардың негізгі ошағы – су қоймалары, батпақты жерлер», – дейді мамандар. Оларды дәрімен уламас бұрын осы ошақ көздері анықталады. Бұл жұмысты дезинсекция тобынан басқа ғылыми топ атқарады. Сондай-ақ олар масаның түрлерін анықтап, бұл жәндіктермен күресудің тиімді жолдарын анықтап береді. Мысалы, мамандар біздің елде масаның 60 шақты түрі бар деп болжайды. Және оның барлығы бір уақытта шықпайды.

Ануарбек Себатаев, Қазақ агротехникалық университеті «Биология, өсімдіктерді қорғау және карантин» кафедрасының меңгерушісі:

- Біз болжам береміз. Мысалы, жылдың басында, мамыр айында, қар ери бастағанда аедес деген топтар шығады. Біз соларға қарсы қандай жұмыс істеуді айтамыз. Қандай түрлері болады, қай уақытта шығады. Мысалы, қазіргі осы уақытта басқа род, кулекс, анофелес, т.б. түрлері болады. Балапандары қай уақытта шығады, неше күн өседі, қай уақытта соған қарсы жұмыс істеуге болады соны біз айтып отырамыз.

Масаны түпкілікті жою, әрине, мүмкін емес. Бұл істе мамандар тек халыққа жайсыздық туғызатын жәндіктер санын азайтады. Себебі маса қаптады екен деп оларды улай беру қоршаған ортаға зиян. Осы жерде ғылыми топтың тағы бір қызметі шектен тыс дәрілеуге жол бермей, тек белгіленген орындарда жүргізілуін қадағалайды. Осылайша, адамға да, табиғатқа да залал келмейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   Тelegram  арнасынан таба аласыз.