Биыл Қызылорданың теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып, адам танымастай өзгерді. Айналасы абаттандырылып, ерекше күйге бөленді. Дей тұрғанмен, «әттеген-ай» дейтін тұстары әлі де бар.
Теміржол паркі түңіліп тұр
539
оқылды

Қай кезде де теміржол вокзалы маңы қайнаған тіршіліктің ортасы саналады. Алайда соңғы кездері қала халқы вокзал маңындағы теміржол паркінің тозып тұрғанын тілге тиек етіп жүр. Шынында да, қала қонақтары мен тұрғын­дардың жиі тынығатын орнының жөндеу көрмей, жетімнің күйін кешіп тұрғаны жасырын емес. Демалыс орнына күтім жасалмай, күннен-күнге күйі қашып барады. 

Негізінен, 2021 жылы аталмыш демалыс ор­нына жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қайта жаңарған паркте халық жанына қажетті дүниенің барлығы жасалды. Атап айтқанда, демалыс орнына волейбол, баскетбол, теннис пен спорттық алаңдар салынып, субұрқақ орнатылды. 

Бұған дейін теміржол саябағына кеңестік кезеңнен қажетсіз болып қалған көптеген бюст пен ескерткіш қойылған болатын. Сол уақыттарда бұл жерге Лениннің бірнеше ескерткіші қойылып, Ворошилов, Горький, Морозовтардың тас мүсін­дері, тіпті бұрын вокзалда тұрған Орынбор-Ташкент теміржолын салушыларға арналған тұтас бір мүсінді композицияға да осы жерден пана табылған еді. Соған орай бұл демалыс орны халық арасында «Кеңес кезеңінің зираттары» деп те аталып кеткен болатын.

«Әрине, тарихты өшіру мүмкін емес. Бір кездері бұл орында Кеңес кезеңінде ойып тұрып орын алған тұлғалардың тас мүсіндері шоғырланды. Мүсіндердің әрқайсысы кезінде қала көшелерінің сәнін келтірген  еңселі ескерткіштер болатын. Яғни, көне дәуірден жеткен кешегі Қызылорданың бір бөлшегі еді. Дей тұрғанмен, қазіргі заман мүлде басқа. Оның үстіне, халықты толғандырған мәселе ескерткіштердің тағдыры емес. Төрт жылға жуық уақыт бұрын қайта жөндеуден өткен саябақтың бүгінгі ахуалы көпті ойлантады. Сол уақытта қы­руар қаржы бөлініп, ел игілігіне берілген демалыс орнының бүгінде елеусіз қалғаны қынжылтады. Тазалық жұмыстары да назардан тыс қалған сияқты. Саябақ ішінде сіз өскен шөптерден аяқ алып жүру мүмкін емес. Нағыз жабайылықтың көрінісі көзге ұрады. Бұл кешкілік мезгілде қала халқының балаларын ертіп, серуендеп, тынығуына қолайсыздық тудырып тұр», – дейді қала тұрғыны Светлана Қаржауқызы. 

Қала халқының уәжіне құлақ түрсек, теміржол саябағының бүгінгі жабайы көрінісі көптің ашу-ызасын туғызып тұр. Соған орай бейберекетсіз өскен шөп оталып, гүл егілсе деген талабы бар. Бұған дейін саябақ ішінде өскен қамыстың биіктігі екі метрге дейін жеткен еді. Оған қоса, темірлер қоршаулары сырланып, қабырғалары әктелуге тиіс дегенді де алға тартады. Бір сөзбен айтқанда, демалыс орнының ішкі көрінісінен тазалық жұмыстарына мүлде мән берілмегені аңғарылады. 

Жалпы, саябақ қана емес, сол аумақ халқы теміржол вокзалына апаратын жолдың тазалығына да көңілі толмайтынын алға тартады. Көп жағдайда  қураған ағаштар мен қоқысқа толы арықтар бұл маңның үйреншікті көрінісіне айналған. 

Қазіргі теміржол саябағының халі Қызылорда қаласы әкімдігіне де мәлім. Әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтқанына да аз уақыт өткен жоқ.

«Қазір «Теміржолшылар» саябағын сенімгерлік басқаруға беру үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Мердігер мекеме анықталған жағдайда тиісті жұмыстар атқарылатынын хабарлаймыз. Алдағы уақытта парк толық  қалпына келтірілетін болады», – деп мәлімдеді Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен. 

Қалай дегенде де, тұрғындар  құзырлы орындар тарапынан дәл осындай уәж айтылғанымен, әлі нақты нәтиже болмай тұрғанына ашынады. Көп­шілік жаз мезгілінің аяқталуына көп қалмағанын ескере келе, саябақ биыл да жабайы күйден арыла алмайтын сияқты деген пікірде жүр.  

Бүгінде жаздың аптапты ыстығында жанына сая іздеген жұртшылық саябақтың тек сыртынан айналып өтуге мәжбүр. Ал демалыс орнына жөндеу жұмыстары нақты қай кезде жүргізілетіні әзірге беймәлім күйде қалып тұрған сияқты. 

 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы