Ол кісінің құжаттарының бірінде "найман" деп көрсетілген екен.
Дәрігер Мәсімов туралы тың дерек айтты
3,619
оқылды

Бұл туралы дәрігер, гигиенист-эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы, профессор Арай Төлемісова Адал Adam YouТube арнасына берген сұхбатында айтқан екен.

"Қажымқан Мәсімовті ұйғыр дейді, ол ұйғыр емес. Компьютеріндегі құжаттардың бірін оқып қалдым, ол кісі "найман" деп жазылып тұрды. Өз аузынан Талдықорғанның Ақсуынанмын, найманмын дегенін де естідім. Ақсуда мешіт салды. Сонда ас бергенде де болғанмын", – дейді Арай Төлемісова.

 

Шынында ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтың ұлты, шыққан тегі жайында біраз әңгіме бары рас. Көпшілігі оны қазақ емес, ұйғыр ұлтынан шыққан деседі.

Осы мәселеге оның әкесі Қажымқан Қасымұлы «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында былай деп жауап берген: 

– Қажеке, сұрағым ретсіздеу болса, айып етпеңіз, жалғыз мен емес, жалпы оқырман қауымы да білгісі келетініне сенімдімін, сіз осы қай ұлттың өкілісіз? – Қарағым, мен қарапайым көптің бірі болып жүрсем, ешкім де ұлтың кім, ұлысың кім деп сұрамас еді. Өздері сыртымнан пішіп, ұйғыр қылып жатқандарын да білемін. Бірақ, біз ташкендік қожалардың ұрпағымыз. Сонау бір аумалы-төкпелі заманда Ташкеннен Құлжаға барамыз деп, жеті үй қожалар шыққан екен. Ішінде біздің де әулетіміз бар.  Әкем Қасымның сол кезде екі жастағы күні екен, одан біраз үлкен Әсім деген ағасы болыпты. Өкінішке қарай, жолда әлдебір қарақшылардың қолынан ба, болмаса басқа да жағдай болған ба, әке-шешесі бірдей өліп, әкем ағасымен екеуі тұл жетім қалады. Кетіп бара жатқан қожалар екі баланы сол жердегі бір ұйғырдың қолына тастап кетеді. Ол біреудің баласына қарай ма, апарып екеуін де балалар үйіне тапсырады және Мәсімов деп өзінің тегін беріп кетіпті. Әйтпесе, біздің атамыздың аты-жөні тіпті басқа екенін кейін білдік. Әкемнің ағасы Әсімді жасының үлкендігіне байланысты ересек балалар тобына апарып қосса керек, содан кейін мәңгілікке бір-бірінен көз жазып қалады. Бертін, ес жиғасын сол Құлжа жағына көшіп кеткен қожалардың тұқымдарын тауып, өзіміздің кім екеніміз жайлы біраз мәлімет алдық. Ал шешем осы Талдықорған өңірінікі, найман қызы. Өзімнің бәйбішем Арқа жерінікі, Кереку-Баян өңірінің тумасы деп өткенде айттым. Ал шындығында, ұйғырға құдамыз, балам Кәрімнің келіншегі – ұйғыр қызы». «Жас алаш», №81. 12 қазан, 2010 жыл. 

Естеріңізде болса, Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі былтыр 24 сәуірде шыққан болатын. ҰҚК бұрынғы төрағасының мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 18 жылға сотталған болатын. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.