Ішімдік ішпейтін елді мекендердің саны еліміз бойынша 100-ге жуық көрінеді. Ал Жамбыл облысында 12 ауылдық округ тұрғындары арақты ауызға алмайтын болған. Соның арқасында аталған елді мекендерде төрт жылдың бедерінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген екен.
Арақтан ада ауылдар
506
оқылды

Иә, «Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі, Не пайда, не залалды біле алмай жүр», – деп Абай жырға қосқандай, арақ ішу абырой әкелмейтінін әркімнің іші біліп отыр. Алайда бүтін бір ауылдың арақтан бас тартуына не түрткі болды? Сондай-ақ аталған елді мекендерде шын мәнінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген бе? Қылмыс атаулының болуына сонда шөлмек кінәлі ме?

Төрт жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдың бірі – Сарысу ау­данындағы Жаңаарық ауылдық округі. Округ Ақтоғай және Ұзақбай Сыздықбаев ауылдарынан құралған болса, елді ме­кенде бүгінде 1 700-ге жуық адам тұрады. Округте жалпы үш дүкен болса, онда ішімдік пен темекі сатылмайды. Тұрғын­­дардың айтуынша, жақында тағы бір дүкен ашылғалы жатыр екен. Ол кәсіпкер де ауыл тұрғындарының бастамасына қол­­­­дау білдіріп, алкоголь сатудан бас тартқан. 

– Өскелең ұрпақты азғырмау үшін ауыл болып арақтан бас тарту туралы шешім қабылдадық. Нәтижесінде, ауылда отбасылық жанжал азайып, қылмыс саны да бірінші жылы-ақ төмендей түсті. Қазір ауыр немесе орташа қылмыстар былай тұрсын, ұсақ-түйек бұзақылық та болмай­ды. Жанжалдың бәрі өзара мәмілесу арқылы шешілуде. 

Жасыратыны жоқ, бұзақылық та, қылмыс та арақтан бастау алады. Ішімдік жүрген жерде ұрыс-керіс, төбелес, тіпті адам өлімі болып жататын кездер көп. Біз, міне, осындай оқыс оқиғалардан ада болу үшін арақтан бойымызды аулақ ұс­тауға бел будық, – дейді ауыл ақсақалы Оңласын Мұқашов. 

Сарысу аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Қанат Нарбековтің айтуынша, ауылдардағы ахуал ең бірінші қарияларға байланысты екен.

– «Қартың болса – қазына» деген халықпыз. Ақсақалы бар ауыл азбайды. Жаңаарық ауылдық округіндегі дүкен­дерде арақ сатпау туралы бастаманы ең бірінші тұрғындардың өздері көтерді. Ауыл ақсақалдары үндеген үндеуге біз де қолдау білдіріп, жұртшылықтың жа­нынан табылдық. Соның арқасында төрт жыл­­дың ішінде аса ауыр бір қыл­мыс тіркелген жоқ. Бұрындары отба­сылық жанжалдар, ұрлық сияқты қыл­мыстар болып тұратын. Қазір оның бір­де-біреуі жоқ. Тіпті, ұсақ жанжал, ұрыс-керісті ауыл ақсақалдары бізге жет­кізбей өздері шешіп отыр. Ын­ты­мағы жарасқан ауыл деген – осы. 

Аудан көлемінде «ауылда арақ са­тылмаса, тұрғындар сырттан тасып ішетін шығар» деген сөздің айтылып жүргенін естіп жүрміз. Алайда қазір жастардың өздері бастап арақтан бас тарту туралы бастама көтеріп жатыр. Алдағы уақытта тағы бірнеше ауыл «арақ сатылмайтын ауылдар» қатарына қо­­сылады деп күтілуде. Міне, осы жағы қатты қуантуда. 

«Көш жүре түзеледі» дейді дана хал­қымыз. Бұйыртса, алдағы жылдары бү­­­­­кіл аудан тұрғындары арақтан бас тар­­та­ды деген ниеттемін, – дейді Қанат Ма­р­атұлы. 

 Иә, арақтан ада, темекіден таза ауылдың болмысы осы. Жаңаарық ауыл­дық округінің учаскелік инспекторы Са­ғынғали Саламатовтың өзі Ұзақбай Сыздықбаев ауылында тұрып жатқанына 5 жыл болған. Міне, осы маман «арақсыз ауыл» атану ұсынысын алғашқылардың бірі болып көтеріп, бүгінде елді мекендегі тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. 

– Тұрғындар өте тату, әрі белсенді. Маған барлық жағдайда көмектесуге тырысады. Мен олардың сенімін ақтап, өзімнің күш-жігерімді аямай жұмсауды міндетім деп санаймын. Әрине, ауыл болғаннан кейін әртүрлі жағдай болып тұрады. Алайда кішігірім тұрмыстық даулар болсын оны медиация арқылы шешуге тырысамыз. Ауылдардағы ахуал тұрақты болса да, мен үлкен жауапкер­шілікті сезінемін. Өйткені біздің қыз­метіміздің артында ауыл тұрғындарының өмірі мен қауіпсіздігі тұр. Сондықтан күн-түн демей қырағы қызмет етудеміз, – дейді учаскелік инспектор.

Тәртіп сақшысының ұстанымы мен ісі қандай мақтауға да лайық.

Арақтан бас тартқан ауылдың тағы бірі – Қордай ауданындағы Масаншы ауылдық округі. Мұнда бүгінде 20 мыңға жуық адам қоныс тепкен. Округ әкімі Хусейн Буларовтың айтуынша, ол ес білгелі ауылда арақ сатылмайды екен. 

– Масаншы ауылдық округінде арақ бұрыннан сатылмайтын. Алайда ресми түрде шешім шығарғанымызға 4 жыл болды. Жасыратыны жоқ, халық бол­ған­нан кейін арагідік ұрыс, ұсақ бұза­қылық болып тұрады. Алайда ауыр қыл­мыстар төрт жылдың ішінде тіркелген емес. Арақ­қа тыйым салынғалы бері от­ба­сылық жан­жал, ажырасу деген сияқты дүниелер де азайды. Бізге қарап қазір өзге ауылдар да бой түзеуде. Бір­қатары бүгінгі күнге арақ сатудан бас тар­тып отыр, – дейді округ әкімі. 

Округ әкімінің сөзі дәлелсіз емес. Бү­гінде Қордай ауданында Еңбек, Күн­батыс-1, Күнбатыс-2 және Сортөбе сын­ды ауылдарда арақ сатылмайды. Олардың қатары жыл өткен сайын тағы толыға түсуде. 

Жамбыл облысындағы 12 ауылдық округтің қайсысына хабарлассаң да арық сатуға тыйым болғалы қылмыс та тыйыл­ғанын айтуда. Бәлкім, шын мәнінде қылмыстың көбеюіне осы шөлмек кінәлі шығар. 

Жамбыл облысы,

Саятхан САТЫЛҒАН