Аумағы бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын елдегі жердің шамамен 74%-ы ауыл шаруашылығы үшін жарамды. Қазақстан жан басына шаққанда егістік жер көлемі бойынша әлемде екінші орында тұр.
Агроөнеркәсіптік кешен біртіндеп дамып келеді
1,317
оқылды

Ауылдық жерлерде халықтың 42%-ға жуығы тұрады. Ауыл шаруашылығында 1,5 миллионға жуық адам жұмыс істейді, бұл сала жұмыспен қамтылғандар саны бойынша саудадан кейін екінші орында.

Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстанның негізгі салаларының бірі болып табылады. Қазақстанда өнім шығару көлемі жыл сайын артып келеді. 2023 жылдың ақпан айындағы келелі кездесуде Президент 2022 жылғы ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1 пайызды құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, егін бітік шығып, диқандар 23 миллион тоннаға жуық астық жинаған. Сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру және мол өнім беретін дақылдар өсіруге көшу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Майлы дақылдар өсіретін егіс көлемі шамамен 4 есе ұлғайып, 3,5 миллион гектарға жетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының арқасында жетіп отырмыз. 

Ал 2023 жылы Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 8,3 трлн теңгені құраған. Агроөнеркәсіптік кешеннің қазақстандық өнімі ішкі нарықта ғана емес, сыртқы нарықта да сұранысқа ие. Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларын негізгі сатып алушылары ЕАЭО, Қытай және Иран елдері болып табылады. 2023 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 10,3%-ға жетіп, 981,1 млрд теңгені құрады.

Мемлекет республикалық және жергілікті ат­қарушы деңгейде елде бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау жолымен осы саланы дамыту үшін жағдайлар жасайды. Инвесторларға жеңілдетілген несие шарттары, кедендік баждар, салықтық жеңіл­діктер және заттай гранттар ұсынылады.

Былтырғы жылдың сәуір айында сол кездегі Пре­мьер-Министр Әлихан Смайыловтың төраға­лығымен өткен Үкімет отырысында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы берген тапсыр­маларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралып, онда АӨК-ті дамыту жөніндегі жұмыс жоспарлары туралы сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндаған еді. Ербол Қарашөкеевтің сөзінше, Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі және жедел шара қабылдап, жалпы 2023-2026 жылдары 2,6 трлн теңге сомаға 700 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл ретте сүт, құс еті, көкөністер импортын алмастыру жөніндегі ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін тираж­дау есебінен іске асыру жоспарлануда. Ол облыс әкімдіктеріне 10 жыл мерзімге агроөнеркәсіп кешені субъектілерін сенім білдірілген агент арқылы одан әрі кредит беру үшін мемлекеттік сатып алу конкур­сын өткізу арқылы айқындалатын жеңілдетілген қайтарымды бюджеттік кредит (0,01% мөлшерлеме) бөлуді көздейді.

«Өз кезегінде агроөнеркәсіп кешені субъектілері үшін кредиттер негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдікті кезеңмен жылдық 2,5 пайызбен 10 жылға дейін берілетін болады. Биыл осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлінді, соның есебінен шамамен 65 тауарлық сүт фермаларының құрылысы қаржылан­дырылатын болады, бұл сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», – деген еді сонда Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар сақтау инфрақұрылымын құру және көкөніс сақтау орындарының тапшылығын азайту мақсатында Көкөніс сақтау орындарын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жалғасып келеді. 2025 жылдың соңына дейін жалпы сыйымдылығы 135 мың тонна көкөніс сақтау орны іске қосылады. Сондай-ақ оның мәлімдеуінше, «Аманат» партиясының жанынан «Ауыл Аманаты» арнайы жобалық кеңсесі құрылған, ол Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасының сапалы іске асырылуын бақылап, қадағалайтын болады.

Жалпы, 2021 жылғы есеп бойынша азық-түлік қауіпсіздігі индексі бойынша (The Global Food Security Index) Қазақстан 50-орында тұр. Алғашқы үштікке кіретін елдер: Сингапур, Ирландия және Ұлыбритания. 2019 жылы күнделікті өмірде тұтынылатын азық-түлік тауарларының 29 түрінің ішінен 23-ін ішкі өндіріс 80%-ға, тіпті одан да көп мөлшерде қамтамасыз етті.

 

Анарыс Ақылман