Киностудия басшылығы "Алтын адам" жобасы бойынша 88 миллион теңге қарызы бар екенін растады.
"Қазақфильм" киностудиясының қызметкерлері наразылыққа шықты: бір жыл бойы жалақы алмаған
1,980
оқылды

16 шілде күн "Қазақфильм" киностудиясының мультфильм жасаушылары наразылыққа шықты. Олар бір жылдан бері еңбекақы алмаған.

Олардың айтуынша, бүгінде басшылықтың 500 млн теңгеге жуық берешегі бар екен. KTK телеарнасының ақпаратынша, берешегі көбейген басшылық кейін келе анимация бөлімін жауып тастаған.

"Мәселен "Алтын адам" жобасында былтыр тамыз айынан бері біздің ұжым – суретшілер, аниматорлар еңбекақысын ала алмай келе жатыр. Мұнда 5 миллионнан бастап, 3 миллионға дейін жұмыс істеген маман бар. Сыртта жұмыс істемейміз. Еңбекақымызды берсін. Бұл жерде бәрімізде келісімшарт бар. Заңды түрде істегенбіз. Бір тиынымызды қалдырмай төлесін", – дейді анимация бөлімінің қызметкері Жанәділ Байдарбеков.

Аниматорлардың қара терге батып бірнеше жыл бойы істеген туындыларының бірі – "Алтын адам" атты толықметражды мульт жобасы былтыр толық аяқталыпты. Бірақ мемлекеттен бөлінген тиісті қаражат әлі күнге дейін қызметкерлерге берілмеген. Еңбекақысын күте-күте қарызға белшесінен батқан олар бұл былықты басшылықтың ұйымдастырып отырғанына сенімді.

"Түрме сияқты. Темір тормен қоршалған бәрі. Кеше сақшылары келіп, мына жастарды қуып шығып, неше түрлі жала жауып, анимацияны жауып қойып, түрмедегідей "шмон" жасап жатыр. Бұл бандиттік шабуыл деп бағалау керек. Азамат Сатыбалдының өзі рөлді ойнап жүр. Бірақ кімнің рөлін ойнап жүргенін білмейді. Қазір Азамат Сатыбалдыны,"Қазақфильмнің" президентін тура осы жерге шақырып, жауап беруін талап етеміз", – дейді анимация бөлімінің редакторы Ерлан Төлеутай, анимация бөлімінің редакторы.

Осы жағдайға байланысты киностудия басшылығы Азамат Сатыбалды қызметкерлермен кездеспеді. Оның орнына орынбасары келіп, "Алтын адам" жобасы бойынша 88 миллион теңге қарызы бар екенін растады. Алайда жобаны тапсырыс берушілер қабылдамаған.

"Негізі "Алтын адам" жобасы бойынша жағдай былай. Бізде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен келісімшарт болды. Олар мультфильмге 2020 жылы тапсырыс берген. Біз туындыны 100 пайыз жасап жібердік. Бірақ тапсырыс беруші қабылдамады. Қазір осыған қатысты сот ісі жүріп жатыр", – деді  "Қазақфильм" киностудиясының вице-президенті Айдар Омаров.

Ал толықметраж мультипликация жобасына тапсырыс беріп, кейін қабылдамай қойған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бұған жауап беруден бас тартқан.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.