Үкімет 2025 жылдың соңына дейін бүкіл Қазақстанды 100% ауызсумен қамтимыз деп отыр. Бұл – Мемлекет басшысының берген тапсырмасы. Оған 1,5 жыл қалды, ендеше оны орындау қаншалықты мүмкін? Онсыз да елімізде ақшасы талан-таражға түсіп, қаңырап қалған жоба көп. Құмға сіңген ауызсу бағдарламаларының сұрауы кімнен?
Құрдымға кеткен құбырлар
1,031
оқылды

Үкіметтің есебі түзу 

Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан қалаларында сумен жабдықтау қызметтері 98,9% қолжетімді болған екен. Ал ауылдық елді мекен­­дердің тұрғындары 96,6%-ға ауызсумен қамтамасыз етілген. Бұл ретте 9 өңірде қала халқы 100% қамтылған. Олар – батыс-оңтүстік өңірлер мен Ұлытау, Солтүстік Қазақстан облыстары. Ең төменгі деңгей Абай және Павлодар облыстарында байқалады. Сондықтан да көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінбек.

Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және рекон­струк­циялауға республикалық бюджеттен 324 жоба үшін 218 млрд теңге қарасты­рылған екен. Оның 106 млрд теңгесі қалалардағы, ал 112 млрд теңгесі ауыл­дардағы жоба­ларды іске асыруға бөлін­бек. Үкіметтің келтіріп отырған мәлімет­тері осындай. Оған қарасақ, сумен қам­туға 2025 жыл­дың соңына дейін толық қол жеткізуге болатын сияқты.

Десе де, мұнда проблемалар да жоқ емес. Оны Премьер-Министрдің өзі де мойындап отыр. Мәселен, кейбір топтық су құбырларын салу жобалары жылдар бойы іске асырылып келе жатыр. Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдарында ауыл ішіндегі желілер тартылған, ал оған су беретін Кенжебай және Рақымжансай кен орындарынан топтық су құбырын салу жобасы әлі іске асыру сатысында жатыр. Осындай жұ­мыс кестесінің сақталмауына байла­нысты былтыр бөлінген 760 млн теңгенің 500 млн теңгеден астамы бюд­жетке қай­тарылған. Олжас Бектенов орындалмай қалу қаупі жоғары аймақтарға арнайы тоқталған еді. Олар – Түркістан, Сол­түстік Қазақстан, Ақмола және Ба­тыс Қазақстан об­лыстары. Ал Маңғыстау облысының әкіміне су тұшыту зауыттары мен қон­дырғыларды салу жобаларын жан­дан­дыру тапсы­рылды.

Озық статистика, тозық инфрақұрылымдар

Үкімет «100%» деп ауызсу туралы ауыз толтыра сөйлегенде, бұған дейінгі жұмыс істеп тұрған, кеңес кезінен келе жатқан инфрақұрылымдарды есепке алып отырғаны екібастан. Бірақ өңір­лерде саны бар да сапасы жоқ, тіпті тозығы жеткен инфрақұрылым көп. Оған қоса, «ескі Қазақстан» кезінде жобасына миллиардтап ақша бөлініп, қаржысы қомағайлардың көмекейінде кеткен, бүгінде қаңырап тұрған су сүзу немесе тұшыту стансалары тағы бар. Сондықтан да мұндағы «жүз пайыз» қамтимыз деген сөз, судың өзіне емес, оны жеткізіп беру желілеріне қатысты айтылған болса керек. Ал оның сапасы бөлек әңгіме. Өйткені біріншіден, су құбыры желілерінің жартысы тозған. Айталық, елімізде 98 мың шақырым су құбыры болса, оның оның 43%-ы тозған. Егер олардың нормативті пайдалану уақыты 25 жыл деп алсақ, онда шамамен 42 мың шақырым су құбырына күрделі жөндеу немесе толықтай ауыстыру қажет. Соның ішінде ең үлкен тозу Ал­маты қаласы (57%), және Алматы (58%), Шығыс Қазақстан (54%), Ақмола (52%), Ұлытау, Абай, Қарағанды (51%) облыс­тарында байқалып отыр.

2023 жылдан бері тек мемлекеттік органдардың өзіне тұрғындардан су мәселесіне қатысты 43,5 мыңға жуық ресми өтініш келіп түскен екен. Көп­шілігі әбден тозығы жеткен желілердің жиі істен шығатынына шағымданған. Мәселен, Ақмола облысында Нұра топ­тық су құбырының тозуына бай­­ланысты былтыр жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимі жарияланды. Атырауда сорғы-сүзгі стансасын жаң­ғырту жоба­сын әзірлеу ұзақ уақытқа созылды. Ал оның тозуы шамамен 90%-ды құрады. Сондай-ақ былтыр сәуір айында ма­гистралды құбырдың жары­­луынан Бал­қаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауызсусыз қалды. Абай об­лысындағы Андроновка ауы­лында су мұнарасы құлап, жергілікті тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр болды. Семей­­де су арна­сындағы апат 70-тен астам үйді сусыз қалдырды. Сондай-ақ магистралды құ­быр­дағы апаттан Ақмола облысының 11 елді мекеніне су берілмей қалды. Бұл тек бір айдың ішінде болған жайттар еді.

Мұның сыртында жаңадан салынып жатқанымен, құрылысы тоқырап қалған «сақалды» жобалар тағы бар. Оған мысал: Ұлытау облысындағы Есқұла су құбыры, Қызылорда облысындағы Талап су құбыры, Солтүстік Қазақстан облы­сындағы Преснов су құбыры мен Соко­лов су құбырының 2-ші кезеңі. Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Ендеше осынау тозығы жеткен инфрақұры­­лым­дардың ондағы судың біріншіден көле­міне, екіншіден сапасына әсер ететіні анық. Өйткені елімізге танымал бір то­­рапта жыртық құбыр арқылы тасы­малданған судың 60%-дан астамы ысы­рап болғаны туралы мәлімет ашық ақпарат кеңістігін кезіп жүр. Ендеше ол судың сұрауы кімнен? Бәрінен бұрын осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдар­ламаларға бөлініп, құмға сіңіп кеткен қаржының есебін кім береді?!

Сенің келіп жағаңнан...

Еліміздегі мемлекеттік ауызсу бағ­дар­ламаларының тарихы 2000-жыл­дардан басталады. Сол жылы 30 жылдық жоспар жасалып, 2002-2010 жылдарға арналған «Ауызсу» бағдарламасы қа­былданған болатын. Арасында «Ауыл» бағдарламасы (2003-2005) болып өзгер­тілген бұл құжат бойынша азды-кем жұ­мыс істелгенін айта кету керек. Бірақ жүзеге аспағаны көп болды. Сол істелме­ген жұмысқа да ақшасы төленген дерек­тер жиі кездесті. Сол жылдары бағдарла­маны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 335 мил­лиард теңге бөлінген. Оның 195 мил­лиар­ды алыстағы ауыл­дарды ауызсумен қам­тамасыз етуге, 140 мил­­лиарды қалалық жер­­лердегі ауызсу мәселесін шешуге ар­нал­ған. Бі­рақ 2010 жылы «Ауызсу» бағдарламасы тоқ­тап қалды. Сөйтіп, бағдарлама түп­кілікті мақсатына жеткен жоқ. Рес­пуб­ликадағы 7 002 ауылдың 3 849-ы, яғни ауыл хал­қының 40 пайызы ауызсуға зәру қал­пын­да қала берді. Бағдарламаға бөлінген қар­жының «дөкейлердің өңешінен өтіп кетуі» үлкен шуға ұласты.

Оның аяғы 2011 жылы «Ақбұлақ» бағдарламасына жалғасқан еді. Еліміздегі ең бір шулы бағдарламалардың бірі осы болды. Оны қаржыландыруға 2011-2020 жыл­дар аралығында даму институт­тары­ның, су шаруашылығы ұйымдарының, отандық және шетелдік инвести­­­ция­­­­лардың және мемлекеттік бюджет есе­­бінен 951 490 300 миллион теңге қаражат жұмсалды. Осы «Ақ бұлақ» мем­лекеттік бағдарламасы бойын­ша 2020 жылға қарай қалаларда орта­лық­танды­рылған сумен жабдықтау деңгейін 100 пайызға жеткізу жоспарланған еді. Бірақ бұл жоспар да толық жүзеге асқан жоқ. Мә­селен, Жам­был облыстық прокура­турасы өңірде бағ­дарламаның негізгі мақсаттарының орын­далмауы, бюджет қаражатын тиімсіз пай­далану, қомақты қаржыға салынған су­мен жаб­дықтау ны­сандарының тиісінше жұ­мыс істемеуі, есептегіш құралдарымен жаб­дықтау бойынша ешқандай шара­лар­дың атқа­рылмағанын әшкереледі. Об­лыс­тық прокуратураның дерегінше, жергілікті билік 208 елді мекенді ауыз­сумен жаб­дықтағанын хабарла­ғанмен, іс жүзінде 168 елді мекен ғана орта­лықтандырылған су­мен қамтамасыз етілген екен. Ал Ал­маты об­лысы бойынша 85 елді мекенді ауыз­су­мен қамтамасыз етіп, су жүйесін қайта қа­лыпқа келтіру үшін 14 миллиард 500 мил­лион теңге бөлінген екен. Бірақ жос­парланған 85 нысанның тек 43-і ғана суға қосылған. Қарағанды облысында «Ауызсу» бағ­дар­ламасы аясында 250 жо­ба қолға алы­нып­ты. Оның 30-ы өз уақытында жүзеге асы­рыл­мады. 2002-2010 жылдар аралы­ғын­да іске қосылмай қалған 15 жоба «Ақ бұ­лақ» бағдарла­ма­сына ауыстырылды. Бі­рақ жаңа бағ­­дарламаның негізінде сол 15 жобаның тек үшеуі ғана толық аяқ­тал­ған. Оның өзінде су құбырлары сапасыз тар­­тылып, көп жерде қайта істен шық­қан. Сондай-ақ Ақтөбе облысындағы 411 елді мекен­нің 109-ында ғана су құбыры ор­налас­тырылған. Оралдың Жымпиты мен Өлеңті ауылдарына «Ақ бұлақ» бағ­дар­ла­масы бойынша су тартылып, ауыл тұр­ғындары бөркін аспанға атып қуан­ған. Алай­да жаз маусымы басталы­сымен тұр­ғын үйлерге тартылған су жетпей, халықты қай­та әбігерге түсірді. Қазір ауыл тұрғын­дары суды тасып ішіп жүр. Тізбелей берсе, мұндай мысал өте көп. Оңтүстікте Сарыағаш ауданына су кір­гізу үшін жұм­салуы тиіс 10 миллион теңге ысырап бол­ған. Ол олқылықтың орнын толтыру үшін мем­лекет қазына­сынан тағы да 100 мил­лион теңге бө­лініпті. Жалпы, Оңтүстік Қа­зақстан бойынша «Ақ бұлақ» бағдарла­ма­сы ая­сында 12,5 миллиард теңгенің жо­басы өз уақытында орындалмаған.

Енді бүгінде бұл мемлекеттік бағ­дарла­ма өзге де өзі сияқты бейінді құ­жаттар секілді «Өңірлерді дамыту-2020» бағ­­­дарламасына біріктіріліп жіберілді. Соның аясында елді мекендерді сумен де, байланыспен де, газбен де және өзге де игіліктермен қамту осы бағдарлама шең­берінде қарастырылып отыр. Бәл­кім, солай да дұрыс болар. Өйткені моно­қа­лаларды дамыту бастамасы да осындай түрлі себеппен аяқсыз қалған болатын. Ендеше мәселе бағдарламада емес, оның орындалуында екеніне көз жетті.

Нұрлан ҚОСАЙ