Алматы облысының экономикасын алға сүйрер бағыттардың бірі – агроөнеркәсіптік кешен.
Сұраусыз кеткен субсидиялар
1,081
оқылды

Жері шұрайлы, шөбі шырайлы, топырағы құнарлы өлкеде ауыл шаруашылығын дамытудың аса зор мүмкіндіктері бар. Кезінде облыс осы жетекші саладағы басымдыққа ие бағыттардың бірегейі – мал шаруашылығы бойынша республикадағы үздіктер қатарында аталатын.

Төрт түлікті мыңғыртып өсіріп, оның пайдасын көріп келген халықты мем­лекеттік тұрғыда қолдау мақсатында қа­растырылған түрлі қолдау да бар­шылық болатын. Алайда соңғы жылдары сөз бен істің арасында алшақтық көрініс беріп, мемлекеттік қолдаудың маңызын қа­шырып, мәнін жоғалтатын керітартпа жағдайлар жиі кездесе бастапты. Бас­қаны айтпағанда, мал тұқымын асыл­дандыру үшін мемлекет тарапынан бе­рілген мил­лиардтаған демеуқаржыны нақты мақ­сатқа жұмсамай, жоғары жақты жал­ған ақпа­ратпен жарылқап, қазынадан қарас­ты­рылған қаржыны талан-таражға салып жіберу анық­талыпты. Соның кесірінен, қа­ғаз жүзінде көрсетілген асылтұқымды мал саны мен дәл қазіргі қолда бар нақты санның арасында есе­ленген алшақтық бары белгілі болған. 

Алматы облысының прокуратурасы облыстық Ауыл шаруашылығы бас­қармасына жүргізген тексеру нәти­же­сінде бюджеттік субсидияларды жым­қыруға қатысты деректердің, де­меу­қар­жыны шаруаларға беруде заңсыз қитұр­қылықтар қолданылып келгенінің бетін ашыпты. Нақтырақ айтқанда, субсидия алатын «таңдаулыларды» алдын ала белгілеп, оларға миллиондаған теңгенің заңсыз төлемдері жасалған. 

Облыстық прокуратура­ның 2024 жыл­­­дың 9 шілдесіндегі ақпаратында ай­тылғандай, субсидиялау саласындағы бұзушылықтар сомасы 4,8 млрд теңгеден асып жығылады және қайтарылуға жа­тады. Қазір прокуратураның қадағалау актісі бойынша қымқырылған қаржыны кері қайтару қолға алынған және бюд­жетке 110 миллион теңге қайта құ­йылыпты. 

«Ауылдардағы әлеуметтік-өндірістік кооперативтер асылтұқымды жануарлар алу мақсатындағы селекциялық жұмыс­тарға арналған 1,2 млрд теңге субсидияны жымқырған. Іс жүзінде асылдандыру жұмыстары мүлде орындалмаған, құ­жаттар атүсті жалғандықпен толты­рыл­ған, облыстағы асылтұқымды мал басы­ның саны мүлде артпаған», – деп ха­барлайды Алматы облыстық про­­­кура­турасының баспасөз қызметі. 

Ал облыс әкімдігінің есептік де­ректеріне қарасаң, өңірдегі мал тұқымын асылдандыру бойынша жұмыстар бел­сенді жүргізілуде. Бұл бағытта айтар­лық­тай даму бар. Соған қарағанда, ауыл шаруашылығы басқар­масындағылар көзбен көргенге емес, қағазға жазылған деректерге ғана сүйенетін, сенетін сыңайлы. 

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі хабарлағандай, тек қой тұқымын асылдандыру бағдарламасын орындау нәтижелері бойынша төрт жылда асыл­тұқымды қой саны 1,9 миллионға кө­бейген. Бірақ бұл деректер қағаз жүзінде ғана қалғаны белгілі болып отыр. Про­курорлық тексеру көрсеткендей, дәл бү­гін облыстағы асылтұқымды қой саны бар-жоғы 367 мыңнан аспайды. 

Қазір облыстағы ауыл шаруашылығы саласының даму тиімділігіне талдау жасау жалғасуда және көптеген бұзу­­шы­лық бен ысырапшылдықтың беті ашы­луда. Мә­селен, Ұйғыр ауданында әлеу­меттік-өндірістік кооператив был­тыр тіркелген асылтұқымды жа­­­­нуар­лардың жоқтығына қарамастан, мал тұқымын селекция­­­ландыру жұмыстары үшін деп 45,2 мил­лион субсидия алған. Артынан анық­талғандай, аталған кооператив де­­меу­қаржы алған кезде өзінің жеке аула­сын­дағы мал ретінде аудандағы басқа тұр­ғындарға тиесілі асылтұқымды мал­дарды тіркетіп жі­берген. 

«Әкімдікпен іс жүзінде сақталған мал ба­сына түгендеу жүргізілмеген және со­ған байланысты мемлекеттік бюджетке орасан шығын келтірілуде. Жымқыру деректері бойынша, бес бірдей сотқа дейінгі тергеу басталып, заңсыз төленген субсидияларды қайтаруға қатысты үш ұсы­­­­ныс енгізілді», – деп хабарлайды баспасөз қызметіндегілер.

Алматы облысы,

Болат АБАҒАН