Бала психология­сы, бала құқығы – қай кезеңде болмасын әлемде маңызын жоймайтын өзекті мәселелер қатарынан түскен емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша жыл сайын әлемде 2-17 жас аралығындағы 1 миллиардқа жуық бала физикалық, жыныстық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.
Бақытты ата-ана бақытты баланы дүниеге алып келеді - психолог Гүлжан  Амангелдинова
6,175
оқылды

 Біз отбасындағы бала тәрбиесі мен оның қоғамға әсері турасында Психоанализ қауымдастығының мүшесі, CARe Network қауымдастығының Орталық Азия мемлекеттерінің өкілі Гүлжан Қалиқызымен кеңінен әңгіме өрбіткен едік

– Бүгінде бала тәрбиесі, бала пси­­хо­­логиясы – қоғамда маңызды тақы­рып­тардың бірі. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баланың табиғатын толыққанды түсіне ал­мауының салдарынан, тәрбиелеудің ең оңай тәсілдерін қолданып жатады. Ай­тыңызшы, баланы таяқ арқылы тәрбиелеу қаншалықты дұрыс? Балаға физикалық зақым келтіру оның психикасына кері ық­палын тигізбей ме?

– Қазір көбі бала психологиясы мен бала тәрбиесіне барынша көңіл бөлуге тырысып жүр. Дегенмен солай бола тұра көптеген ата-ана осы мәселеге келгенде қателік жібереді. Біріншіден, кейбір ата-аналар «балама идеалды әке-шеше бол­сам» деген мақсатпен баласының бар­лық қалауын орындайды. Екіншіден, кері­сінше, өзге ата-аналар баланы ұрып-соғу арқылы тәрбиелейді. Олар «мен де кезінде осылай өстім, ұрғаннан қирап, өлген жоқпын, ештеңе етпейді» деген пікірді ұстанады. Баланы тәрбиелеудің жоғарыда аталған екі түрі де қателік дер едім. Себебі ата-ана өзі көрген қиындықты балам көр­месін деп тәрбиелесе, баланың өзіне тән травмаларын көрмейді. Оның ішкі жан­дүниесінде қандай арпалыс болып жат­қанын байқамайды. Себебі ата-ана өзін «идеалды ата-ана етіп қалып­тас­тырудың» қамымен жүрген уақытта бала­ның бо­йында қандай құбылыстар болып жат­қанын елемейді. 

Баланың төбесіне қамшы ойнату, намысына тию, кемсіту психикаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Тіпті, бола­шақ­тағы даму сатысына ықпал етеді. Негізінен, таяқ арқылы тәрбиеленген бала агрессор болып өседі. Нәтижесінде, ол да ертең өзгеге зиянын тигізеді. Жағдайды ке­рісін­ше қарастыратын болсақ, жас­тайы­нан ұрып-соғуды көріп өскен бала келе­шекте өзгелердің де жұдырық астында қа­луы мүмкін. Бала өзінің МЕНІН, жеке шека­расын жоғалтады. Ішкі қалауын айта ал­майтын, оны сыртқа шығаруға өзіне рұқ­сат бере алмайтын бала тәрбиеленеді. Фи­зикалық күш баланың санасында қор­қыныш, кінә, ашу сезімін дамытады. Со­ның әсерінен бала алғашқы кезекте эмо­цияларын «жауып тастайды». Өзгеге ай­тыл­май, сыртқа көрінбей қалған эмо­цияның барлығы ішкі қақтығыстарға алып келеді. Ішкі қақтығыстар баланың келе­шекте адамдармен қарым-қатынас құ­руына әсер етеді. 

Бала үшін қауіпсіз кеңістік – үйдегі атмосфера

Жағымсыз жайттардың белең алуына тағы бір негізгі себеп – ата-ана мен бала­ның арасында сенімді, ашық қарым-қа­тынастың жоқтығы. Өйткені бала үшін оның ата-анасы ауырлық пен қауіптің көзі болып көрінеді. Мұндай сәтте бала ата-ананы қауіпсіз, әрі өзінің қорғанышы ретінде көре алмайды. Осының арқасында ата-ана мен бала арасында ішке бүккен құпиялар пайда болады. Қоғамдағы ұрлық, зорлық-зомбылық сынды қорқынышты әрекеттердің түбі, міне осылай дамиды. Білмекке құмарлық – балаға тән қасиет. Екі арада ашық, сенімді қарым-қаты­настың бұзылуы баланың осы бір білмекке құмарлық қасиетін жоғалта бастайды. Нақтырақ айтсақ, баланың айналасын құштарлықпен танып-білуге деген ұм­тылысы жойылады. Мұндай кезеңде әлеу­меттік дағдылар жоғалып, когнитивті психикалық процестер баяулауы мүмкін. Иә, отбасында таяқ көріп өскен бала өмір­де жетістікке жетуі мүмкін. Осы тұста кейбірі менің сөзімді жоққа шығаратын түрлі мысалды да келтірер. Бірақ шын мәнінде баланың жан дүниесі қаншалықты бақытты, ал оның айналасындағы адамдар бақытты ма? Бала өзін басқа ортада қан­шалықты бақытты сезінеді? Мәселе – осын­да. Бала өскен соң жасөспірім шақта ішкі қақтығыстарды, қарым-қатынастарды қайтадан ретке келтірудің жолдарын із­дейді. Бала үшін қауіпсіз кеңістік – үй­дегі атмосфера. 

– Құқықтық статистика комитетінің ресми дерегінше, елімізде жылына 800-ден астам бала зорлық-зомбылық құрбанына айналады екен. Осыған сәйкес, таяуда елі­мізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қар­сы күрес туралы заң күшіне енді. Бала­ның алаңсыз, бақытты балалық шағы үшін атал­ған заңның маңызы қандай?

– Заң адамның іс-әрекеті мен оның қоғаммен қарым-қатынас құруы сынды нормаларды қалыпта ұстап отырады. Бірақ біз нормаларды баланың бойына кіш­кентай кезінен бастап сіңіреміз. Кейіннен мемлекет өзіне ата-ананың рөлін алады. Бұл кезеңде сіз ересектік позицияны ұста­насыз. Мәселен, бір адамды ұрғыңыз келіп тұр. Бірақ заңдылық бойынша ұруға бол­майтынын білесіз. Бұл ересектік позиция. Ол әрқашан шешім қабылдағыш келеді. Егер біз ата-анадан берілген нормаларды бала кезімізде іштей интеграция жасай алмасақ, бойымызға сіңірмесек, бола­шақта қиын болуы ықтимал. Осының нә­тижесінде қазір қоғамымызда ұрлық, зорлық-зомбылық, адам өлтіру сияқты фактілер әлі де бар. Оған басты себеп – біздің ішкі ата-анамыздың өте әлсіз неме­се тым қатал болуы. Нормалар бізді заңды­лыққа қарсы шықпауға үйретеді. Сон­-­­

дық­тан отбасылық, тұрмыстық мәсе­­ле­лерге байланысты арнайы заңның қа­рас­тырылуы орынды. Өйткені заңның да өзіндік санкциялары бар. Егер біреуге жұ­­­дырық сілтесе түрмеге қамалады немесе өзге де жазалау түріне ұшырайды. Егер өзі­­мізбен іштей үйлесімде өмір сүрсек, әри­не заңдылықтарды бұзбаймыз. Өйткені мұндай заңдылықтар біздің ішімізде алдын ала берік бекіген. Қазір біз балаларымызға оның қоғам алдындағы міндеттері мен құқықтары туралы үйретуіміз керек. Өкі­нішке қарай, әзірге отбасында мұндай маңызды мәселелер жиі талқыға салына бермейді.

«Балық басынан шіриді»

– Осы күнге дейін балаларға жасалған қысымның сан түрін көріп келсек те, қоғам әлі одан сабақ ала қоймаған сыңайлы. Осы тұста ата-ана мен бала арасындағы қарым-қаты­наста қалыптасқан «алтын қағида» бар ма?

– «Балық басынан ші­риді». Ең алдымен, ата-ана өзінен бастауға тиіс. Өзін тү­сінетін адам, өзгені де түсіне алады. Одан өзге баланы тыңдай білу, сезіну, басқа адамның не се­зінетінін түсіну және уақыт бере білу маңызды. Көп жағдайда біз өзімізді мазалаған сұрақтың жауабын бірден шешіп тастауға тырысамыз. Өйткені ішкі қобалжудан, маза­сыздықтан тезірек арылғымыз ке­леді. Алайда бұлай болуы мүмкін емес. Керісінше, өзімізге де, өзгеге де уақыт бе­руге тиіспіз. Осы аталған «алтын қағи­да­ларды» ұстана алсақ, баламен де, айна­ламыздағы өзге адамдармен де қарым-қатынасымыз жақсарады. Бір-бірімізді түсіну, үйлесімділік пайда болады. 

– Өз тәжірибеңізде бала психологиясы мәселесімен көмекке жүгінетіндер көп пе? Мәселені қалай шешкен тиімді?

– Маған ата-аналар «баламды түзеп беріңізші» деп жасөспірім шақтағы ба­лаларын жиі алып келеді. Психологтің мақсаты – баланы түзеу емес, оның ішінде болып жатқан арпалыстарды түсіндіру. Екінші мақсат – ата-анаға баласын түсі­нуге көмектесу. Бізге ата-аналар баласын «кеше тәп-тәуір еді, бүгін өзгеріп, өзімізге атылатын болды» деп алып келеді. Онымен қоса, «балам ашық-жарқын еді, қазір тым тұйық. Ешкіммен сөйлеспейді, бөлмесінен шыққысы келмейді» дейді. Үшінші ти­паждағы ата-аналар «баламның сабағы төмендеп кетті, бұрынғы қалпына келтіріп беріңіз» дейді. Мен сол сәтте ата-анаға баланы робот ретінде механикке алып келген болса, онда көмек бере алмай­тынымды бірден айтамын. Егер баланың жан дүниесін түсінуге уақыт бере алса және баласына басқаша көзқараспен қарауға дайын болса, онда мен қолдан кел­генімше көмек көрсетемін. Адам ба­ласы істен шыққан бір-екі бөлшегін жөндеп, қайтадан бастапқы қалпына кел­тіріп қоятын робот емес. Әрбір отбасы, ата-ана, бала көмек сұрап келген кезде, ең алдымен өздеріне тән қарым-қатынастың механизмдерін табуы керек. Шынында баланың жан дүниесіне сай келетін, өзіне қолайлы, көмек бере алатын әдістерді таңдау қиын. Мен ең біріншіден ата-ана­мен жұмыс істеуіміз керек. Өйткені өзі ғана өзгеріп қоймай, баланың өзгергенін қабылдайтын ата-ана болса, біздің тара­пымыздан да көмек бар. Менің міндетім – баланың ішкі жан дүниесін қалыпқа келтіру. Көмек сұрап келген ата-аналарға қояр бір шартым бар: олар да терапиядан өтуі міндетті. Осыдан кейін ғана нәтиженің жемісін анық көруге болады. Егер ата-ана терапияға бармаса, өзгеруге құлшыныс танытпаса, нәтижені көре алмайды. Бар­лық тараптың әрекеті арқылы ғана баланың дамып-жетілуіне көмектесе аламыз. 

– Психика дамуының әр сатысындағы өзгерістерге қарай баланы қай жасқа дейін еркелеткен дұрыс?

– Әрбір әрекетіміздің өз өлшемі бар. Бірінші балаңызды бес минут еркелетсеңіз, ол сол еркеліктің өзіне тойып, күні бойы жадырап жүреді. Ал екінші балаңызды үш сағат бойы еркелетсеңіз де, ол жеткіліксіз болуы мүмкін. Осы ретте әр баланың өзіне тән нормасы бар екенін ескеруіміз тиіс. Әрине, баланы еркелетуі керек. Бұл тұста ата-ана ескеруге тиіс мәселе – балаға жа­сына сай заңдылықтарды енгізіп отыру. Мысалы, бір жастағы балада алты жастағы баладан талап етілетін заңдылықтар жұ­мыс істемейді. Кейбір ата-аналар бала­ны горшокқа отырғызуды тым ерте жастан бастап үйретуге тырысады. Физиологиялық тұрғыдан алып қарасақ, бұл дұрыс емес. Мидың дамуына байланысты баланың санасында 3 жасқа қарай психологиялық бақылау пайда болады. Оған дейін нәресте туған сәттен бастап өзін қалаулары орын­далатын «патша» деп есептейді. Бұл олар­дың жас ерекшеліктеріне қарай фи­зио­логиялық тұрғыдан да сәйкес келеді. Ба­ла­ны қай кезде болмасын міндетті түрде еркелеткен дұрыс. Алайда бізде көбі қалай еркелетеді? Баласына «сен патша, пре­зидент боласың» дейді бірақ президент болуы үшін не істеу қажет екенін көр­сетпейді. 

Ата-ананың қаталдық танытып, бала­ның жан дүниесіне үңілмеуі, тек талап қоя беруі қоғамның тағы бір маскүнем немесе абьюзермен толығуына ықпал етуі әбден ықтимал. Сондықтан ата-ана ұрысса немесе ақылын айтқан кезде, баланың іші­не ұят сезімін немесе асыра кінәлау, ашу сезімін бейімдемеуі керек. Бақытты ата-ана бақытты баланы дүниеге алып келеді.

Балада ойыншық тым көп болмағаны жөн

– Бала дүниетанымының қалыптасуына, айналасын танып-білуіне әсер етуші тағы бір басты құрал – ойыншық. Ата-ана ойын­шық сатып аларда неге мән бергені абзал? Осыдан біршама уақыт бұрын Хаги Ваги ойыншығы балалар арасында кең таралды. Бірақ хоррор стильдегі ойын кейіпкерінің бала психикасына кері әсері барын айтып, мамандар дабыл қаққан еді. Осы тұста жағымсыз кейіпкер бейнесіндегі ойын­шық­тар бала психикасының кері ықпалын тигізбей ме деген сауал туындайды...

– Хоррор баланың психикасына әсер етеді деп айтып жатамыз. Бірақ сол қор­қынышты ойыншықтар арқылы бала өзінің ішкі қорқыныштарымен жұмыс істеп жүрген болуы мүмкін. Ойыншықтың қай түрін болмасын сатып алмастан бұрын ата-ана ақылға салып ойланғаны жөн. Мәселен, «Барбиде» қандай образ бар? Иә, қуыршақ сұлу, стильді келген. Демек, бала ойыншықтан осындай әдемі образ­дарды бойына сіңіреді. Көгілдір экран да адам бойына әдемілік образдарын қа­лыптастырады. Балаға жасына сай ойын­шықтар әперген дұрыс. Ата-аналар тағы бір ескеруге тиіс дүние, балада ойын­шық тым көп болмағаны жөн. Ойлап қараңыз­шы, балада ойыншықтың түр-түрі бар, бірақ ойнамайды. Неліктен? Себебі балада концентрация қалыптаспаған­дықтан, бір ойыншықпен соңына дейін отырып ойнай алмайды. Бала өзінің жа­сына сай бір ойыншықпен ойнасын, сосын екінші ойыншықты алып ойнайды. Зейін осылай пайда болады. Өкінішке қарай, көп отба­сыда ойыншық бір бұ­рышта үйіліп жатады. Алдымен бала оны шашады, сосын көзі жан-жаққа жүгіреді. Бала әрқайсымен ойнағысы келеді, бірақ соңында шаршап, ойыншықты тастай салады. 

– Әңгімеңізге рақмет! 

 

Сұхбаттасқан Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ