Соңғы жылдары америкалық аэроғарыштық алпауыт Boeing компаниясының ұшақтарында жағымсыз оқиғалар жиілеп кетті. Әуе тасымалы нарығында Boeing ұшақтарына деген сұраныс төмендеуі де мүмкін.
Беделді әуе компаниясы 1 миллиард долларға Boeing-777 ұшағына тапсырыс берді
Emirates сияқты әлемде беделі жоғары әуе компаниясының тапсырысы қиын жағдайда қалған Boeing компаниясы үшін өте қажет. Фото cargo.one сайтынан алынды
2,220
оқылды

Boeing корпорациясының ұшақтарына берілген ірі тапсырыс туралы Quartz сайты жазды. Бұл тапсырыс корпорацияның беделін өсіруге қаншалықты көмектесетінін осы материалға сүйенген Aikyn.kz талдайды.

Жақын айларда компания 5 Boeing-777 жүк ұшағын өзінің флотына қоспақшы. Бұл ұшақтарға тапсырыс бұрынырақ берілген. Фото emirates.com сайтынан алынды

Жақын күндері Emirates 1 миллиард долларға жаңа ұшақтарға тапсырыс бергені белгілі болды. Бірақ бұл жолы тапсырыс жолаушылар ұшақтарына емес, жүк тасымалдайтын ұшақтарға берілген.

Дубайда орналасқан Emirates-ке қарайтын SkyCargo компаниясы сейсенбіде (16 шілді) бес жаңа Boeing-777 жүк ұшағына тапсырыс бергенін хабарлады. Тапсырыс құны 1 миллиард доллар. Бұған дейін берілген тапсырыс бойынша жақын айларда компания осындай бес ұшақты өзінің флотына қоспақшы.

«Әлемдік деңгейдегі өнімдеріміз бен қызметтерімізге сұраныс геометриялық прогрессиямен артып келеді. Сыртқы сауданы екі есе арттыруға және қаланың жаһандық сауда орталығы ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған Дубайдың экономикалық күн тәртібіне сәйкес бұл сұраныс одан әрі күшейе бермекші. Boeing-777-нің қосымша сыйымдылығына салынған бұл инвестиция бізге тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді және біздің ұзақ мерзімді стратегиялық өсу жоспарымызды орындауға жақсы қадам», – дейді Emirates-тің бас директоры Ахмед бин Саид Әл Мактум. 

Emirates-ке қарайтын SkyCargo компаниясы бес жаңа Boeing-777 жүк ұшағына тапсырыс берді. Тапсырыс құны 1 миллиард доллар. Фото airbuscargo.ru сайтынан алынды

Emirates өзінің жолаушыларды ұзақ қашықтықтарға тасымалдау қызметімен танымал болғанымен, оның маңызды логистикалық жүк таситын бизнесі де жылдам дамып келеді. Компанияның соңғы жылдық есебіне сәйкес, жүк тасымалының кірісі оның 37,4 миллиард долларлық бизнесінің 11%-ын құрайды.

Emirates жүк тасымалына қажетті ұшақтарды 2026 жылдың соңына дейін қабылдап алуды жоспарлап отыр. Сол кезде SkyCargo-ның жүк флоты 23 ұшақтан тұратын болады.

Emirates сияқты ірі әрі әлемде беделді әуе компанияларының тапсырыстары қиын жағдайда қалған Boeing компаниясы үшін өте қажет. Өйткені бұл тапсырыстардың имидждік және қаржылық пайдасы өте жоғары саналады.

Emirates Таяу Шығыстағы ең ірі авиакомпания, ал оның еншілес Emirates SkyCargo компаниясы жүк тасымалымен айналысады. Фото Emirates Group сайтынан алынды. Авторлығы: Provided by The National

Қысқаша анықтама

Emirates – Дубайда (БАӘ) орналасқан әлемдегі ең ірі әуе компанияларының бірі. 1985 жылы Дубай әмірлігінің жоғарғы басшылығы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі туризм мен инфрақұрылымды дамыту үшін құрған. Emirates әуе компаниясы The Emirates Group холдингінің еншілес кәсіпорны, Таяу Шығыстағы ең ірі авиакомпания, алты континентте орналасқан 80 елдегі 150-ден астам бағытқа аптасына 3600-ден астам рейс жасайды. Жүк тасымалдауды Emirates SkyCargo компаниясы жүзеге асырады.

Emirates «жолаушы-километр» өлшемі бойынша әлемдегі төртінші ірі коммерциялық әуе компаниясы, халықаралық жолаушылар тасымалы бойынша төртінші және тасымалданған жүк «тонна-километр» бойынша екінші орында. 

2008 жылдың қазан айында Emirates Дубай халықаралық әуежайындағы рейстерінің барлығын 3-терминалға ауыстырды.

Emirates – тек Airbus және Boeing шығарған кең фюзеляжды ұшақтардан тұратын әуе флотын басқаратын санаулы компаниялардың бірі. 2019 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша Emirates-те 115 Airbus A380 ұшағы бар, осындай 52 ұшаққа тапсырыс берген. Әуекомпаниясында 174 Boeing 777 ұшағы бар.

Emirates ұзақ магистралды бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын әлемдегі бірегей компания.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.