Елімізде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялау кезеңі басталады. Ендеше, бұл бастаманың болашағы қандай? Табысты жаппай жариялау санатына кімдер жатады? Табысын жасырып қалғандар қалай жазаланады? Осы және басқа да сұрақтарды Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметовке қойған едік.
Кірісті бақылаудың тиімді тетігі
4,767
оқылды

– Сейілжан Әділханұлы, еліміз үшін игі бастамаға айналғалы отырған бұл қа­дамның болашағы қалай бағаланады? Халық пен бизнестің кірістерін міндетті декларациялаудың негізі мақсаттары қандай?

– Қазақстанда жалпыға бірдей дек­ларациялау әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, сыбайлас жемқорлықка қарсы күрес және көлеңкелі экономика деңгейін тө­мендету, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетігін құру мақ­сатында енгізіліп отыр. Жеке тұлғалардың кірісіне жан-жақты бақылауды қам­­та­масыз ету арқылы салық төлеуден жал­тарған адамдар анықталады. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайын, одан кейін 2023 жыл­дан бастап бюджеттік ұйымдар мен ква­зимемлекеттік сектор қызметкелерін мен олардың жұбайын кезең-кезеңімен жал­пыға бірдей декларациялау енгізілді. Биыл декларацияны бизнес өкілдері, яки заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлар тапсыруы тиіс. 2025 жылы жалпыға бірдей декларациялау еліміздің барлық тұрғынын қамтиды. Азаматтардың қалған бөлігі, мысалы, жеке құрылымның қыз­меткерлері, зейнеткерлер, үй шаруа­сын­дағы әйелдер, студенттер және т. б. кіру декларациясын тапсыруы керек.

– Азамат декларацияда нені көрсетуі керек? Декларация қалай беріледі және оны ұсынбағандарға не болады? Декла­рацияны толтыру қанша уақытты алады, оны толтыру бойынша ұсынымдар немесе нұсқаулықтар бар ма?

– Декларацияда шет мемлекетте тір­келген көлік құралдары, заңды тұл­ғадағы үлестері, жылжымайтын мүлік және шетелдік банктердегі ақша қаржаты ту­ралы мәліметтер көрсітеледі. Сондай-ақ, декларацияда (250.00 СЕН) Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жер­лердегі мүліктер көрсетілуі тиіс. Олар – бағалы қағаздар, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт бойынша тұрғын үйдегі үлес, инвистициялық алтын, зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқықтар, 10 000 еселенген АЕК шегінде қолма-қол ақша, нота­риалды куәланлырылған келісім болған жағадайда дебиторлық/кредиторлық берешек, қалауы бойынша және бағалау құны болған жағдайда құны 1 000 есе­ленген АЕК-тен асатын өзге де мүлік.

Декларацияны электронды түрде және қағаз жеткізгіште, яки ХҚКО, мем­лекеттік кірістер органдарына немесе пошта бөлімшелері арқылы беруге бо­лады. Халыққа ыңғайлы болу үшін дек­ларацияларды тапсыру бойынша элек­трондық қызметтер: Салық төлеу­­шінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), Web-портал (Moldir.qoldau.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және екінші деңгейлі банктердің «E-Salyq Azamat», Halyk, bcc.kz (Центркредитбанк), eGov mobile, Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы іске асырылады, бұл ретте мобильді қо­сымшаларға ЭЦҚ-сыз SMS код арқылы кіруге болады.

Мобильді қосымшалардың көмегімен декларацияны үйден шықпай-ақ оңай және жылдам тапсыруға болады. Жалпыға бірдей декларациялау туралы ақпаратты ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында «Жалпы декларация» бөлімінде білуге болады, оның ішінде онда дек­ларацияны толтыру бойынша қадамдық нұсқаулықтар, Қазақстан Республи­ка­сындағы активтеріңізді тексеру бойын­ша бейне нұсқаулықтар орналастырылған. Салық есептілігін мерзімінде ұсынбағаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауаптылық, ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 55 380 теңге (15 АЕК) кө­лемінде айыппұл көзделген.

– 2023 жылғы наурызда «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және бан­кроттығы туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Осы заңды жүзеге асырудың қандай негізгі аспектілерін атап өтер едіңіз? Бұл мәселеде өзекті статистика қандай, қанша қазақ­стандық банкроттық рәсімін пайдаланып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіре алды?

– Заң жеке тұлғалардың қарызымен байланысты мәселелерді шешу үшін 3 рәсім ұсынады: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. 

Соттан тыс банкроттық рәсімін мемлекеттік кірістер органдары қол­данады. Аталған рәсімнің мақсаттары үшін жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша «Qoldau» жаңа ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ақпараттық жүйе шеңберінде 24 мемлекеттік органдар мен ұйымдардың базалары арқылы өтініш берушінің кіріс өлшемшарттарына сәйкестігін автоматты тексеру жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда соттан тыс банкроттық рәсімінің нәтижелері бо­йынша 13 663 азамат 29,6 млрд теңге со­масына банкрот деп танылды. Оның ішінде АӘК алушылар – 1,5 млрд теңге сомасына 1 237 азамат, борышы 5 жылдан астам өтелмеген тұлғалар – 19,3 млрд теңге сомасына 6 707 азамат бар. 6 567 азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде.

Сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерін сот қолданады. Аталған рәсімдерді қолдануға қаржы ұйымдары алдындағы борыштары 1 600 АЕК-тен асатын не өзге тұлғалар, яки жеке тұлғалар, салықтық берешек және т.б. алдында орындалмаған міндеттемелері немесе мүлкі бар аза­маттар жүгіне алады. Сот арқылы бан­кроттық істер шамамен 13 млрд. теңге сомаға 21 азаматқа қатысты аяқталды, рәсім 200 борышкерге жүргізілуде. Төлем қабілеттілігін 4 азамат қалпына келтіруде.

– Заңда соттан тыс банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот арқылы банкроттық рәсімдері арқылы борышкердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі көзделген. Қай рәсім ең көп сұранысқа ие болды?

– Статистикаға сәйкес, ең көп сұ­ранысқа ие болған – соттан тыс бан­кроттық рәсімі. Заң қолданысқа ен­гізілген күннен бастап осы рәсімді қол­дану туралы 100 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Бұл рәсімнің «Мақсатты аудиториясына» байланысты. Рәсім банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы 1 600 АЕК-тен аз борыштар бойынша қолданылады. Біз білетіндей, аза­маттардың негізгі бөлігі аталған сег­менттегі міндеттемелерге ие. Тиісінше, бұл рәсімнің сұранысын туындырады.

– Сіздің ведомствоңыздың құзыреті шеңберінде халықтың шамадан тыс кре­диттелуін төмендету бойынша қандай негізгі шараларды атап өтер едіңіз?

– Біздің ведомство – азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық саласындағы уәкілетті орган. Банкроттық – бұл шамадан тыс кредиттелу мәселесін шешу тетіктерінің бірі ғана. Жалпы, аталған мәселені шешуге кешенді тәсіл қажет. Мемлекеттік кірістер органдары өз құзыреті шегінде Заңның іске асырылуын жүзеге асырады, азаматтардың банкроттық тетіктері ту­ралы хабардар болуын қамтамасыз етеді және банкроттық тетіктерін жетіл­діру жөнінде шаралар қабылдайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ