Биыл шомылу маусымы аш­ыл­ғалы бері елімізде 87 адам суға кеткен. Ал Атырауда жаз бас­талғалы алты адам суға кетіп көз жұмды. Тасқынға байла­н­ысты Атырауда әлі күнге дейін шомылу маусымы ашылған жоқ. Бірақ аптап ыстықтан суға түсіп қана қорғанғысы келгендер мамандардың ескертуіне құлақ асар емес.
Терең батырады, абайлау керек...
480
оқылды

Атырау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, майор Бақыт Аблановтың айтуынша, тасқын қаупі сейілгенімен, судың қаупі сейілген жоқ. 

«Біз тұрғындардан шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз. Олар азаматтардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданды. Жыл басынан бері аймақта алты адам суға батып кетті, олардың бірі –  кәмелетке толмаған жас бала. Статистикаға сәйкес, судағы жазатайым оқиғалардың 95 пайызы мас күйінде шомылу, өз әлін білмеу, балалардың еркелігі салдарынан болады, – деді Бақыт Абланов.

Жазатайым суға кеткен жасөс­пірім –  Индер ауданы Көктоғай ауылының тумасы. Небары 13 жастағы жасөспірім қызық қуып, суға түсіп жүріп, көз жұмды. Марқұмның денесі араға үш күн салып табылды. Қайғылы оқиға 5 шілде күні орын алған. 

«Көктоғай ауылында Жайық өзенінің тереңдігі 16 метр, ені 200 метр ТЖД күштері мен жеке құрамның 10 құтқарушысы 2 арнайы техника мен 2 жүзу құралының көмегімен іздестіру басталғаннан бері үш тәулікке баланың денесі табылды», – деді майор Бақыт Абланов. 

Осыған ұқсас қайғылы оқиға 2 маусым күні Жылыой ауданының Құлсары қаласында да болған еді. 36 жастағы ер адам балық аулап отырып, суға кетіп қалды. Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінен білгеніміздей, ер адам достарымен балық аулау кезінде суға батып кеткен. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Марқұмның денесін 2 маусымда атыраулық құтқарушылар Құлсарыдан 20 шақырым қашықтықта Жем өзенінің жайылмасынан шығарды. 

Мамандар қайғылы оқиғалардың дені – қауіпті жерлерде суға түсу, суға түсу ережесін сақтамау және ішімдік ішіп, тыйым салынған жерлерде шомылу салдарынан болып жатқанын айтуда. 

«Облыста шомылу үшін қауіпті 70 орын бар, оның 17-сі – Атырау қаласында, 10-ы – Индер қаласында, 19-ы – Махамбетте, екеуі – Құрманғазыда, жетеуі – Жылыойда, 15-і – Қызылқоға аудандарында орналасқан. Мұнда 238 тыйым салу белгілері мен тоғыз ақпараттық стенд орнатылған. Арнайы рейдтер жүргізіліп, жағалауда жүрген, суға түсіп жатқан адамдарға ескертулер де беріп жүрміз. Бірақ азаматтар шомылу маусымының не себепті ашылмай отырғандығын, ашық су айдындарында тасқыннан кейін суға түсудің қаупі жоғары екенін сезіне бермейді», – дейді Б.Абланов.

Шыны керек, тасқын қаупі сейілгенімен, өзен бойында қауіп көп деп тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Себебі арнайы мамандар Жайықтың өзінен күніне 5-6 тонна қалдық шығарып отыр. Мәселен, Атырау арнайы автобаза қызметкерлері күннің ыстығына, буып тұрған масаға қарамастан, «Арнайы автобаза» қызметкерлері таң­мен таласа Жайықты қалдықтардан тазартуда.

Төтенше жағдай басталғалы Батыс өңірден Жайықты бойлап келген терек, қатты тұрмыстық қалдықтар өзен табанында өте көп. Арнайы автобаза қызметкерлері, ТЖД, Балық шаруашылығы мамандары бірігіп, қайықпен Жайық ортасындағы қалдықтарды жағаға тасымалдап жатыр. Жағаға жиналған томарларды кесіп, ықшамдап, манипулятор көлігінің көмегімен күніне 5-6 тонна қалдық шығарылады. 

Айта кету керек, қатты тұрмыстық заттарды жинайтын көлікпен күніне өзен 5 мәрте тазаланса да, тасқын сумен ағып келген қалдықтар әлі де азаяр емес.

Ашық өзендегі қауіпті былай қойғанда, биылғы жаз Атырау үшін қайғылы оқиғаларымен есте қалуда. Жақында ғана Атырауда облыстағы ең ірі әрі олимпиадалық стандарттарға сай жасақталған орталық «Мұнайшы» бассейнінде кішкентай қыз бала суға батып кетті. Қайғылы жағдай бассейнде шомылып жүрген адамдардың көз алдында болған. 

 Атырауды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға әлі күнге дейін қоғамның талқысына түсіп жатыр. Белгілі болғанындай, медициналық сараптама жүзу кезінде 10 жасар мектеп оқушысының өліміне жүректің тоқтауы себеп болғанын анықтады. 

«Мұнайшы» орталық жүзу бассейні су спорты клубы директорының орынбасары Ернұр Қойлиевтің айтуынша, сол қайғылы күні қыз бала спорт кешеніне туыстарымен бірге келген. Туыстарының арасында екі ересек адам және тағы бір кәмелетке толмаған бала болған. Оның айтуынша, бастапқыда жасөспірімдер балаларға арналған бассейнде жүзіп, біраз уақыттан кейін үлкендердің артынан ересектерге арналған бассейнге барған.

«Бассейнде құтқарушылар бар, бірақ ішкі бекітілген тәртіпке сәйкес, олар ересектермен бірге келген балаларды үнемі қадағаламайды. Марқұм болған кішкентай қыз бала ересек туысы душқа кеткен сәтте, бассейнде қалған. Жүзіп жүрген тақтаны абайсызда қолынан жіберіп алған. Дәл осы сәтте әпкесі екінші балаға алаңдап қалған. Кейін қыз баланы судан өзі алып шыққан. Қайғылы оқиға небары 10 секундтың ішінде орын болды. Қыз балаға шұғыл медициналық көмек көрсетуге тырыстық, бірақ жасанды жолмен тыныстандыру мүмкін болмады. Себебі баланың иегі қарысып қалған еді. Медициналық пунктте де медбике көмек көрсете алмады. Жедел жәрдем баланың көз жұмғанын анықтады», – деді «Мұнайшы» орталық жүзу бассейні су спорты клубы директорының орынбасары Ернұр Қойлиев. 

Спикердің айтуынша, сот-медициналық сараптама нәтижелері қыз баланың өкпесінен су таппаған. Баланың өліміне жүректің тоқтауы себеп болған.

 «Біздің спорт кешенімізде мұндай қайғылы оқиға алғаш рет болып отыр. Өте өкінішті жағдай. Біз қыз баланың отбасына барлық қажетті көмекті көрсетудеміз және тергеу процесіне де атсалысып отырмыз. Қазіргі уақытта бассейн уақытша жабық тұр», – деді Е. Қойлиев.

Қалай десек те, судан келетін қауіп кез келген жағдайда сақтық шараларына мән беру керектігін көрсетіп отыр. Айтпақшы, дырдай орталық бассейнде болған қайғылы жағдайға байланысты Атырау облысы Полиция департаменті қылмыс­тық іс қозғап жатыр. 

Жаз айлары Атырау үшін осындай адам өліміне әкеліп жатқан қайғылы оқиғалармен тізбектеліп жатыр.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА